Журналистика саласындағы Олжас Сүлейменов атындағы Халықаралық сыйлық иегерлері белгілі болды.
Қазақстан Журналистер одағының кеңсесінде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған баспасөз конференциясы өтті. Оған белгілі қоғам қайраткерлері Олжас Сүлейменов пен Мұрат Әуезов, Қазақстан Журналистика Академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев, Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаев қатысты.
Кездесу Олжас Омарұлының 85 жылдық мерейтойына арналған «Өз жерінің Елшісі» кітабының тұсаукесерінен басталды. Кітапты Қазақстан Журналистика Академиясының вице-президенті Валерий Жандәулетов таныстырды. Содан кейін журналистика саласындағы Олжас Сүлейменов атындағы Халықаралық сыйлыққа белгілі мәдениеттанушы Мұрат Әуезов және Қазақстан журналистикасының ардагері Тілеужан Есілбаев ие болды. Журналистер одағының басшысы шығармашылық одақтың марапаттарын жариялады.
Биыл Олжас Омарұлы басқарған «Невада-Семей» қоғамдық-саяси ұйымының құрылғанына 32 жыл толды. 29 тамыз Халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні болып бекітіліп, Қазақстанның толықтай ядролық қарудан бас тартқанына 30 жыл толды. Осыған орай журналистерге арнайы марапат табысталды. Марапатталған журналистердің бірі – «Аlatay Aqparat» ЖШС-нің Бас директоры Төлеміс Бақтыбайұлы Күлмұхамедов.
Мұрат ӘУЕЗОВ,
жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері:
Олжас Сүлейменов атындағы Халықаралық сыйлыққа ол кісінің өз қолынан ие болу мен үшін үлкен бедел, құрмет. Тек мен ғана емес, біздің буын өкілдерінің, жалпы қазақтың рухын көтеріп, мәртебесін биіктеткен Олжас Сүлейменовтің өлеңдері мен зерттеу еңбектері деп білемін. «Қолда барда алтынның қадірі» жоқ деген сөз бар. Олжас Сүлейменовтей азаматтың ел үшін сіңірген еңбегі көзі тірісінде елену керек. Олжастай азаматты қазаққа бұйыртқан ол – тағдырдың жомарттығы.
Сағымбай ҚОЗЫБАЕВ,
Қазақстан Журналистика Академиясының президенті:
- Бүгінгі Қазақстан Журналистер одағының және Қазақстан Журналистер академиясының сыйлықтарын табыстау Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай ұйымдастырылды. Журналистер Академиясына биыл дәл осы күні 20 жыл. Белгілі «Алтын жұлдыз», «Алтын самұрық», «Аққу» атты марапаттарға қоса Олжас Омарұлының 85 жылдығына байланысты тағы да бір сыйлықты ұсынып отырмыз. Ол – публицистика саласындағы Олжас Сүйлейменов атындағы Халықаралық сыйлық. Сыйлықтың ең алғашқы иегерлеріне оны Олжас Сүлейменовтің өзі табыс етті.