Түзеу мекемелеріндегі Режим және күзет бөлімі бақылаушысының әр жұмыс күні қарбаласпен басталады. Күн сайын тексеру пунктінен 150 кейде 200 адамның әкелген сәлемдемелерін тексеріп өткізудің өзіндік қиындығы көп.
Бақылаушының ең басты қаруы – қырағылық. Нан мен шұжықты бірнеше жерден кесіп, жеміс-жидектерді ортасынан қақ бөліп, қораптағы шәйді басқа ыдысқа аударып салып, қалташадағы шәйдің әрбіреуін ашып қарап жатқан бақылаушының жұмысына тек сырттан қарап тұру үшін де шыдам керек-ақ. Тұтқындағы адамдарға әкелген керекті заттардың, азық-түлік, киім-кешектің қалта-қуыс, астарына дейін тексеру кезінде бақылаушылар келушілердің небір айла-шарғысына куә болады.
Мысалы, 1500-ге жуық тұтқын ұсталатын Алматы қаласындағы Тергеу изоляторында жыл басынан бері түрлі тыйым салынған заттар анықталды. Оның ішінде жеткізу кезінде 4 литр спирттік ішімдіктер, 21 ұялы телефон мен 50 грамм есірткі тектес заттар бар. Әсіресе, көп кездесетіні – ұялы телефондар мен sim-карталар. Қазір ұялы телефондардың небір шағын түрлері шығып жатыр. Адамнан айла артылған ба, оны тұтқындарға жеткізу үшін тамақтың арасына да, аяқ киімнің ұлтанына да жасыратындар бар. Тыйым салынған заттарды өткізу заңмен жазаланатыны туралы ауызша ескертулерге де, тексеру орнындағы арнайы стендте тұрғанына да қарамастан тұтқындардың туыстары мен таныстары осындай айла-шарғыға барады.
Сондай-ақ күнделікті Тергеу изоляторына адвокаттар мен қоғамдық қорғаушылар да кіреді. Оларды фронт-офистен өтер кезде тексереді. Өкінішке орай адвокаттар мен қоғамдық қорғаушылардан да тыйым салынған заттар табылады. Мысалы, жыл басынан бері адвокат пен қоғамдық қорғаушылардан 450 000 астам ақша мен 2 ұялы телефон алып кіру кезінде тәркіленді. Тізе берсе мұндай фактілер көп, ал әр фактінің ар жағында бақылаушылардың қырағы еңбегі бар.
Міне, бақылаушының тынымсыз сағаттар мен минуттардан тұратын бір күні осындай қарбалас әрі жауапты жұмысқа толы күн.
– Бақылаушының жұмысы түстен кейін тағы да қыза түседі. Қабылдап алған заттарды енді сол тізім бойынша әр камерадағы тұтқынға тапсыру да бақылаушының міндетінде. Егер тергеу изоляторында мыңнан аса адам жатыр десек, соның ішінен өзіне керек адамды тауып алу да жауапты жұмыс. Арнайы карточка арқылы камераны тауып келген соң, тергеудегі күдіктіге тапсырған адамның тізімі бойынша санап тұрып өткізіп береді.
Сәлемдемелерді қабылдаудың осындай сүзгіден өткізу жұмыстарын түсінбейтін кейбір адамдар «кезекте ұзақ тұрамыз, барлық затты несіне тексереді» деп ренжіп те жатады. Ал ол – біздің жұмысымыз. Заң мен тәртіп баршаға ортақ, – дейді Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің режим және қадағалау тобының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі
әділет подполковнигі Нұрлан Абдуллин.