«Той –  тәрбие мектебі» болып отыр ма?

«Той –  тәрбие мектебі» болып отыр ма? Элеонора Якия

«Той десе қу бас домалайды» деген қазақтың тойға деген көңілі мен ниеті ерекше, «жинағаның тойға шашылсын» деуі де халқымыздың қуаныштан ештеңесін аямайтынына дәлел. Әрине, «қуанышты бөліссең, көбейеді», күйбең тірліктен бір сәт бас көтеріп, жақыныңның тойына атсалысып, көңіл көтергеннің несі айып дерсіз, бірақ соңғы жылдары «той той болмай, бала-шаға жеп кетті» болып жүргені көпті қынжылтады. Бала-шаға дегенге үлкендермен еріп барып, аяққа оралғы болатын кішкентайлар деп қалдыңыз ба, ол өзінше бөлек әңгіме. Бүгінгі сөз – тойдың қалай өтуіне тікелей жауапты – асабаға арналады, нақтырақ айтқанда той басқарған кей «баланың» мәдениеті мен сөз саптауы, тәлімі мен тәрбиесі сын көтермейтіні туралы.

«Асабалық – атан түйеге жүк болар жауапкершілігі бар кәсіп» деген Алмат Болатұлы өкінішке қарай, әріптестерінің тойға дайындықсыз баратынын, ізденбейтінін айтты. Оның айтуынша, көпшілікті даңғаза шумен, арзан күлкімен, қызықсыз, тұрпайы ойындармен ұстап отыру ұят, өзгенің уақытын ұрлаумен тең обал. Ақшаға жалдансаң да, тегін басқарсаң да біреудің қуанышын ойындағыдай етіп өткізуге білімің де, айтар сөзің де, дайындаған ойының да лайықты болсын, олай болмаса, асабалардың атына кір келтірмей тыныш жүрген абзал», деген пікір білдірді.

Ал абайтанушы Омар Жәлел қазіргі тойларда қонақтарды өзіне қарату үшін автократиялық, тоталитарлық әдіс қолданылатынын айтады.

«20-ғасырда палаткада өткен тойлар әлдеқайда мағыналы болатын. Өйткені қонақтардың тойдан қарны ғана емес, көңілі де тойып қайтатын, халықтың тойы еді. Кәдімгідей ол тойға дайындалатын, бірақ ешқандай әнші шақырылмайтын, арнайы асаба да болмайтын, сол ауылдың жігіті басқара береді, халық керемет демалып қайтатын, ән айтып, ішіндегі шерін шығаратын, көңілін емдейтін. Тойдағы музыканы қатты қоятыны соншалық, қасыңдағы адаммен де сөйлесе алмайсың. Бұл әдейі істелінеді. Жаппай психозға шалдықтыруды көздейді. Сен сол жердегі ахуалдан шықпауың керек. Адамдарға сөйлесуге мұрша берілмейді. Барлығы той басқарушының аузына қарап отыру керек. Соның ыңғайымен жүріп-тұрып, ығына жығылу керек. Бұл тойдағы автократиялық, тоталитарлық әдіс қой», деді Омар Жәлел.

Тойдағы оспадар ойын, тұрпайы қалжыңның неше түрін әлеуметтік желіден байқап қаламыз. Бұл асабаның әлсіздігіне қоса тойшыл қауымның да талғамының төмендегінен хабар беретін жай. Қуаныш екен деп екіленіп билегенді де, абыройының айрандай төгілгеніне қарамай құлағанша ойынмен әуре болғандарды да желнің бетін жалпақ жұртқа жария етіп келеді.

Той-томалақтың аз кезінде мұндай өрескел әрекеттер байқала қоймайтын. Қазір тойдың түрі көбейген тұста небір масқараға куә болып келеміз. Бұрын үйлену тойы, мерейтой сияқты елеулі қуанышты ғана той ретінде атап өтетін болса, қазір баланың бесікке салуынан бастап мейрамханада жасалатын жиынның қарасы көбейді.

«Шаншар» әзіл-сықақ театрының актері Жүсіп Ақшораның мына бір пікірі көңілге қонды. Актер 200-250 адамның басын қосып, сүндет той, бесік той жасайтын ата-ананың көбейгенін айтады. Әзілкештің пікірінше, үйлену тойы мен ұзату тойды ғана жасаған орынды екен.

«Тойды тоқтату керек. Жартысынан көбін алып тастау керек. Үйлену тойы мен ұзату тойы қалсын. Бұрында сүндет той деген болмаған еді ғой. Мал сойып, құран оқытып, ақсақалдардың батасын алса болды. Бесік тойдың не керегі бар? Кезінде бес кемпір келіп, бесікке салып, кәмпитін шашып кететін», дейді актер.

Өнер иесі тойға шақырылған қонақтың барлығы қуанышты бөлісу үшін шын ниетімен келмейтінін де сөз етті.

«Қазір 200-250 адам шақырасың. Алыстағы ағайындарыңды шақырасың. Олардың барлығы шын ниетімен қуанып келе жатыр дейсің бе? «Бәле болды ғой осы. Өткенде ғана той жасап еді» деп келеді. Жолда да неше түрлі жағдай болады, қайтыс болғандар да бар. Юбилей деген де бар. Біреудің туған күнінің кімге не керегі бар? Тусаң өзің үшін тудың», дейді актер.

Тойдағы ерсі әдеттің бірі және көпшілкті ұятқа қалдырып жатқаны – той залына ат жетектеп кіргізу. Далада емін-еркін жайылып жүретін жануардың айнадай жарқыраған тойханадан, топырлаған адамнан үркіп қашқаны тойшыл қауымның әрекетіне тосқауыл бола алмай тұр.

Этнограф Марат Тоқашбаев мұндай жағдайды бір сөзбен «понт» деп сипаттады. Өздерін ерекше етіп көрсеткісі келетіндер осылай асыра сілтейтінін айтып, сынады.

«Бір кездері тіпті жас жұбайларды той өткелі жатқан дүйім жұрттың ортасына, мейрамхана ішіне дейін машинамен әкелген кездерді де көрдік. Атқа мінгізіп әкелген осындай жағдайларды да көрдік. Бірақ, бұл - тым асыра сілтеу. Сүндеттелген баланы атқа мінгізіп, аттың жалына, жан-жағына қоржын байлап, көрші-көлемді, үйді-үйді аралату әдеті бұрын да болған, бірақ мұндай көріністі ауылды жерде жасаса жарасады. Бірақ, бұлай мейрамхана ішіне атпен кіру – дарақылық», деді ол.

Сонымен қатар Марат Тоқашбаев «тойды бір тәртіпке түсіру, регламенттеу де маңызды» деген пікір білдірді.

«Той –  тәрбие құралы, сондықтан тәртіп мәселесінде алдымен, асабалардан бастау керек. Өз басым асабаларды кәсіби дайындықтан өткізу керек деп санаймын. Ол үшін Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының жанынан кәсіби асабалар дайындайтын факультет ашу керек. Асабаларға маман ретінде қарау қажет. Оларға сахнада жүріп-тұрудан бастап, сөйлеу, дикция, тыныс алу дегеннің бәрін үйрету керек. Елдің алдында қандай әңгіме айтылу керектігіне дейін үйретілсе. Себебі асабалар елді күлдіремін деп тым артық кететін кездері де жоқ емес», деді этнограф.

Жақында депутаттар тойдағы арсыз ойындар мен әзілдерге заңмен тыйым салмақ деген ақпарат тарады. Енді еліміздегі әрбір той бақылауға алынуы мүмкін. Яғни, асабалар адам ұялатын ойындар ойнатып, орынсыз әзіл айтқаны үшін айыппұл арқалауы ғажап емес. Мәжіліс депутаттары тойда ұлттың абыройы мен қадірін түсіретін көріністерге заңмен тыйым салуды көздеп отыр, - делінді осы ақпаратта.

«Заңнамалық тұрғыда бұған бір тыйым нормалары болуы керек деп есептеймін. Сосын мына Ақпарат және мәдениет министрлігінде осының барлығына анализ жасап отыратын мүмкіндік болуы керек. Неше түрлі көріністердің барлығын анализ жасап, оларға жаза қолданудың өзі әділетті болады деп ойлаймын. Айыппұл салына ма осы секілді жазаның түрлері болуы керек», - деді Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

11:41

11:30

11:25

11:23

11:10

10:40

10:39

10:33

10:22

10:12

10:06

09:58

09:32

09:20

09:10

08:31

20:05

19:08

18:00

17:55

17:52

17:50

17:45

17:35

17:20