«Таза қала – бақытты қала!»

«Таза қала – бақытты қала!» Фото Қайрат Қонысбаев

Медеу ауданында ауқымды тазалық жұмыстары жалғасуда. Бүгін Омаров көшесі Достық даңғылынан Көктөбе шлагбаумына дейін тазартылды.

 Алматыда республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды экологиялық «Алматы – біздің ортақ үйіміз» атты науқан жалғасуда. Қала тазалығын сақтауға бағытталған бұл бастама мегаполистің барлық аудандарында белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр.

Наурыз айының алғашқы онкүндігі «Таза көшелер» ұранымен өтуде. Бұл кезеңде көше бойындағы қоқысты тазалау, аялдамаларды ретке келтіру, жол белгілерін кірден арылту, арықтарды қоқыстан тазарту және қосымша қоқыс жәшіктерін орнату сияқты маңызды жұмыстар атқарылуда.

– «Алматы – біздің ортақ үйіміз» экологиялық науқаны аясында Медеу ауданында мердігер ұйымдармен бірлесіп, кең көлемді санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 200-ге жуық жол жұмысшысы мен арнайы 80 техника жұмылдырылды. Қазіргі таңда магистральдық көшелермен бірге саябақтар, гүлзарлар, жаяу жүргіншілер жолдары мен арық жүйелері ретке келтірілуде. Бүгін Омаров көшесінің бойында, Достық даңғылынан Көктөбе шлагбаумына дейінгі аралықта ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Жол жұмысшылары көше бойын сыпырып, жол жиегінде қатқан қарларды арнайы көліктерге тиеп шығарды. «Қасбеттен қасбетке дейін» акциясы аясында арық желілері де тазартылып, жол жиектері толығымен қоқыстан аршылды», – дейді Медеу ауданы әкімі аппаратының көріктендіру бөлімінің басшысы Абылай Мәкей.

Көктемгі абаттандыру жұмыстарының бір бағыты – жолдарды жөндеу. Бүгінде Медеу ауданында шұңқырларды жамау, арықтар мен жиектастарды қалпына келтіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Ауданда 367 көше бар, олардың  жалпы ұзындығы 522,9 шақырымнан асады. Күн сайын кемінде екі-үш көшеде тазалық іс-шаралары өтеді. Бүгінгі тазалық жұмыстарына 10-ға жуық арнайы техника мен 20 жол жұмысшысы жұмылдырылған.

– «Біздің басты мақсатымыз – аудан тұрғындары мен қала қонақтарына таза, көркем әрі жайлы орта сыйлау. Бұл тек әкімдік пен коммуналдық қызметтердің міндеті ғана емес, әрбір тұрғын өзінің ауласын, көшесін таза ұстауға атсалысуы керек. Сондықтан баршаңызды осы науқанға белсенді қатысуға шақырамыз!», – дейді Көріктендіру бөлімінің басшысы.

Көктем – жаңару кезеңі, сондықтан дәл осы уақытта қаланы тәртіпке келтіру аса маңызды. Тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру да басты назарда. Бұл жөнінде жол жұмысшысы Пердегүл Әлімбаева өз ойын білдірді.

 «Тазалық – тек жинаған жерде емес, қоқыс тасталмаған жерде болады. Өз басым Алматының тазалығы мен көркеюіне барлығымыз бірдей жауаптымыз деп білемін. Менің қала тазалығына үлес қосып, жол жұмысшысы болып еңбек етіп келе жатқаныма 32 жыл болды. Алматыны ерекше жақсы көремін. Қала тұрғындары оның сұлулығын бағалап, тазалығын сақтауға үлес қосады деп үміттенемін, – дейді Пердегүл Базарбайқызы.

Қала тазалығына немқұрайлы қарамайтын Алматы тұрғындары арасында еріктілер де бар. Солардың бірі – Сергей Статьев. Ол бірнеше жылдан бері көктем мен жаз айларында волонтерлік топтармен бірге қаланы қоқыстан тазартуға атсалысып келеді.

– Мен әрқашан тазалықты қолдаймын. Қала таза болғанда, көз қуанып, көңіл көтеріледі. Сондықтан достарыммен бірге сенбіліктерге жиі қатысамын. Бүгін коммуналдық қызметтердің жұмысын көріп, ерекше қуандым – күн шығып, көктем келіп, айнала жаңарып жатыр. Мұндай акциялар қаланың көркін ашып, адамдарды тәртіпке үйретеді», – дейді ол.

 

 

Еске сала кетейік, 1 наурыз бен 1 сәуір аралығында Алматыда «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны өтеді. Бұл іс-шара төрт кезеңнен тұрады:

• «Таза көшелер» (1–9 наурыз) – аялдамалар мен жол белгілерін тазалау, қоқыс жәшіктерін орнату, магистральдарды абаттандыру;

• «Таза саябақтар, скверлер және таулар» (10–16 наурыз) – табиғи аймақтарда сенбіліктер ұйымдастыру, қоқыс жинау іс-шаралары;

• «Таза аулалар» (17–23 наурыз) – аулалар мен ойын алаңдарын тазалау және бояу, көгалдандыру, «Үздік аула/аула сыпырушысы/гүлзар» байқаулары;

• «Біздің қала – біздің мақтанышымыз» (24 наурыз – 1 сәуір) – ескерткіштерді абаттандыру және ағаш отырғызу бойынша жаппай іс-шаралар.

 

  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:47

17:35

17:14

17:05

16:40

16:35

16:22

16:18

15:53

15:37

15:17

14:56

14:52

14:44

14:28

14:14

13:44

13:38

13:36

13:34

13:33

13:31

13:03

12:54

12:41