«ҚазжолҒЗИ» АҚ «Суперасфальт» технологиясын Қазақстанға енгізу үшін ұлттық стандарттарды әзірлеуді жалғастыруда.
Осыған орай, отандық ғалымдар осы технологияны әзірлеушілердің бірі, профессор Хуссейн Бахиямен және Honeywell (АҚШ) компаниясының өкілдерімен кездесті. Ынтымақтастық аясында жолдардың ұзақ мерзімділігін және тиімділігін арттыруға бағытталған озық технологияны еліміздің жолдарына бейімдеу мүмкіндіктері талқыланды, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Америкалық сарапшылармен ынтымақтастық әдістемелік және ғылыми-практикалық деңгейде жүзеге асырылып, жөндеуаралық мерзімдерді ұлғайтуға және пайдалану шығындарын азайтуға бағытталған.
«Суперасфальт» әдістемесін еліміздің автожол жобаларына кезең-кезеңімен енгізу бойынша 2025–2030 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. Бұл әдістеме АҚШ, Ресей және басқа да елдерде сәтті жүзеге асырылған. Оның бірінші кезеңі — ұлттық стандарттарды әзірлеу. Қазіргі уақытта «ҚазжолҒЗИ» «Суперасфальт» технологиясын енгізу үшін қажетті үш негізгі ұлттық стандартты әзірлеуді аяқтауда. Келесі жылы пилоттық жоба аясында жаңа стандарттар бойынша алғашқы асфальтбетон жамылғыларының алғашқы километрлері салынады», — деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Ерік Әмірбаев.
Алдағы жылдары пилоттық жобаларға ғылыми-техникалық қолдау көрсету және тәжірибелік учаскелерді бақылау жүзеге асырылатын болады. Нәтижесінде «Суперасфальт» технологиясының тиімділігіне баға беріліп, жаңа стандарттарға көшу туралы шешім қабылданады.
Әдістеме белгілі бір аймақтардағы битумды байланыстырушы материалдардың пайдалану жағдайларын, сондай-ақ көлік жүктемелері мен қозғалыс қарқынын ескереді. Бұл стандарттарды енгізу ел инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды қадам болып, жолдардың қызмет ету мерзімін айтарлықтай арттырып, оларды күтіп ұстауға кететін шығындарды азайтады деп күтілуде.
Айта кетейік, әлемнің 120-дан астам елінде табысты қолданылатын «Суперасфальт» технологиясы климаттық жағдайларға және қарқынды трафикке жоғары төзімді жол жабындарын жобалауға мүмкіндік береді. Бұл бес климаттық аймағы бар Қазақстан үшін аса өзекті мәселе.