«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Түрксіб және Жетісу аудандарының тұрғындары мен колледж студенттері сенбілікке қатысты, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Бүгін Алматыда өткен ауқымды тазалық шарасы Қала күніне арналды.
Түрксіб ауданында негізгі санитарлық жұмыстар Баума тоғайында жүргізілді. Сенбілікке «Аяжан» колледжінің 200-ден астам студенті, оқытушылар мен аудан тұрғындары қатысты. Олар бірлесе отырып шамамен 100 қап қоқыс жинады.
«Мен өзімнің топтастарыммен және достарыммен бірге осындай шараларға үнемі қатысуға тырысамын. Бұл — баршаны біріктіретін және экологиялық мәдениетті дамытуға сеп болатын жақсы дәстүр», — деді екінші курс студенті Икрам Ахметжанов. Оның айтуынша, өзі мұндай акцияларға он реттен артық қатысқан: «Мен үшін бұл мектеп кезінен-ақ әдетке айналды. Ең бастысы — өз қалаң мен еліңе құрметпен қарау. Кейде жай ғана бос бөтелкені қоқыс жәшігіне дейін апарып тастау — тазалыққа қосқан үлесің».
Түрксіб ауданы әкімдігі аппаратының инспекторы Осман Убуловтың айтуынша, мұндай шаралар ауданда тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
— Біз әр сенбі сайын қоқыс жиналған жерлерді — сай-сала, өзен, парк пен скверлерді тазалаймыз. Адамдарда өзіндік сана қалыптасуы маңызды: тазалық әр аула мен әр отбасынан басталады. Сенбілік — жай ғана тазалау емес, бұл — қоғамды тәрбиелеудің және біріктірудің маңызды бөлігі. Бұл — балаларымыздың болашағына қосқан үлес, себебі таза табиғат — елге деген құрметтің көрінісі, — деді ол.
Акцияға балаларымен бірге ата-аналар да келді.
— Мен бұл жерге ұлым Айсұлтан мен қызым Айлинмен бірге келдім. Балаларға кішкентайынан үлгі көрсету керек деп ойлаймын. Экологиялық мәдениетті тәрбиелеу — тәжірибесіз мүмкін емес. Бала өзі тазалық жұмысына қатысқанда, тазалықтың құндылығын түсінеді, — деді Айгерім Өмбеталиева.
Экологиялық акция Жетісу ауданында да белсенді өтті. Ауданның абаттандыру бөлімінің маманы Нұрбол Ерболұлының айтуынша, қала көшелерін тазалау жұмыстары оларда тұрақты түрде жүргізіледі:
— Әр апта сайын біздің бригадалар көшелер мен аулаларды тазартады. Тек бір ғана аумақтан 10 жүк көлігіне жүк болатындай қоқыс шығардық. Бірақ тұрғындардың саналы көзқарасынсыз тәртіпті сақтау өте қиын, — деп қорытындылады ол.