Қазіргі уақытта заң жобасы Үкіметтің қорытындысын алуға жолдануда, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
«Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» жаңа заң жобасы құқықтық талдау жүргізуге қабілетті жасанды интеллект моделі кіріктірілген AI-Quryltai интеллектуалды ортасының көмегімен әзірленген алғашқы заң жобасы болды. Бұл туралы Құрылтай вице-спикері Динара Зәкиева Үкімет сағатында хабарлады.
Платформаның көмегімен заң жобасын әзірлеуші депутаттарға цифрлық және ақпараттық ортадағы балалар қауіпсіздігінің қазіргі жай-күйіне кешенді талдау жүргізілді және ұсынылды. Оған үлкен деректер, азаматтардың өтініштері, ата-аналардың, сарапшылар мен қоғам өкілдерінің нақтылаған мәселелерін талдау, сондай-ақ ықтимал сын-қатерлерді бағалау және халықаралық тәжірибені зерттеу негіз болды.
Сонымен қатар, 800 мыңнан астам нормативтік құқықтық актілер базасы біріктірілген AI-Quryltai шеңберінде арнайы оқытылған заңнамалық модель алғаш рет заң жобасының мәтінін құруға тікелей пайдаланылды. Бұл заңнамаға енгізілетін өзгерістердің ауқымы мен толықтығын арттыруға және қайшылықтарды болдырмауға мүмкіндік берді.

– Мәселен, платформаның көмегімен жаңа қауіптер мен цифрлық технологиялардың дамуын ескере отырып, балаларды цифрлық және ақпараттық ортада қорғау жөніндегі шаралар кешені пысықталды. Бұл шаралар барлық платформаларға «ата-ана бақылауы» тетігін енгізуге қатысты болып отыр. Яғни, балаларға арналған «сүзгі» енгізіліп, сәйкесінше барлық таңбаланбаған және тексерілмеген цифрлық және ақпараттық өнімдер, қосымшалар, ойындар балаға қол жетімсіз болады. Сондай-ақ, платформаларға барлық цифрлық өнімдерді, соның ішінде қосымшалар мен ойындарды таңбалау, оларды верификациялау, сондай-ақ қауіптер мен бұзушылықтар анықталған жағдайда бұғаттау жөніндегі талаптарды енгізу ұсынылады. Барлығы 120-дан астам түзету әзірленді, – деп атап өтті Динара Закиева.
Өз кезегінде Құрылтай депутаты, жасанды интеллект зертханасының жетекшісі Екатерина Смышляева AI-Quryltai жүйесін енгізу арқылы заң шығару қызметінің сапасын арттыруға арналған интеллектуалды орта қалыптастырылып жатқанын атап өтті.
– Егер цифрландыру құжаттарды, рәсімдерді және өзара іс-қимылды электрондық ортаға көшіруге мүмкіндік берсе, AI-Quryltai ақпаратпен жұмыс істеу тәсілін сапалы түрде өзгертуге көмектесуі тиіс. Бұл қолданыстағы цифрлық инфрақұрылым негізінде жаңа интеллектуалды қабат – заң шығару қызметінің әртүрлі кезеңдерінде депутаттар мен Құрылтай Аппаратының қызметкерлеріне көмектесетін өзара байланысты жасанды интеллект агенттері мен мамандандырылған модульдер жүйесін қалыптастыру туралы болып отыр, – деді депутат.

Екатерина Смышляеваның айтуынша, AI-Quryltai экожүйесі өзара байланысты бес бағытты қамтиды. Олар – интеллектуалды аналитика, заңгерлік модуль, интеллектуалды сараптама, реттеушілік әсерді бағалау және оның салдарын модельдеу, сондай-ақ құқық қолдану тәжірибесіне мониторинг жүргізу. Алдағы уақытта жасанды интеллект құралдары ауқымды деректерді өңдеуге, құқықтық қайшылықтарды анықтауға, ықтимал тәуекелдерді бағалауға және қабылданған нормалардың қолданылу нәтижелерін бақылауға мүмкіндік береді.
Бұл ретте депутат жасанды интеллект заң шығару қызметінде адамды алмастырмайтынын атап өтті.
– Жасанды интеллект мемлекеттік саясаттың мазмұнын айқындамайды және құқықтық шешімдер қабылдамайды. Ол маманға нормативтік-құқықтық жағдайды толық көруге және құқықтық материалды сапалырақ дайындауға көмектеседі, – деді Екатерина Смышляева.
Депутаттың айтуынша, заң жобасын әзірлеу барысында AI-Quryltai көмегімен қалыптастырылған барлық ұсыныстар шақырылған заңгерлер мен сарапшылардың қатысуымен әзірлеуші депутаттардың тексеруінен және қосымша пысықтауынан өтті.
Қазіргі уақытта заң жобасы Үкіметтің қорытындысын алуға жолдануда. Оны пысықтау Құрылтайдағы жұмыс тобы аясында жалғасады.