Бағалау керек бақытты!
Биыл Қазақ елінің егемен ел болғанына 30 жыл толады. Осыған байланысты қастерлі Тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін жас ұрпаққа ұғындыру мақсатында сауалнаманы жалғастырып келеміз. Кезекті сұхбат иесі - III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, Қазақ ССР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасы, бірнеше медальдардың иегері, ардагер ұстаз Оспанов Зұлпыхар ағамыз.
Биыл ата-бабаларымыздың ежелден аңсап өткен асыл армандарының бірі, егеменді ел болып, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толып отыр. Тарихи тұрғыдан алғанда 30 жыл көп емес сияқты.Ал атқарған істерге көз жүгіртсек, қыруар жұмыстардың атқарылып жатқанына куә болудамыз. Қазақстан осы аз уақыттың ішінде алпауыт мемлекеттер есептесетін елге айналып отыр. Қазіргі таңда Тәуелсіз еліміздің көк байрағы аспанымызда желбіреп, еліміз күннен-күнге әлемдік аренаға қарыштап қадам басып келе жатқанының куәсі болудамыз.
Бұл Тәуелсіздік - ата-бабаларымыздың сарғайып күткен асыл арманы.Тәуелсіздік жолында құрбан болған ата-бабаларымыздың төгілген қандарының өтеуі. Небір ел басқарған хандардың, талай-талай жауға атойлап шапқан батырларымыздың, жалпы, қазақ халқының басты арманы орындалған кез. Сондықтан да Тәуелсіздік тарихын ешқашан, ешуақытта естен шығармауымыз қажет. Тәуелсіздіктің тарихы мен оның құндылықтарын келешек ұрпаққа жеткізіп отыру біздің басты мақсатымыз болуы тиіс.
Тәуелсіз мемлекет - ынтымағы жарасқан, ауызбіршілігі берік, өз ойын өздері ортаға салып шеше алатын, жеке рәміздері бар, Ата заңын басқа елдер мойындаған, өзге елдермен емін-еркін араласып, қарым-қатынаста бола алатын ел.
Тәуелсіздік жарияланғаннан бері көптеген елеулі жетістіктерге қол жеткізіп келеміз. Бұл Елбасымыздың жүргізген парасатты көреген саясатының арқасы. Президентіміздің ел басқарудағы нәтижелі жұмыстарының айғағы. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты қазақ елінің ынтымағы мен бірлігі. Еліміздің экономикасының қарыштап дами түсуі. Осының барлығы халқымыздың және өзге елдердің Қазақстанға деген берік сенімін арттырып келеді. Әр елдің болашақ тағдырын айқындайтын тарихи кезеңдері болады. Артқа тастаған отыз жылға не істедік деген сауалға жауап іздер болсақ, тізбектеп жеткізу қиын болары сөзсіз. Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарындағы экономикалық дағдарыс халықтың тұрмыс жағдайына қатты әсер етті. Барлық қиындықтардан шығу жолдары жедел қарастырыла бастады. Елбасының іскерлігі мен парасаттылығының арқасында еліміз аман-есен тығырықтан шықты. Ендігі кезекте ел экономикасын көтеріп, халықтың әл-ауқатын арттыру жолдары қарастырыла бастады. Бұл сындардан да сүрінбей шығу үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Әрбір атқарған жұмыстар бұл күндері бір-бір тарих болып қалыптасты. Сол күндердің әрбір белестері халқымыз үшін зор қуаныш, үлкен үміт, болашаққа деген сенімділікті арттырды. Алдыңғы буын біздер үшін сол күндердің қиыншылығынан көрі қуанышы мол болатын. Тәуелсіз ел атанып, Ата заңымыз қабылданған күн, рәміздеріміздің белгіленген кезі, төл теңгеміздің айналымға енген уақыты, Елбасын бекіту, Президент сайлауы - осылардың барлығы есімізден шыққан емес.
Астанамызды Сарыарқа төріне көшіру кезінде де айтарлықтай қиындықтар болды. Тәй-тәйлап енді тәуелсіз ел атанып жатқан кезде астананы көшіру Елбасымыздың көзсіз батырлығы мен болашаққа деген сенімділігін көрсетті. Елбасымыздың бастамасымен Есіл бойына ел қоныстандыруды, оның ішінде қандас қаракөздерді көптеп тарту негізгі мақсат болды. Қазіргі таңда Есіл бойындағы әрбір ғимарат өз алдына бір тарих. «Бәйтерек», Әзірет Сұлтан мешіті, «Тәуелсіздік сарайы», Ұлттық музей, «Хан шатыр»», Бейбітшілік және Келісім» сарайы, «Бекіре» көпір және басқада білім, спорт, өнер, денсаулық ошақтары Астанамызға әсем көрік беріп отыр. Осының барлығы Астанамыздың гүлдене түсуімен қатар, шетелдіктердің де назарына ілінуде.
Бүгінгі күндерде Қазақстан экономикалық деңгейі қалыпты жағдайға жеткен, өз стратегиясы бар тәуелсіз, демократиялық, көп ұлтты зайырлы мемлекет.
Қазіргі таңда елімізде барлық сала бойынша алға ілгерілеушілік анық байқалады. Халықтың әл-ауқаты, тұрмыс жағдайы жақсарған, қазақ тілді мектептер мен балабақшалар саны артқан. Білім мен денсаулық саласына өте жоғары деңгейде мән беріліп келеді. Дүние жүзіндегі көптеген елдермен қарым-қатынасымыз күннен-күнге жақсара түсуде. Осы атқарылған жұмыстар мен жетістіктеріміз - Тәуелсіздіктің жемісі.
Ата-бабамыздың аңсап өткен армандарына бүгін біздер қол жеткізіп отырғанымызға шексіз риза болуымыз тиіс. Олай болса, Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне барлық күш жігерімізді аямауымыз қажет.
Еліміздің көк туы мәңгілік желбірей берсін десек, ынтымағымыз бен бірлігімізді берік ұстап, жас ұрпақты елін, жерін, Отанын жан-тәнімен сүйе білетін азамат етіп тәрбиелей берейік! Тәуелсіздік құндылығын ұмытпайық, ағайын!