Биыл фестиваль 7-ші рет ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
25-27 қыркүйек күндері Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде VII Халықаралық «Voice of Turan - 2026» қазақ әндері фестивалі өтеді. Қазақ әндері фестивалі - қазақ музыкасын және қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын халықаралық деңгейде насихаттайтын, Түркістанның тарихи-мәдени келбетін әлемге танытатын ірі мәдени жоба. Биыл фестиваль 7-ші рет ұйымдастырылмақ. Бұны Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ОКҚ брифингінде айтты.
«Шараға 20 елдің өнерпаздары қатысады. Қатысушылар Франция, Испания, Италия, Сан-Марино, Тунис, Венесуэла, Индонезия, Ватикан, Беларусь, Болгария, Тыва, Грузия, Армения, Мексика, Марокко, Куба, Гвинея, Қарачай Республикасы, Башқұртстан және Бразилиядан келмек», - деді спикер.
Фестивальдің басты ерекшелігі - шетелдік орындаушылардың қазақ әндерін шырқауы. Жоба қазақ музыкасы мен қазақстандық авторлардың шығармаларын халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған.
Фестиваль аясында 25 қыркүйек күні Түркі тілдес елдердің танымал өнерпаздарының қатысуымен «Zhibek zholy әуендері» ауқымды гала-концерті өтеді. Ал, 26 қыркүйекте ерекше кезеңдердің бірі - «Жұлдызды жұп» бағдарламасы көрермен назарына ұсынылады. Бұл күні фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, шетелдік қатысушылар Қазақстанның танымал өнер шеберлерімен бірге қазақ әндері мен заманауи хиттерді орындайды. 27 қыркүйек күні фестивальдің «Қазақ әні» кезеңі бастау алады. Қатысушылар қазақтың халық әндерін, қазақ композиторлар шығармаларын орындайды.