ТІРШІЛІК НӘРІНІҢ САҚШЫЛАРЫ

ТІРШІЛІК НӘРІНІҢ САҚШЫЛАРЫ almaty-akshamy.kz

Әйел адам – отбасының берекесі ғана емес, ел игілігіне еңбек еткен қайраткер де бола алады. Айналамызда көптеген нәзікжандылар өмірдің түрлі салаларында жетістікке жетіп, ауыр жұмыстарды да ер-азаматтармен қатар атқарып келеді. Осындай жандардың қатарында апалы-сіңлілі Зәуре мен Гүлнар Жалғасбаеваларды да атар едік. Олар Алматы қаласын сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін күрделі салада еңбек етіп келе жатыр. 
Қала тұрғындары үшін су – күнделікті қажеттілік. Бірақ оның үздіксіз әрі сапалы жеткізілуінің артында үлкен еңбек жатыр. Бұл міндетті орындау – аса үлкен жауапкершілікті, қырағылық пен біліктілікті қажет етеді. Осы салада жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан Зәуре пен Гүлнар – өз ісінің нағыз мамандарына айналған.


Су сапасын бақылаймыз

Зәуре Жалғасбаева – «Алматы Cу» МКК-нің «Батыс» сумен жабдықтау және су бұру бөлімінде оператор қызметін атқарады. Бұл саладағы еңбек өтілі 10 жылдан асады. Оның негізгі міндеті – үш миллионға жуық тұрғыны бар мегаполисті таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін судың құрамындағы гипохлорид мөлшерін тұрақты деңгейде ұстап отыру. 
– Біз үш тәулік сайын ауысыммен жұмыс істейміз. Таңертең келгенде алдымен территорияны тексеріп, кезекшіліктегі әріптестерімізден жұмысты қабылдап аламыз. Судың сапасын мұқият бақылап, гипохлорид деңгейін тексереміз. Қала тұрғындарының денсаулығы мен өмір сапасы біздің жұмысымызға тікелей байланысты болғандықтан, бұл іске өте жауапкершілікпен қараймыз, – дейді Зәуре апай.
Ол саладағы білікті мамандардың бірі, Омск қаласындағы ауыл шаруашылық институтын бітіріп, кейін Алматыға қоныс аударған. Жұбайы Халмудин Сүлейов те «Алматы Cу» мекемесінде слесарь болып жұмыс істейді.
– Жұмысымыз жеңіл емес. Түнгі ауысымда да қызмет етеміз, барлық жүйені үнемі бақылап отыру қажет. Насостар істен шықпауын, жарық өшпеуін қадағалаймыз. Кез келген ақау туындаса, бірден диспетчерге және басшылыққа хабарлаймыз, – дейді ол.
Зәуреш апайдың өмірдегі ең үлкен арманы – балалары мен немерелерінің амандығы.
– Әйел бақыты – отбасының берекесі мен ұрпағының амандығында. Жұмыстан тыс уақытта балаларым мен немерелерімнің қасында болған сәттер – мен үшін ең бақытты кездер. Сонымен қатар, Алматы халқын сапалы ауызсумен қамтуға өз үлесімізді қосып жүрсек, бұл да үлкен мақтаныш, – дейді ол.

Әпкем – өмірлік тірегім

Зәурештің сіңлісі Гүлнар болса осы салада 5 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қазір «Алматы Су» мекемесінде су қондырғысының машинисі болып жұмыс істейді. Жауапты міндеті – қаладағы насос жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету.
– Жұмыс алдындағы міндет – аумақтың тазалығын тексеру. Одан кейін насостар мен басқа да қондырғылардың жұмысын қарап, олардың қалыпты жағдайда екенін анықтаймыз. Біздегі «Центрабежный» қондырғысында төрт насос бар. Оның екеуі «Запад» учаскесіне, ал қалған екеуі Наурызбай ауданын сумен қамтуға бағытталған, – дейді Гүлнар өз жұмысын таныстырғанда. 
Гүлнардың жұбайы Оңталап Тоқмырзаев – Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тумасы. Қазіргі уақытта ол Балқаш ауданында жұмыс істейді.
– Ұлым Ақниет Ж.Елебеков атындағы музыка колледжінде 2-курста оқиды. Әрқашан соның тілеуін, елімнің, жұртымның тілеуін тілеумен отырам – дейді Гүлнар.
Гүлнар үшін апасы Зәуреш – өмірлік тірек. Бір ұжымда еңбек еткендіктен, бір-біріне әрдайым қолдау көрсетіп, жұмыс барысын да, өмірдегі мәселелерді де бірге бөлісіп отырады.
Су – тіршілік көзі, ал оны жеткізу – жауапты іс. Апалы-сіңлілі Зәуре пен Гүлнар өз жұмыстарына адал, кәсіби мамандар. Олардың арқасында Алматы қаласының тұрғындары таза әрі сапалы ауызсу тұтына алады.
Су саласы – үлкен жауапкершілікті талап ететін күрделі сала. Бірақ бұл жұмысты нәзік жүректі, мейірімді жандар да ерлермен тең дәрежеде атқарып келеді. Қыздардың қажырлы еңбегі – соның жарқын дәлелі.
Қала халқын таза ауызсумен қамтамасыз ету жолында аянбай тер төгіп жүрген Зәуре пен Гүлнардай жандарға алғысымыз шексіз. 8 наурыз мерекесі қарсаңында Сіздерге әр күніңіз көктемдей жылы, гүлдей әсем, күндей жарқын болсын деп тілек айтамыз. 

•    Керек дерек
•    «Алматы Су» МКК-інің инженерия, қаржы, сумен жабдықтау және сапаны бақылау бөлімдерінде барлығы 1260 әйел жұмыс істейді. 
•    2024 жылғы деректерге сүйенсек, Қазақстанның су саласында 1700-ден астам әйел жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнында 1579 нәзікжанды арулар қызмет атқарады. 
•    Су ресурстары және ирригация министрлігінде 75 әйел бар. Министрлік жанындағы Су шаруашылығы және бассейндік инспекциялар комитетінде 99 әйел жұмыс істейді.

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
16
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:22

16:15

15:54

15:11

14:41

14:22

13:53

13:09

12:44

12:02

11:06

10:40

10:05

17:15

15:05

15:05

14:41

14:14

13:43

13:13

12:52

12:12

11:34

11:06

10:45