«Мен — қазақ, қазақпын деп мақтанамын, Ұранға «алаш» деген атты аламын» – деп азаттықты аңсаған, сол жолда аянбай қызмет еткен алаш арыстарының барлығы да қуғын-сүргінге ұшырап, Сталиндік қызыл террордың құрбандары болды. Сол алаш қайраткерлерінің азаттық идеясын жалғастырған, қыршын кеткен арыстардың аманатын арқалаған жастар 1986 жылдың желтоқсанында тәуелсіздік үшін күресе білді.
Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сынды қандастарымызды естен шығару мүмкін бе? Осылайша, елімізге тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Біз оған ызғарлы желтоқсанда бодандыққа қарсы бұлқынған намысшыл жастардың арқасында қол жеткіздік. Осы жерде, желтоқсан оқиғасының тәуелсіздікке жету жолындағы маңызы мен ел тәуелсіздігін алуға деген бетбұрыстың жасалуына тигізген ықпалы жайында айта кетпекпіз.
1986 жылғы Алматы оқиғалары қазақ топырағында ұлттың санасын, намысын жетелеген қайсар буынның келгенін әйгіледі. Осылайша, желтоқсан оқиғасы КСРО-ның ыдырауын тездетті. Желтоқсан оқиғалары Қазақстан тарихындағы естен кетпес қайғылы оқиғаның бірі. Бұл оқиғалар Қазақстанда ғана емес, бүкіл Кеңес одағына еніп келе жатқан жас демократия үшін күресті. Қазірде дүниені дүр сілкіндіріп, бүкіл әлемдегі саясатқа бетбұрыс жасатқан желтоқсан оқиғасына уақыт өте әділ баға беріліп, бұл таңда ұлт-азаттық көтеріліс деп бағаланды.
Кеңестік аумақта өмір сүруші халықтардың орталықтың саясатына қарсы тұрып, ұлттың санасының оянуына әсер етіп, нәтижесінде Қазақстанда Президенттік билік еңгізілді. 1990 жылы 24 сәуірде Республиканың Жоғарғы Кеңесінде Қазақ ССР Президенттінің орны тағайындалып, оған құпия дауыс беру жолымен парламент сессиясында Н. Ә. Назарбаев сайланды. Халық депутаттарының алғашқы съезі мен партия форумдарында егемендік экономикалык дербестік идеялары талқыланып, орталық пен федерация субъектілерінің арасындағы өкілеттілікті бөлу, және одақтың келісім жөніндегі мәселелер көтерілді. Оқиға ұлттық жанданудың, демократиялық қайта өзгерулердің күшеюі партия және мемлекетті басқарушылар тарапынан орталық пен одақтас республикалар арақатынасының реттейтін жаңаша шаралардың тезірек қабылдануына түрткі болды. Осылайша КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға болды. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алуға өз үлестерін тигізді дей келе, желтоқсан оқиғасы – Қазақстан тарихындағы естен кетпес, аса ауыр және қайғылы беттерінің бірі демекпіз. Ол тарихта мәңгі қалады, ұмытылмайды! Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында басын бәйгеге тіккен желтоқсан оқиғасына қатысушылардың ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыратын болады! Олардың сол қаһарлы күндердегі қайсар мінезді ерліктері бүгінгі жастар үшін үлгі-өнеге.
- Тәуелсіздік – біздің алдымыздағы жарқын болашаққа жол ашып берді. Біз сол жолдан бұлтармай алға баса береміз;
- осы бақыт үшін баршамаз біліміміз бен біліктілігімізді, қайратымыз бен қабілетімізді аямай жұмсаймыз;
- Тәуелсіздіктің туын желбіреткен Желтоқсан оқиғасына қатысып, елінің тәуелсіздігі үшін күрескен ұл-қыздарымыздың арқасында егеменді ел болуға қол жеткіздік;
- Тәуелсіздік – ата-бабаларымыз үш ғасырға жуық уақыт бойы армандаған арманы!
Қорытындылай келе, Отанымыз – Азат Қазақстан мәңгі құлпырып, жарқырап, абыройы арта берсін дейміз.