Алматы қаласының жоғары оқу орындарының студенттері арасында өткен «SanaQ» зияткерлік шоу ойынының ең тартысты кезеңі – гранд-финал өз мәресіне жетті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жоба Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы қолдауымен және «Алматы студенттер Альянсы» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Аталған бастамаға өзге этнос өкілдері бар студенттік топтардың қатысуы оның маңызын арттыра түсті.
Жобаның негізгі мақсаты – жастар арасында Қазақстан тарихын, мәдениетін, ұлттық дәстүрлерді және мемлекеттік тілдің рөлін кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, «SanaQ» ойыны студенттердің аналитикалық ойлау қабілетін дамытып, жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауға, сондай-ақ көшбасшылық қасиеттерін шыңдауға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, іріктеу кезеңіне Алматы қаласындағы 16 жоғары оқу орнының студенттері қатысып, олардың ішінен үздік шыққан 4 команда финалдық кезеңге жолдама алды. Гранд-финалда М.Тынышбаев атындағы ALT университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және Қазақ ұлттық аграрлық университеті студенттері бақ сынады.
Финалдық кезең барысында қатысушылар білім мен логиканы ұштастыра отырып, күрделі әрі қызықты тапсырмалар арқылы өзара бәсекеге түсті. Жүлде қоры 1 000 000 теңге болған ойын сұрақтары қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы және география пәндерін қамтыды.
Жоба Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында ұйымдастырылып, ел бірлігін дәріптеуді көздеді. Байқауға қазылық еткендер қатарында мәдениет пен өнер саласының майталмандары, қоғам қайраткерлері және депутаттар болды. Атап айтқанда, Айжан Нұрмағамбетова, қазақ театр өнерінің өкілі Асылбек Боранбай, «Қоғамдық келісім» КММ мүшесі Мұратхан Шоқан және Алматы қаласы мәслихатының депутаттары төрелік етті. Сондай-ақ, жас ғалымдардан құралған есеп комитеті байқаудың әділ өтуін қадағалады.
«Алматы студенттер Альянсы» төрағасы Айболат Нығметжанұлы өз сөзінде жобаның маңыздылығына тоқталып, қатысушылардың жоғары дайындықпен келгенін атап өтті. Оның айтуынша, байқау алдында студенттер 40 сұрақтан тұратын тест тапсырмалары арқылы іріктеліп, үздіктер ғана финалға жолдама алған.
Айта кету керек, «SanaQ» зияткерлік ойыны биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жоба жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, жастардың білімін шыңдайтын әрі елдік құндылықтарды дәріптейтін маңызды алаңға айналып келеді.
Дана САДЫРҚАН