Алматыда Спорт күнін мерекелеу аясында Алматы қаласы Спорт басқармасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ALMATY MOVE қалалық жобасының кезекті іс-шаралары өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Өткен демалыс күндері қала тұрғындары ашық ауада өтетін жаттығудың бірден екі түріне тегін қатыса алды.
8 тамызда Оңтүстік саябағында жүгіру жаттығуы өтіп, оған 30-дан астам адам қатысты. Жаттықтырушының жетекшілігімен тұрғындар өздеріне ыңғайлы қарқынмен жүгіріп, жаттығу алдында денені қыздыру және жаттығудан кейін бұлшықеттерді созу жаттығуларын жасады. Жаттығу форматы дайындық деңгейі әртүрлі адамдарға лайықталған.
9 тамызда Сайран көлінің саябақ аумағында 50-ден астам адам қатысқан зумба жаттығуы өтті. Сабақ қарқынды форматта ұйымдастырылып, фитнес құрылымдары мен латынамерикалық бағыттағы би қимылдарын қамтыды.
Алматы қаласы Спорт басқармасы өкілдерінің мәліметінше, ALMATY MOVE жобасы апта сайын қаланың әр ауданында өтіп, тұрғындарға таза ауада тегін спортпен айналысуға мүмкіндік береді. Жоба аясында жүгіру, йога, стретчинг, зумба және басқа да бағыттар бойынша жаттығулар ұйымдастырылады.
Алдағы іс-шаралардың хабарламалары мен олардың өтетін орыны туралы ақпарат ALMATY MOVE жобасы мен Алматы қаласы Спорт басқармасының Instagram-дағы ресми парақшаларында жарияланады.