Үкімет басшысы азық-түлік бағасын реттеуді тапсырды

Үкімет басшысы азық-түлік бағасын реттеуді тапсырды Суреттер: Рrimeminister.kz

 Үкіметтің цифрлық кеңсесінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу (ӘМАТ) мәселелері бойынша кеңес өткізді. 


Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шакқалиев жыл басынан бері ӘМАТ 22,3%-ға, аптаның қорытындысы бойынша 0,2%-ға өскенін мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Рrimeminister.kz-ке сілтеме жасап.


Атап айтқанда, пияз бағасы 1,7%-ға, қырыққабат 0,9%-ға, күріш 0,8%-ға, сүзбе 0,7%-ға, жұмыртқа мен сүт 0,5%-ға қымбаттады. Жыл басынан бері ӘМАТ бағасының ең көп өсуі Ұлытау облысында (31,4%) және Астана қаласында (25%) байқалды. 



Оның айтуынша, қазіргі уақытта баға қалыптасуының бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларға қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы жүйеленіп, олардың құрамы күшейтілді. Ол «4-5 буындық» делдалдардың қызметіне байланысты бөлшек сауда өнімдерінің бағасы іс жүзінде 60%-ға өсетінін атап өтті. Осы орайда өңірлік комиссиялардың жұмысы көтерме жеткізілім, логистика және қойма тізбектерінің схемаларын талдауға, сондай-ақ ден қою шараларын қабылдауға бағытталған.


Бұдан басқа, рұқсат етілген сауда үстемесін (15%) бақылау бөлігінде «үйлердің жанындағы» дүкендермен жұмыс күшейтілді және нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету үшін республика аумағында тауарларды қадағалау жүйесі жетілдірілуде. 



Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елдің ішкі нарығын отандық өніммен қамтамасыз ету, көкөніс өндірісін форвардтық қаржыландыру, мемлекеттік қолдау алатын тауар өндірушілер тарапынан қарсы міндеттемелердің орындалуын бақылау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. 


ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов азық-түлік бағасының негізсіз өсуі фактілері бойынша қабылданған монополияға қарсы ден қою шаралары туралы айтып берді. Атап айтқанда, үстем жағдайды теріс пайдаланғаны және бәсекелестікке қарсы келісілген іс-қимылдары үшін бірқатар құс фабрикаларына қатысты бес тергеу тағайындалды, ӘМАТ нарығында қант, тауық еті мен сүт өнімдерін көтерме жеткізушілерге 90 хабарлама берілді, жұмыртқа, қант, сүт өнімдерін өндірушілерге және сауда орындарына қатысты 19 тергеу тағайындалды.  


Премьер-Министр бағаны ұстап тұрудың тиімділігін арттыру үшін негізгі мемлекеттік тетіктердің жұмысы қайта форматталғанын атап өтті. Атап айтқанда, «айналым схемасы» бойынша тәсілдер қайта қаралды: енді қаржыландыру негізінен сауда желілерін емес, өндірушілерді қолдауға бағытталады. Бұдан басқа, делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы қайта құрылып, күшейтілді, өндірушілердің құқықтарына нұқсан келтірмейтін шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларын бекіту жөніндегі қағидалар бизнеспен келісілді. 



«Өңірлерге бағасының ауытқуы аса ықтимал көкөніс және басқа да тауар түрлері бойынша келісімшарттар жасасу жөнінде тиісті тапсырма жолданды. Сонымен қатар кейбір өңірлердің жоспарланған шараларды орындамауына және формальды түрде қарауына байланысты бағаның өсуі байқалады», - деді Әлихан Смайылов.  



Премьер-Министр маусымаралық бағаны ұстап тұру үшін көкөніс бойынша жедел түрде келісімшарттар, сондай-ақ қалған өңірлерге – қант зауыттарымен шарттар жасасуды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. 



«Ішкі нарықты өз азық-түліктерімізбен толықтыру және оларды маусымаралық кезеңде сақтау үшін жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудің маңызы зор. Өңірлік комиссиялар тарапынан делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі уақтылы шаралар қажет. Біздің басты міндетіміз – азаматтарды қолжетімді бағада қажетті тауарлармен қамтамасыз ету», - деді ол. 




Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министр жаңа жыл қарсаңында жағдайды тұрақтандыру үшін бағаны ұстап тұрудың жаңа тәсілдерін толыққанды іске асыруды, сондай-ақ бір ай мерзімінде қосымша заманауи көкөніс қоймаларын салу мәселелерін пысықтауды тапсырды.



«Инфляцияның жоғары қарқыны экономиканың үдемелі дамуына мүмкіндік бермейді және азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Осыған байланысты келесі жылы оны 2 есеге төмендету бойынша жұмыс – ұлттық қауіпсіздік мәселесі болып отыр. Бұл жұмыста формалдылық болмауы тиіс», - деді Әлихан Смайылов. 



 Сондай-ақ, кеңесте Алматы облысында «G4 City» жобасын одан әрі іске асыру мәселелері қаралды. Премьер-Министр «G4 City» аумағында арнайы экономикалық аймақ құруды жеделдетуді, қаланың бас жоспарын бекіту және қала құрылысы құжаттарын әзірлеу жөнінде қажетті шаралар қабылдауды, сондай-ақ жобаны тұтастай іске асыру жөніндегі жол картасын өзектендіруді талап етті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:51

19:08

18:52

18:05

17:28

17:02

17:01

16:45

16:23

16:12

15:55

15:27

15:14

14:52

14:20

13:56

13:38

13:03

12:24

12:00

11:05

11:03

10:59

10:39

10:36