Тілендиев көшесі, 2Г мекенжайында осы заманғы урбанистиканың қағидасын ескере отырып, тұрғындардың бастамасымен жасалған «жаңа буын аулалары» жобасы іске асырыла бастады. Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшиннің айтуынша, бұл аула абаттандырылған аумақ қана емес, барлық жастағы адамдарға ыңғайлы, қауіпсіз болып, толыққанды қоғамдық кеңістікке айналмақ. Арман Шамшин Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында Тілендиев көшесіндегі ауладағы жұмыс барысын таныстырды.
2023 жылы аудан тұрғыны Елена Пушкова аудан әкімдігіне хабарласып, ауланы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына кіргізуді ұсынған. Осы кісінің арқасында аула адам танымастай болып өзгеріп отыр. 2015 жылы бір рет жөнделгенімен, ол жолы аздаған өзгеріспен шектеліп, елеулі нәтиже берген жоқ. Енді бұл жолғы жобаны жан-жақты ойластырып жасапты.
«Біздің тұрғындар өте белсенді, ұйымшыл. Барлығымыз бұл идеяны қолдап, балаларымыз әдемі аулада ойнаса екен дедік. Бұрын мұнда бос жатқан үлкен алаң болған. Ол арам шөпке толып, қоқыс жиналып, лас болатын. Балалар алаңы да тарлық ететін. Сондықтан біз өзгеріс керек деп шештік те, өзгеріс жасағымыз келді. Қайда жүгінерімізді білмей, содан «Халық қатысатын бюджет» жобасын таптық ақыры. Соған қатысып, тұрғындар дауыс беріп, жобамыз жеңіске жетті. Қазір бәрі жақсы, бәрі әдемі болып келе жатыр», – дейді жобаның авторы Елена Пушкова.
Алдымен аумақ толық тазартылып, ескі-құсқы мен тозған дүниелер алынып тасталып, аула толығымен асфальтталып, инженерлік желілер жүргізілген. Архитектуралық-жоспарлау тұжырымдамасына тұрғындардың өзі араласып, онда ауланың логистикасы, жақын маңдағы абаттандырылған аймақтар, жер бедері мен түрлі жастағы адамдардың қажеттілігі де ескерілген.
«Бұрын бізде бар болғаны екі турник пен бос жатқан үлкен жер бар еді. Ауланың жағдайы өте нашар болатын. Біз өтініш беріп, қазір тамаша аула жасалып жатыр: балаларға арналған алаң, орындықтар, ата-аналар мен аналарға арналған әткеншек, жасөспірімдерге арналған воркаут алаңы салынды. Аула мүлде жаңа бейнеге еніп келеді. Бұл жерде тұрып жатқаныма 30 жыл болды, бұндай өзгеріс болады деп ойламаппын да. Осындай бағдарламаларды өзіміз таңдап, ауламыздың қандай боларын өзіміз шешетініміз өте керемет!», – деді Елена Пушкова.
Соның арқасында осындай көпфункциялы жоба дүниеге келді. Ересектерге арнап демалыс аймағы - 12 метрлік ағаш пергола орнатылады, мұнда көлеңкеде демалып, оңашалануға болады. Балалар алаңы қауіпсіз жабынмен жабдықталып, ойын элементтерімен қамтамасыз етіледі, онда көрші жеке сектордағы балалар да ойнай алады. Аумағы автоматты суару жүйесі арқылы көгалдандырылып, ағаш пен бұталарды үйлестіріп еккендіктен жағымды микроклимат қалыптаспақ. «Қауіпсіз аула» тұжырымдамасы аясында жарық беріліп, камералар да орнатылады.
«Аумақ үлкен – 50 сотық. Бірақ бұрын тек шағын бөлігі ғана пайдаланылатын. Ескі гараждар болды, көлік те көп еді, арам шөп басып жататын. Енді бізде 30 көлікке арналған арнайы автотұрақ болады. Белсенді аймақ, воркаут аймағын салып, қалқа орнатамыз, тұрғындар спортпен айналысуы үшін. Оңаша отырып, сөйлескісі келетін тұрғындарға арналған арнаулы орындар да болады. 5 шағын архитектуралық формадан тұратын балалар алаңы болады. Барлық жерде автосуару жүйесі болады, 150 бұта егіледі, көгалдандырамыз. Бір ай, бір жарым ай ішінде бұл жер әлі өте әдемі болып кетеді», - деп толықтырды Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин.
Бұл жоба тұрғындардың өз ортасын өзгертуге бағытталған талпынысынан туып отыр. «Азаматтың ауласы» - бұл тұрғындардың арыз-өтінішін ескеріп барып қолға алған жайлы да қауіпсіз орта.