Жасанды интеллект бүгінде технология саласының ғана емес, тұтас қоғамның, ғылым мен білімнің болашағын айқындайтын ең өзекті мәселелердің біріне айналды.
Оның адам өміріне дендеп енуі жаңа мүмкіндіктермен қатар, түрлі қауіп пен алаңдаушылықты да күшейтіп отыр. Әсіресе білім беру жүйесіне жасанды интеллектінің ықпалы қандай болады деген сауал қызу талқылануда.
Бұл орайда, білім саласына ЖИ-дің келуі тек қауіп ретінде қарастырылмайды. Керісінше, оның дәстүрлі оқыту жүйесін қайта қарауға, педагогтің рөлін жаңаша түсінуге және білім беру тәсілдерін заман талабына бейімдеуге түрткі болатын қуатты фактор екені даусыз. Мамандар пікірінше, жасанды интеллектіден қашқақтағаннан гөрі, оның мүмкіндіктерін адам мен қоғам игілігіне бағыттау әлдеқайда маңызды.
Жасанды интеллектінің қазіргі білім беру жүйесіндегі орны туралы мәселе – жай ғана технологиялық жаңалық емес, қоғамның болашақта қандай болатынын айқындайтын жағдай. Мамандар жасанды интеллект дәуірінің қаупін ғана сөз етумен шектелмей, оның білім беру жүйесін жаңғырту тұрғсысында,ы мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынады.
Ең алдымен, жасанды интеллектінің табиғатын дұрыс түсіну қажет. Сарапшылар «интеллект» ұғымын адамның ойлау қабілетімен, ал компьютерлік бағдарламалардың жоғары жылдамдықта ақпарат өңдеу мүмкіндігін технологиялық қуатпен байланыстырады. Бұл – өте маңызды айырмашылық. Жасанды интеллектіні адам санасының толыққанды баламасы деп қабылдау дұрыс емес. Ол – адамның ойлау мүмкіндігін күшейтетін құрал. Демек, мәселе «ЖИ адамды алмастыра ма?» дегеннен гөрі, «Адам ЖИ-ді қалай оңтайлы пайдаланады?» деген сұраққа қарай ойысуы тиіс.
Бұл ретте америкалық кәсіпкер Илон Масктің жасанды интеллектінің дамуын ақылға қонымды түрде бақылау қажеттігі жөніндегі ұстанымы назар аударуға тұрарлық. ЖИ саласындағы жаһандық бәсекеде қай елдің қандай позицияда тұрғаны да маңызды.
Технологиялық жарыстың ауқымын инвестиция көлемінен де аңғаруға болады. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдері жасанды интеллект саласына жүздеген миллиард доллар қаржы жұмсап отырғаны бұл бағыттың стратегиялық маңызын көрсетеді. Сондықтан жасанды интеллектіден қорқып, оған жаппай тыйым салу мәселені шешудің жолы емес. Керісінше, өзіміздің интеллектуалдық жүйелерімізді қалыптастырып, оларды ұлттық мүдде мен қоғам құндылықтарына сай дамыту қажет.
Демек, бүгінгі таңда мәселені ЖИ-ге тыйым салу немесе салмау деген екіұдай таңдау шеңберінде қарастыруға болмайды. Негізгі міндет – технологиялық өзгерістерден сырт қалмай, сол үдеріске саналы түрде араласу.
Педагог рөлі өзгере ме?
Жасанды интеллектінің білім саласына енуі мұғалімнің қоғамдағы рөліне де елеулі өзгеріс әкелетіні анық. Бұған дейін педагогтің басты міндеттерінің бірі – оқушыға білім мен ақпарат беру болса, енді сол ақпаратты бірнеше секунд ішінде ЖИ арқылы алуға мүмкіндік туды.
Бұл жағдайда мұғалімнің рөлі ақпарат жеткізуші деңгейінде қалып қоймауы қажет. Керісінше, ұстаз оқушыны ойлауға, күмән келтіруге, сұрақ қоюға, дәлелдеуге және өз пікірін қалыптастыруға үйрететін тәлімгерге айналуы керек. Яғни бізге жаңа заманның жаңа мұғалімі қажет. Мұндай ұстаз дайын жауапты ұсынумен шектелмейді, оқушыны өздігінен ізденіп, дұрыс шешім табуға, ақпараттың дұрыстығын тексеруге, түрлі пікірді салыстыруға, дәлел мен болжамның ара-жігін ажыратуға үйретеді. Бұл жасанды интеллект дәуірінде педагогтың маңызын төмендетпейді, керісінше арттыра түседі.
Бұрын мұғалімнің білімі мен ақпаратты қаншалықты меңгергені маңызды болса, енді оның сол білімді оқушыға талдатып, дұрыс қолдана білуге үйрете алуы әлдеқайда маңызды болмақ. ЖИ дайын жауап ұсынуы мүмкін, ал адамның міндеті – сол жауаптың қаншалықты дұрыс екенін бағалау, оның астарындағы мәселені түсіну және жаңа ой қалыптастыру.
Жалпы, мектептің мақсаты – көп нәрседен хабардар тұлға тәрбиелеу ме әлде жаңа нәрсе ойлап табатын, ізденетін, өзіне жауапкершілік ала алатын шығармашыл тұлға қалыптастыру ма? Негізгі мәселе – осы.
Жасанды интеллект, емтихан жүйесі немесе қашықтан оқыту туралы пікірталастардың түпкі мәні техникалық мәселелерде ғана емес. Бар мәселе – біз болашақ ұрпақты қандай құндылықтармен тәрбиелегіміз келетінінде. Егер білім беру жүйесі тек дайын ақпаратты қабылдайтын тұтынушыны емес, жаңа идея ұсына алатын, мәселені өз бетінше шешетін, ізденетін және жасампаз тұлғаны қалыптастыруды мақсат етсе, онда жасанды интеллект қауіпке емес, мүмкіндікке айналады.
ЖИ-дің өзі де адамның алдына осы сұрақты қойып отыр: біз технологияны өзімізге қызмет ететін құрал ретінде пайдаланамыз ба әлде біртіндеп өзіміз сол технологияның дайын шешімдеріне тәуелді болып қаламыз ба? Сондықтан білім берудің негізгі міндеті – баланы тек технологияны пайдалануға үйрету емес, технологияны саналы түрде қолдана алатын тұлға қалыптастыру.
Жасанды интеллект білім беру жүйесін өзгертіп жатқаны анық. Бірақ оның келуі мұғалімді қажетсіз етеді немесе мектеп пен университеттің дәстүрлі маңызын жояды деген қорытынды жасауға асықпау керек. Керісінше, технология адамның рөлін қайта анықтап жатыр. Бұрын ұстаздың міндеті ақпарат беру болса, енді оның басты миссиясы – сол ақпаратты дұрыс қабылдап, талдап, алған білімін жаңа ой мен тың идеяға айналдыра білуге үйрету. Сондықтан мәселені ЖИ-ді шектеу немесе еркін қолдануға мүмкіндік беру деңгейінде қарастыру жеткіліксіз. Ең маңыздысы – оны адам игілігіне қызмет ететін құралға айналдыру.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ