Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров әлеуметтік желілердің балалар санасына әсері күшейгенін айтып, кәмелетке толмағандардың цифрлық ортадағы қорғалуын жүйелі мемлекеттік саясат деңгейіне көтеруді ұсынды, - деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдады.
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың V Ұлттық құрылтайдағы сөзін негізге алып, қазіргі қазақстандық патриотизмнің басты қағидаттары – жауапкершілік, еңбекқорлық, заңға құрмет және дәстүрлі құндылықтарды қорғау екенін атап өтті. Президенттің "қоғамға жат мінез-құлық үлгілерін күшпен таңуға жол берілмейді" деген ұстанымы бүгінгі ақпараттық және цифрлық кеңістіктегі ахуалмен тығыз байланысты екенін айтты.
Депутаттың айтуынша, мемлекет тарапынан заңға қайшы контентті бұғаттау, балаларды зиянды ақпараттан қорғау тетіктері және платформалармен өзара жұмыс сияқты шаралар қолға алынғанымен, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы бұл бағыттағы тәсілдерді жаңартуды талап етеді.
"Мәселе тек контентте емес. Мәселе – өскелең ұрпақтың санасының қалыптасуында. Бүгінде әлеуметтік желілер – балалардың ойлау жүйесіне, моральдық бағдарына, әдетіне, өз еліне көзқарасына ықпал ететін негізгі ортаға айналды. Егер мемлекет тәрбиелемесе – көшенің тәрбиесі жүреді. Ал бүгін көшенің орнында – алгоритмдер!" – делінген сауалда.
Ерлан Сайыров цифрлық ортадағы жағдайды мәдениет пен ақпарат шеңберінен әлдеқайда кең, яғни идеология және ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе ретінде қарау қажет екенін жеткізді.
Сауалда депутат Сергей Пономаревтің Ұлттық құрылтайда көтерген ұсынысын еске сала отырып, 14–16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу тәжірибесін жан-жақты талдау қажетін атап өтеді.
Депутат Еуропадағы үрдістерді мысалға келтірген:
-
Францияда 2023 жылдан бастап 15 жасқа дейінгі балаларға қатысты "цифрлық кәмелеттік жас" туралы заң қолданыста;
-
Норвегия мен Испанияда 2024 жылы әлеуметтік желіні өз бетінше пайдалану жасы тиісінше 15 және 16 жасқа көтерілген;
-
2025 жылғы қарашада Еуропарламент ЕО көлемінде платформаларға өз бетінше қол жеткізудің ең төменгі жасын 16 деп белгілеу жөнінде резолюция қабылдаған.
Осыған байланысты депутат министрден төмендегі мәселелер бойынша түсініктеме беруді сұрады:
-
Балалар мен жасөспірімдердің ақпараттық қауіпсіздігін қорғауда жекелеген техникалық шешімдерден тұтас мемлекеттік саясатқа көшу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
-
Мүдделі мемлекеттік органдардың (Мәдениет және ақпарат; Оқу-ағарту; Жасанды интеллект және цифрлық даму және т.б.) цифрлық кеңістікте бірізді құндылықтық ұстанымдарды ілгерілету бойынша үйлестіру тетіктері қалай қалыптастырылады?
-
Кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігіне заңнамалық шектеу енгізу мүмкіндігі қарастырыла ма?