Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Almaty Resort» шипажайының басшылығы мен қызметкерлері соғыс ардагерлеріне арнайы барып, олардың ерліктерін еске алып, құрмет көрсетті, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Балықбай Ысқақ – 100 жасқа толған ардагер. Кеген ауданының тумасы, 115-ші атқыштар дивизиясының құрамында Еуропаны азат етуге қатысып, Жеңіс күнін Австрияда қарсы алған. Соғыстан кейін Қиыр Шығыста қызмет атқарып, құқық қорғау саласында ұзақ жылдар еңбек етті. Ерлігі үшін III дәрежелі Даңқ орденімен және басқа да наградалармен марапатталған. Ардагердің ұрпақтары оның батырлық жолын мақтан тұтады.
Любовь Николаевна Горковская – 1925 жылы Луганск облысында дүниеге келген. Соғыс жылдары бірінші Украина майданында байланысшы болып, Севастопольді, Беларуссияны және Балтық жағалауын азат етуге қатысқан. Соғыстан кейін "Қазақфильм" киностудиясында еңбек етіп, екі бала тәрбиеледі. Соғыс жылдарындағы ерлігі үшін алған марапаттары оның батылдығының куәсі.
Анатолий Назарұлы Попов, Қаскелеңнің 98 жастағы тұрғыны, 2-ші Балтық майданында байланысшы болып қызмет етті. Соғыстан кейін медициналық училищені бітіріп, 30 жылдан астам уақыт денсаулық сақтау саласына үлес қосты. Балалары мен немерелерінің ортасында жүрген ардагер жастарға өз ерліктерін үлгі етеді.
Иван Матвеевич Бегунов – 99 жастағы қарапайым әрі батыр ардагер. Житомирде дүниеге келген, 228-ші гвардиялық атқыштар полкінің пулеметшісі ретінде Еуропаны азат етуге қатысқан. Қызыл Ту ордені мен «Ерлігі үшін» медалінің иегері. Қазір үлкен әулетінің ортасында құрметке бөленуде.
«Almaty Resort» ұжымы ардагерлерге құрмет ретінде сый-сияпат табыстап, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.
"Жарқын болашақ құру үшін өткенді есте сақтау керек! Бейбіт өмір үшін күрескен батырларға бас иеміз", – деп атап өтті шипажай директорының орынбасары Салтанат Бейсембаева. Ол мұндай кездесулердің ардагерлердің өздерін құрмет пен қамқорлықта сезінуі үшін тұрақты түрде ұйымдастырылатынын жеткізді.