Соңғы бір жылда ұлттық спортпен айналысатын спортшылардың саны да едәуір өсіп, республикалық және халықаралық жарыста алған медаль саны да екі есе артыпты, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда ұлттық және ат спорты жақсы дамып келеді. Қаланың спортшылары теңге ілуден өтетін алдағы Әлем чемпионатына даярлық жасап жатыр.Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Алматы қаласының ұлттық және ат спорты түрлері клубының жетекшісі Нұрлан Оспанов осылай деп мәлімдеді.
Нұрлан Оспановтың айтуынша, ұлттық және ат спорты түрлерінің клубы 2024 жылы құрылып, былтырғы маусым айынан бастап Алматыда ұлттық спорт түрін дамыту бағытында біраз жұмысты қолға алған екен. Қазіргі таңда клубта көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату мен спорттың басқа да 11 түрін бірге дамытып жатыр.
Қазір клубтың құрамында 1233 спортшы бар. Оқу-жаттығу процесі 64 жаттықтырушының жетекшілігімен 115 топта жүргізіледі. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылдың соңында клубта 1217 спортшы болған. Осылайша, спортпен шұғылданатындар саны көбейіп жатыр екен.
Жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлауға ерекше көңіл бөлінген. Қазақстан ұлттық құрамасына Алматыдан 47 спортшы енген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20,5%-ға көп екен екенін айтады мамандар.
«Біздің мақсатымыз Алматыда ұлттық спорт түрлерін дамытып қана қоймай, халықаралық аренада Қазақстанның намысын лайықты қорғай алатын бәсекеге қабілетті спортшыларды даярлау», – дейді Нұрлан Оспанов.
Былтыр клуб спортшылары түрлі деңгейдегі жарыста 177 медаль жеңіп алды. Ең маңызды жетістіктің қатарында тоғызқұмалақтан әлем және Азия чемпионатының медальдары, Азия мене әлем кубогындағы жүлделі орын, сондай-ақ Қазақстан чемпионат мен кубоктарда табысты өнер көрсеткені тағы бар. 2024 жылмен салыстырғанда жүлде саны шамамен 2,4 есеге артқан.
Сонымен қатар спорттық біліктілік деңгейі де едәуір өсті. Бір жыл ішінде 11 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындаса, тағы 49 спортшы спорт шеберлігіне кандидат атанды.
Брифингке сондай-ақ «Теңге ілу» республикалық федерациясының директоры Айбек Түркебай қатысып, ұлттық ат спортының дамуы мен алдағы Әлем чемпионатына дайындық мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл спортқа жастар мен көрерменнің қызығушылығы артыпты.
«Теңге ілу – тек көрерменге тартымды ұлттық спорт қана емес, бұл қазақ халқының мәдени мұрасының бір бөлігі де. Бүгінде жастар тарапынан қызығушылықтың жоғары екенін көріп отырмыз. Бұл спорт түрінің әрі қарай дамуына үлкен серпін береді», – дейді федерация директоры.
Кәсіби спортшыларды даярлаумен қатар, клуб ұлттық спорт түрлерін халық арасында кеңінен насихаттаумен де айналысады. Өткен жылы халықаралық делегациялар үшін шеберлік сабақтары, ашық турнирлер, спартакиадалар мен жастар арасындағы жарыстарды қоса алғанда, шамамен 40 бұқаралық іс-шара өткізілді. Оның әрқайсысына 100-ден 200-ге дейін адам қатысқан.
Клуб өкілдері жыл соңына дейін спортшылар саны, спорттық разрядтар мен халықаралық жетістіктер көрсеткіші одан әрі өсіп, Алматы ұлттық спортты дамытатын орталықтың бірі ретіндегі мәртебесін сақтап қалады деп сенеді.