ffin.kz

Тамаша көңіл-күй сыйлаған күн

Тамаша көңіл-күй сыйлаған күн Суреттерді түсірген - Кайрат Қоныспаев

Бүгін Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Медеу ауданы әкімдігі, «Алматы жас дәрігерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі, Белсенді өмір сүру орталығы мен Ардагерлер кеңесі ұйымдастырған мерекелік кешке Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нарлыбаев, Белсенді өмір сүру орталығының үйлестірушісі Бақтияр Камалов, қала зейнеткерлері, ардагерлер кеңесі мен аталмыш орталықтың мүшелері қатысты.

Мерекелік кеш қарттарымыздың көңіл-күйін көтеріп, оларды бір марқайтып тастады. Ашық аспан астында әуезді әндер шырқалып, күмбірлеген күйлер орындалды. Ұлттық киіммен ерекшеленген «Думан сазы» ансамблінің мүшелері «Қазақы дастарханым» әнін орындаса, ақынжанды аналар мерекеге арнап өлеңдерін оқыды, барлығы бірге флешмоб биледі. Ақ шағаладай киінген ата-әжелеріміз скандинавиялық жүрістен жарысқа қатысып, бақтарын сынады. Сонымен қатар, қолөнер көрмелері ұйымдастырылды.

Салтанатты іс-шара тосын сыйларға толы болды. «Керемет су» және СКЕ Samalsy компаниялары қарияларға тегін су таратып, «A&D KZN» компаниясы қарттарға тегін қан қысымын өлшейтін құралдар тарту етті.

Аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері біз үшін қашанда қымбат. Қазыналы қарттар тек отбасының емес, бүкіл елдің ақылшысына айналып, олардың сөзі ел ішіндегі маңызды мәселелерді шешуде зор мәнге ие.

200-ге жуық қарт қатысқан мерекелік іс-шара концерттік бағдарламалармен жалғасты. Кеш соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға тамаша көңіл-күй сыйлағандары үшін алғыстарын білдірді.

 

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Бақтияр КАМАЛОВ,
Медеу ауданы «Белсенді өмір сүру орталығының» үйлестірушісі:

«Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген аталы сөзді ұрпағының бойына сіңірген, қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған елміз. Қартын сыйлап, батасын алған ұрпақпыз. Сондықтан бізге тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы қашанда үлгі. Медеу ауданы әкімдігі «Белсенді өмір сүру орталығымен» бірге жылда осылай Қарттар күнін өз деңгейінде атап өтеді. Бұл мереке ауданымызда бір айға жалғасады. Бүгінгі мереке саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын аға-апаларымызға арналған. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа үлгі.

Шәрбану НҰРҒАЛИҚЫЗЫ,
Ардагерлер кеңесінің спорттық комиссия төрайымы:

Халықаралық деңгейде атап өтілетін бұл мерекенің еліміз үшін маңызы зор. «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол болады» деген қазақ әр уақытта қарттарын құрметтеп өткен. Бүгінгідей жаймашуақ күнде бізге ерекше көңіл бөліп жатқан Алматы қаласы әкімдігіне және Медеу ауданы әкімдігіне алғыс айтамыз.

Сара ДҮЙСЕКОВА,
«A&D KZN» компаниясының директоры:

Біз ардагерлерімізге қолдау көрсетіп, алғысымызды білдіру үшін ерекше қайырымдылық шарасын өткізуді жөн көрдік. 1 қазан – Алматы қаласының Ардагерлер кеңесімен бірлесіп, Ұлы Отан соғысының барлық ардагерлеріне жоғары сапалы қан қысымын өлшейтін құралдарды сыйға тарттық. Бұл құралдар денсаулықты және жүрек жұмысын бақылауға көмектеседі. AND компаниясы салауатты өмір салтын қолдайды және қоғам денсаулығын жақсартуға әрқашан дайын.

Гүлнар ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Белсенді өмір сүру орталығының» үйлестіруші-координаторы:

Қариялар – таусылмайтын қазына

Орталығымызда 380-ге тарта мүше бар. Келушілердің жас айырмашылығы әртүрлі. Ең үлкені - 85 жаста, кішісі 60-тан асқан. Мұнда ешкім өзін зейнеткермін деп сезінбейді. Апаларымыз өте белсенді. Аптаның бес күнінде де түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатындықтан, орталықтың тіршілік қазаны қайнап жатады. Төрт жерде локациямыз бар. Медеу ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен бұл жерге біз жылда келіп, осындай мерекелік шаралар өткіземіз.

Белсенділік танытып, үнемі көңілді кештер өткізіп жүрген соң бізге аудан әкімшілігі 24 ұлттық киім сыйлады. «Думан сазы» деген ансамбліміз бар. Мұндай қамқорлықты ардагерлерге жасалған құрмет деп білеміз.

Міне, мұнда орталық мүшелерінің өздері жасаған бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Біз сондай-ақ, қала кітапханаларымен, Орталық мұражайлармен тікелей шығармашылық байланыстамыз.
Қазіргі таңда елімізде қарттарға көңіл бөліп, үкімет тарапынан жан-жақты қамқорлық жасалуда. Оған ризамыз. Сондықтан еліміздің өркендеуіне, ұрпақтарының жарқын келешегіне тілекші қарттарымыздың арамызда осылай белсенділік танытып, аман-сау жүргені біз үшін үлкен қуаныш. Барлық аға буын өкілдерін бүгінгі мерекелерімен құттықтаймын, дендері сау, ғұмырлары ұзақ болсын!

Шопан ӘЛИЕВ,
«Думан» ықшамауданындағы «Белсенді өмір сүру орталығының» скандинавиялық жүріс жаттықтырушысы:

Денсаулығымыз жақсы, көңіліміз көтеріңкі!

Орталықта 300-ден астам мүшеміз бар. Ол жерде спорттың бірнеше түрі, би, қолөнер, компьютерлік сауаттылық, тіл үйрену секілді көптеген үйірмелер бар. Сондықтан орталықтың біз үшін орны ерекше.

Жігіттер бильярд ойнаймыз, қыздарымыз йогаға қатысып жатады. Түрлі іс-шараларға қатысып, әнімізді айтып, биімізді билейміз. Жас шамамыз қатар болған соң шығар, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Барлығы ойымыздағыдай болған соң, денсаулығымыз жақсы, көңіл-күйіміз көтеріңкі!

Одан артық не керек! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Барлығыңызға жақсылық тілеймін!

Рысалды АХМЕТОВА,
Белсенді өмір сүру орталығының мүшесі:

Жақсы достар таптым

Жасым 71-де. Орталыққа бес жылдан бері келіп жүрмін. Скандинавиялық жүріске қатысып келе жатқаныма да бес жылға жуықтады. Ағылшын тілін үйреніп жатырмыз, биге қатысып жүрміз. Қазір құрбыларымызбен бірге екі айналым жүгіруден жарыс болады. Соған қатысамыз. Спорттың бұл түрі денсаулыққа өте пайдалы екен.

Бұрын жиі-жиі ауырып қалатынмын. Қазір ол күндер ұмыт болды. Уақытымызды көңілді әрі тиімді өткіземіз.

Жақсы достар таптық. Біз сияқты үлкен кісілерге бұл орталық өте қатты ұнайды. Осындай қамқорлық танытып, жағдай жасап жатқан мемлекетімізге рахмет айтамыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:54

19:06

18:48

18:05

17:55

17:50

17:40

17:22

17:10

17:04

16:46

16:38

16:18

15:51

15:23

14:55

14:45

14:18

14:11

13:38

13:12

12:58

12:49

12:41

12:17