конституция 2 шілде
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мұны білген жөн / Тазалық тасасындағы экологиялық қауіп

Тазалық тасасындағы экологиялық қауіп

Мұны білген жөн Бүгін 15:30 42
Тазалық тасасындағы экологиялық қауіп
qlabel.org

Күнделікті тұрмыста аса қажет әрі ыңғайлы көрінетін дымқыл майлықтар қоршаған орта үшін үлкен проблемаға айналып отыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Әсіресе құрамына беріктігін арттыру үшін синтетикалық полимерлер қосылған бір реттік майлықтар табиғи ортада оңай ыдырамайды. Экологтер мұндай өнімдер кәріз жүйелерін бітеп, микропластик мәселесін күшейтетініне алаңдайды.

Осы орайда, Ұлыбритания билігі құрамында синтетикалық полимерлері бар бір реттік дымқыл майлықтардың айналымын кезең-кезеңімен шектеуге шешім қабылдаған көрінеді. Жаңа талаптар дүкендерге ғана емес, интернет арқылы сауда жасайтын платформаларға да қатысты. Билік шектеуді бірден енгізбей, біртіндеп жүзеге асыруды көздеп отыр. Бұл өндірушілерге, сауда орындарына және тұтынушыларға жаңа жағдайға бейімделуге мүмкіндік береді.

Ғаламтордағы жарияланымдарға жүгінсек, жаңа ережелер алдымен Уэльсте күшіне енеді. 2026 жылғы 18 желтоқсаннан бастап бұл өңірде құрамында пластикалық немесе синтетикалық полимерлі талшықтары бар бір реттік дымқыл майлықтарды сатуға шектеу қойылады. Одан кейін бұл шара 2027 жылдың көктемінде Англия мен Солтүстік Ирландияда, ал сол жылдың жаз айларының соңында Шотландияда жалғасады.

Шектеу бір ғана тұрмыстық майлық түріне қатысты емес. Ол балаларға арналған және бактерияға қарсы майлықтарды, макияж кетіруге арналған құралдар мен дымқыл дәретхана қағазын, сондай-ақ үй тазалығына және жеке гигиенаға арналған бір реттік майлықтардың көптеген түрін де қамтиды.

Дегенмен медицина саласына ерекше жағдай қарастырылған. Ауруханалар мен дәріханалар емделушілерге медициналық көмек көрсету үшін мұндай өнімдер қажет болған жағдайда оларды пайдалана алады. Бірақ мұндай өнімдердің өндірісі мен сатылымы мемлекеттік бақылауда болады.

Дымқыл майлықтың басты артықшылығы – беріктігі. Ол суланған кезде бірден жыртылып кетпейді, қолдануға ыңғайлы әрі ұзақ уақыт пішінін сақтайды. Алайда дәл осы қасиетті қамтамасыз ететін синтетикалық талшықтар оның табиғи ортада тез ыдырамауына себеп болады.

Көптеген адамдар қолданылған майлықты дәретханаға тастап, сумен шайып жіберуді әдетке айналдырған. Бірақ мұндай өнімдер дәретхана қағазы секілді суда тез еріп кетпейді. Соның салдарынан кәріз құбырларында майлықтар жиналып, құбырды бітеп тастауы ықтимал.

Мәселе мұнымен ғана шектелмейді. Уақыт өте келе синтетикалық талшықтар ұсақ бөлшектерге ыдырап, микропластикке айналуы мүмкін. Ол кәріз жүйесінен қоршаған ортаға таралып, өзендер мен теңіздерге жетеді. Мұндай бөлшектердің экожүйеге әсері – қазіргі таңда әлем ғалымдары мен экологтерін алаңдатып отырған мәселелердің бірі.

Бұған қоса, мұндай өнімдерді өндірудің өзі қоршаған ортаға түсетін салмақты арттырады. Синтетикалық материалдарды өндіру барысында атмосфераға түрлі шығарындылар бөлінеді, ал өнімнің өзі бір рет қолданылғаннан кейін қоқысқа айналады.

Тыйым күшіне енгеннен кейін тұтынушылардың алдында бірнеше таңдау қалады. Соның бірі – қайта пайдалануға болатын мата майлықтары. Олар жуылып, бірнеше рет қолданылатындықтан, бір реттік өнімдерге қарағанда қалдық көлемін азайтуға мүмкіндік береді.

Тағы бір балама – құрамында пластик немесе синтетикалық полимерлері жоқ, табиғи шикізаттан жасалған майлықтар. Мұндай өнімдер қоршаған ортаға зияны аз балама ретінде ұсынылуы мүмкін.

Алайда «биоыдырайтын» деген жазуы бар өнімдердің барлығын бірдей табиғатқа қауіпсіз деп қабылдауға болмайды. Кейбір материалдардың толық ыдырауы үшін арнайы жағдай қажет болуы мүмкін. Ал кейбірі суда баяу ыдырап, қоршаған ортада ұсақ талшықтар қалдыруы ықтимал.

Сондықтан мамандар тұтынушыларға өнімнің сыртындағы жарнамаға ғана емес, оның нақты құрамына және қалай жойылуы керектігі туралы нұсқаулыққа назар аударуға кеңес береді.

Құрамына қарамастан, пайдаланылған дымқыл майлықты унитазға ағызбаған дұрыс. Ол «биоыдырайтын» немесе «табиғи» деп көрсетілгеннің өзінде, дәретхана қағазы сияқты тез еріп кетпеуі мүмкін.

Сондықтан қолданылған майлықты кәдімгі қоқыс жәшігіне тастау — ең қауіпсіз жолдардың бірі. Бұл қарапайым әдет кәріз жүйесінің бітелу қаупін азайтып қана қоймай, өзендер мен су айдындарына түсетін қалдық көлемін де төмендетуге көмектеседі.

Ұлыбританияның бұл шешімі бір қарағанда күнделікті тұрмыста аса елеусіз көрінетін өнімге қатысты қабылданған шара сияқты. Алайда мәселенің ауқымы әлдеқайда кең. Бір рет қолданылатын, бірнеше минутқа ғана қажет өнім табиғатта ұзақ жылдар бойы сақталуы мүмкін.

Сондықтан экологиялық саясаттағы негізгі бағыттардың бірі – адамның тұрмысын қиындатпай, қоршаған ортаға түсетін қалдықты азайту. Ұлыбританиядағы дымқыл майлықтарға қатысты жаңа ережелер де осы ұстанымның бір көрінісі. Ендігі міндет – тұтынушыға ыңғайлы әрі қауіпсіз баламаларды көбейту.

Ал тұтынушы үшін ең қарапайым қадам – қажетсіз бір реттік өнімнен бас тарту, қайта пайдалануға болатын заттарды таңдау және қандай майлық болса да, оны унитазға емес, қоқыс жәшігіне тастау.

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

Телеграм арнаға жазылыңыз
#Экология
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Ресейден келген халықаралық байқаушы Қазақстандағы сайлаудың ақпараттық сүйемелдеу жағы жоғары деңгейде болғанын айтты

Бүгін 16:16

Құрылтай сайлауы заң талаптарына сай өтті – «Халық үні» байқаушылары

Бүгін 16:13

Дауыс беру ашық әрі заңнама талаптарына сай өтті – «Ел Дауысы» байқаушылары

Бүгін 16:10

Толтырылған бюллетеньді жариялаған алматылық жауапқа тартылды

Бүгін 16:10

«Еуропалық нәтиже»: Шетелдік сарапшылар Құрылтай сайлауындағы азаматтардың белсенділігі туралы айтты

Бүгін 15:15
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);