Алматы жастарына кәсіпкер Елдос Айбеков тайм-менеджмент құпияларымен бөлісті
Алматы қаласының Әуезов ауданындағы комьюнити-орталықта «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған ерекше семинар өтті. Іс-шараның басты тақырыбы – тайм-менеджмент, яғни уақытты тиімді басқару болды. Бұл туралы Aqshamnews.kz сайты хабарлайды.
Семинардың мақсаты – колледж студенттері мен жас мамандарға кәсіби өсудің негізгі құралы ретінде уақытты дұрыс пайдаланудың маңызын түсіндіру. Лекцияны танымал кәсіпкер, бірнеше бизнес саласында тәжірибесі бар Елдос Айбеков өткізді.
«Үш рет банкрот болдым – бірақ алға ұмтылудан жалықпадым»
Елдос Айбеков – тәжірибелі кәсіпкер, өмір жолында көптеген қиындықтарды бастан кешірген. Ол жас тыңдармандарға шынайы мысал келтіріп, мотивация берді:
«Мен үш рет банкрот болдым. Ең үлкен қарызым – 700 мың АҚШ доллары. Бірақ ешқашан тоқтаған емеспін. Сәтсіздіктер – бұл сабақ. Ең бастысы – нақты жоспарлау, ал оның негізінде тайм-менеджмент тұрады», – деді спикер.
Кәсіпкер жастарға нақты кеңестер беріп, олардың басты қателіктерінің бірі – істердің ретін дұрыс анықтай алмауы екенін атап өтті.
Жаңа кітап – жас кәсіпкерлерге арналған құрал
Айта кетерлігі, Елдос Айбеков «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Бизнес пен кәсіпкерліктің негіздері» атты оқу-әдістемелік құралын жарыққа шығарды. Бұл еңбек шағын және орта бизнестің (ШОБ) атласы негізінде дайындалған.
«Колледж түлектері жиі бизнеске бет бұрады. Сол себепті бұл кітап олар үшін өте өзекті. Оның ішінде интерактивті ойындар, презентациялар мен бейнесабақтар бар, бұл ұстаздарға да көмектеседі», – дейді автор.
Жастардың пікірінше – мотивация мен тәртіп маңызды
Семинарға қатысқан студенттер коучтың дәрісінен үлкен әсер алғандарын айтты. Мәселен, студент Ералы Бахберген:
«Эйзенхауэр матрицасы өте ұнады. Ол маңызды және шұғыл істерді бөлуге көмектеседі. Мен өз уақытымды ұтымды пайдалануға тырысамын. Генри Фордтың “Уақыт босқа кетуді ұнатпайды” деген сөзімен келісемін», – деді.
Әуезов ауданы жастары үшін – жыл бойы пайдалы іс-шаралар
Комьюнити-орталық жетекшісі, UAQYT қоғамдық қорының төрағасы Бауыржан Махамбет семинардың жастар тәрбиесіндегі маңызына тоқталды:
«Көп жастар уақытын смартфонға жұмсап, тек көңіл көтерумен шектеліп жатады. Ал шын мәнінде бұл уақытты өз дамуына арнауға болады. Біз осы жылы Әуезов ауданындағы 14 пен 35 жас аралығындағы 32 мыңға жуық жас үшін көптеген іс-шара ұйымдастырамыз», – деді ол.
Жұмысшы мамандықтар жылы – тек мамандық таңдаудың емес, сонымен қатар өзін-өзі дамытудың, еңбекке деген құрмет пен тәртіпке негізделген көзқарастың қалыптасу кезеңі. Елдос Айбековтің тәжірибесі мен кеңестері алматылық жастарға бағыт-бағдар беріп, уақытты тиімді басқарудың нақты жолдарын ұсынды.