Алматы кітапханасында Ілия Жақановтың сазды әндері шырқалды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақ өнерінде әннің жанына сөз бітіріп, сөздің жүрегіне саз ұялата білген тұлғалар көп емес. Сондай сирек таланттардың бірі – Ілия Жақанов. Оның шығармалары нәзік иірімге, сағыныш пен сұлулыққа, махаббатқа толы. Қаламгердің әр туындысынан қазақ даласының үні, халықтың жүрек лүпілі сезіледі.
Бүгінде 90 жасқа толған көрнекті қаламгер, сазгер, музыкатанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақановтың «Еділ мен Жайық», «Жайлаукөл кештері», «Құсни-Қорлан», «Даниярдың әні» секілді әндері халық жадында, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді.
Қазақ музыкасы мен әдебиетінің алтын арнасын тоғыстырған, ән мен сөздің құдіретін жүрекке жеткізе білген тұлғаның 90 жылдық мерейлі жасы елдік деңгейде аталып өтуде. Алматыдағы А.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада да әдеби-сазды кеш ұйымдастырылып, оған дәстүрлі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова қатысты. Ол – Ілия Жақанов әндерінің алғашқы орындаушысы. Бүгінде 40-тан астам әнін шырқап жүр.
«Ілия Жақановтың барлық әнін кәсіби мамандар жоғары бағалайды. Өйткені ол – өнердің шын өкілі. Көңілге әуен ұялатып, жүрекке сағыныш сыйлайтын «Асылым», «Әселім», «Арқа аруы», «Кеңгірдің қоңыр кештері», «Оралдың ерке самалы», «Доссор вальсі», «Ойыл толқыны», «Толағай», «Нені ойладың?», «Түнгі сыр» секілді туындылары – уақыттан озатын рухани мұра. Сондықтан да құнды, өміршең», – дейді өнер жұлдызы Сәуле Жанпейісова.
«Қазақ руханиятының сырлы сазгері» атты әдеби-танымдық кешке Алматы сервис және технологиялар колледжі мен профессор Рузуддиновтың Жоғары медициналық стоматологиялық колледжінің студенттері қатысты. Сәуле Жанпейісова жастарға Ілия Жақановтің өнегелі өмір, өнер жолынан, рухани мұрасы жайында тағылымды әңгімелер айтып берді. Сондай-ақ мерейтой иесінің «Ағады Жайық, ағады...», «Алматы кешінде», «Жайлаукөл кештері» әндерін шырқады.
Нұржамал ӘЛІШ