Сыйлық пен сыйақы - егіз ұғым
Ганс Христиан Андерсен: «Қозғалу, тыныс алу, қалықтау, жүзу, сыйлық беру-алу, зерттеу, саяхаттау – міне, өмірдің мәні осы», - депті. Біреулер үшін бұл білгірдің ойы, өзі жазғандай, ертегі сипатында қабылдануы мүмкін. Десе де, астарында талай пайым-түсініктер тұнып жатыр.
Тарихнама. Мұның сыры ежелгі дәуірлерде жатыр. Жаһанға әйгілі Александр Македонский, Шыңғысхан, Әмір Темір сынды патшалар дүниедегі ең ауқатты тұлғалар саналған. Олар өздерінің даңқын жан-жақты пайдаланған және шығарған. Даңқты қолбасшылар өздерінің даңқын асыру мақсатында әр түрлі әрекетке барған. Қасында жүрген үзеңгілестеріне зәулім сарай, қапшық-қапшық алтын динар, тағы сол сияқты нәрселермен құрмет-разылығын танытқан. Оған дәлел ретінде 1520-1566 жылдары Осман империясын билеген Сүлеймен Сұлтанды алуға болады. Ол өзінің бас уәзірі әрі күйеу баласы Ибраһим пашаға арнап сарай салдырған деседі. Әрине, бұл зәулім ғимарат алтынмен апталып, күміспен қапталғаны сөзсіз.
Ерте заманда шексіз ризашылық білдіру әртүрлі сипатта болған. Бай-шонжарлар жібек мата, бағалы ішік, кейбірі қомақты тиын салынған қапшықтар ұсынған. Бұны әр елдің өзіндік салтымен, ғұмыр кешкен уақытымен, дағдысымен байланыстыруға болады. Қысқасы, патша, бай-бағлан, т.б разылығын түрліше білдірген.
Заманауи кезең. Бұрынғы білгір даналар «Сыйлық адам мен адам арасын жақындастырады» деп аталы сөз қалдырған. Біздің қоғам нарықтық аймақта күн кешуде. Әлеуметтік желіден ата-анасына, бауырына, досына, сыйлық жасап, қуантып жатқандарды көреміз. Таңданып, тамсанамыз. Осының барлығы жоғарыда айтылған тарихтың дамыған, жетілген сабақтастығы десек, артық айтпағандық.
Шығыс халықтары үшін сапалы тірлік бәрінен маңызды. Мәселен, Жапония, Оңтүстік Кореяда ынталандыруға баса мән берген. Тіпті, алдыңғы орынға шығарған. Айрықша ден қойған. Оларда компания, корпорациядағылар әртүрлі қаражат көлемінде сыйақы тағайындайтын көрінеді. Ол жағын әр ұйым өзінің ішкі құрылымына сай шешкен. Нақтырақ қанша айлық мөлшерінде беретінін өз ережелеріне сәйкес жасайды екен. Осы тақылеттес дүниені АҚШ, Түркия, Сингапур сынды дамыған елдердің тәжірбиесінен аңғарамыз. Осындай игі дәстүр елімізге де ойысуда.
Қаржыгерлер «сыйақы ынтаның артуына алып келеді» деп жатады. Тегі, дөп айтылған сөз. Әрбір істің жемісті, бәсекенің жеңісті болуына жетелейді. Сол мақсатқа жету жолында қырауар шаруа атқарылады. Ал нәтиже дәмін татуды әркім көксейді.
Биыл Тәуелсіздік мейрамы қарсыңында еңбегінің жемісін көріп, кеудесі медаль, орден тағынып, марапатқа алып жатқаны қуантады һәм қызықтырады. Сондай биік дәрежеде іс қылуға үндейді.
Түйін. Дүние жүзіндегі ең құнды сыйлық – Нобель премиясы. Кинода – Оскар. Осы сияқты тізім әр салада жалғаса береді. Сыйақы мен сыйлық - егіз ұғым. Мұны иеленуге еңбегі адал, тірлігі нық, іскер әрбір жан үмітті әрі лайық демекпіз.