ffin.kz

«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды

«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды Сурет: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 


Қазақстандықтарды жылу, электр энергиясы, су және басқа да коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін республиканың ТКШ инфрақұрылымы жаңартуды қажет етеді. Сондай-ақ бұл саладан жылдар бойы жалақысы өспеген білікті мамандар кетуде. Осы проблемаларды шешу үшін «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы іске асырылып жатыр, оған сәйкес 2023-2029 жылдарға 62 мың км инженерлік желілерді жаңғырту үшін шамамен 3 трлн теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Есептеулерге сәйкес, бұл 2029 жылға қарай желілердің тозуын 20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Мәселен, 2023 жылы 5,8 мың км инженерлік желілерді жөндеу үшін шамамен 250 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Екінші тоқсанда Ұлттық экономика министрлігі ТКШ кәсіпорындарының тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге (жөндеу жұмыстарын, қызметкерлердің жалақысын көбейту, қараусыз қалған желілерді қарау) 212 өтінімін бекітті.


Нәтижесінде коммуналдық қызметтер тарифтерінің өзгеруі ұстамды болып отыр, тұтынушылар мен кәсіпорындар мүдделерінің балансы қамтамасыз етіліп, орташа есеппен 10-нан 30%-ға дейін өседі. Жалпы электр қуаты нарығында шекті тарифті айына 1 МВт үшін 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл шара қолданыстағы станцияларды жаңарту және жөндеу үшін генерация секторына жыл сайын 160 млрд теңге көлемінде инвестицияларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Премьер-Министр бүгінгі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы инфрақұрылымның жағдайы өте күрделі екенін айтты. Үкімет басшысының айтуынша, барлық инфрақұрылым объектісінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін ауқымды инвестиция қажет, себебі олардың көпшілігі өткен ғасырдың ортасынан бері жұмыс істеп келеді.



«Тіршілікке қажетті жүйелерді тиімді жаңғырту және күрделі жөндеу үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы ұсынылды. Бұл тәсіл энергия ұйымдарының қолданыстағы активтерін қайта жаңғыртуға және кеңейтуге, энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруға және жабдықтардың тозуын азайтуға мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.



Үкімет басшысының айтуынша, биыл тұрғындар үшін тарифтер 10%-дан 30%-ға дейін өседі. Бұл – барынша ұстамды тариф, онсыз коммуналдық инфрақұрылымның сапалы жұмысын қамтамасыз ету мүмкін емес.



«Тариф мәселесінде біз барлық жақтың да мүдделерін ескеретін тең ортаны таба білуіміз керек. Яғни, саланы дамыту қажеттілігін де, халықтың мүмкіндігін де ескеруге тиіспіз», - деді Премьер-Министр.



Үкімет басшысы станциялар, коммуналдық кәсіпорындар іс жүзінде 3 жылдан астам уақыт бойы табыссыз жұмыс істеп келетінін, сондықтан жөндеу жұмыстарына қаражат салынбағанына тоқталды. Қаражат салынса да, ол қарыз алу арқылы немесе мемлекет есебінен жүзеге асырылды.



«Сондықтан, тарифтерді өсіру – қажеттілік. Ал «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидатын енгізетін болсақ, тарифті өсіруден түсетін пайда біреудің қалтасына кетпей, тікелей өндірісті жаңғыртуға жұмсалатынына сенімді боламыз. Жаңа тарифтік саясат ашықтық, есептілік және жариялылық принциптеріне негізделетін болады. Тиісті заңнамалық түзетулер, нормативтік құқықтық актілер қабылданды», - деді Әлихан Смайылов.



Оған қоса Үкімет басшысы тарифтердің өсуі аз қамтылған отбасылардың табысына әсер етпейтінін айтты.



«Жергілікті бюджет қаражаты есебінен аз қамтылған отбасыларға коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін тұрғын үй көмегі берілуде. Ол коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыстар отбасының ай сайынғы орташа жиынтық табысының 10%-нан асып кеткен жағдайда төленеді», -  деді Үкімет басшысы.



Жалпы, Үкімет басшысының айтуынша, қазір орталық және жергілікті атқарушы органдар коммуналдық секторда ауқымды жұмыстар жүргізуде. Сол себепті бірде-бір өңір жылыту маусымында апаттарға жол бермеуі тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04