AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
    • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
    • • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мәдениет / Сөз бағын өсірген суреткер

Сөз бағын өсірген суреткер

Мәдениет 08.07.2026, 11:51 10
Сөз бағын өсірген суреткер

Халық арасында «Сөз өнері дертпен тең» деген сөз бар. Әдебиетті ар ісі деп білетін жан үшін бұл – ауыр жүк, ал бір ғана емес, бірнеше бауырлас халыққа қызмет етуді мақсат тұтқан қаламгер үшін еселенген жауапкершілік. Ахметжан Ашири осы жүкті жарты ғасырдан астам уақыт абыроймен көтеріп келеді.

Оқырман оны ең алдымен ұйғыр жазушысы ретінде таниды. Дегенмен оның туындылары бүгін бір ұлттың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасына кіріп, әлемдік зияткерлік мұраның бір бөлшегіне айналды. Сексеннен асқан қарт қаламгердің жадында ауыр тағдыр да, аласапыран заман да, сүрлеуі жоқ жолдар да сақтаулы. Жазушының өзі «Мұңы жоқ адам суреткер бола алмайды» деп санайды. Оның айтуынша, көрген-білгені мен бастан өткергені оны ұдайы ойға жетелеп, қиял мен сезім ешқашан жайына қалдырмаған.

Қайғының алғашқы дәмін оған соғыс татырды. Әкесі майданнан екі аяғынан бірдей ауыр жарақат алып қайтты, ал ағасы Украинадағы ұрыста хабар-ошарсыз кетті. Артынша тағы бір соққы келді: ол туып-өскен Шарбақ ауылы «келешегі жоқ» деген селолардың қатарына енгізіліп, тұрғындары өзге елдімекендерге көшірілді. Аширилер отбасы көштің ең соңынан жылжыды. Есек арбаларға қауын тиелді, ат арбаға бар дүниені – ыдыс-аяқты, дутарды, ескі киізді, соғыстан оралмаған ағасының киімдерін жайғастырды. Болашақ жазушы сонда жейдесін шешіп, оған туған жерінің топырағын орап алған екен. Сол топырақты кейін Малыбайда мәңгілікке көз жұмған әке-шешесінің, ағасы мен әпкесінің бейітіне сепкенін қаламгер әлі күнге толқымай айта алмайды.

Малыбайға келген соң да отбасы 5 рет баспана ауыстырды. Әкесі қай жерге қонса сол жерге ағаш егетін. Бірде ол алма, өрік, шабдалы көшеттерін алып келіп, 8 баласының әрқайсысына жұмыс бөліп берді: бірі шұңқыр қазды, бірі су тасыды. Балта көтеріп шыққан Ахметжанға әкесі балтаның орнына қағаз бен қалам алып, неше көшет отырғызылғанын жазып отыруды тапсырды. Жазушы бүгін сол сәтті еске алып, қаламгерлік оған әкесінің ақ батасымен дарығандай сезілетінін айтады.

Шынымен де, қағаз бен қалам оның өмірлік серігіне айналды. Жерді жасылдандырған диқан әкенің ұлы адалдық пен адамгершіліктің дәнін миллиондаған оқырманның жүрегіне сеуіп, өнер бағбаны атанды. «Идиқұт», «Жалғыз жалбыз», «Баурчуқ арт Текин», «Өлмес болып туғандар» секілді шығармаларында өз халқымен қатар бүкіл түркі әлемінің тағдыры мен арманын жырға қосты.

Шығармаларының бірі – «Нұр ана» арада жарты ғасыр өткенде дүниеге келді. Оның басты кейіпкері – бүкіл ауыл көшкенде Шарбақтағы ескі зиратты күзетіп, жалғыз қалған қарт ана. Ол – атақонысқа деген адалдық пен сағыныштың бейнесі.

Жазушының есінде тағы бір сәт қалған: 7-нші сыныптан кейін Түрген педучилищесінде оқып жүргенде Сталиннің қайтыс болғаны хабарланды. Мұғалім де, студенттер де көз жасын төгіп жатқанда Ахметжан жыламады. Оның ойында жабылып қалған Шарбақ пен сонда жалғыз қалған Нұр ана тұрды. Туған жерге деген перзенттік сезім оның боына осылайша бала күнінен берік орнаған еді.

Шарбақтан кейін қоныс болған Малыбай да – жазушы үшін ыстық мекен. Өткен ғасырдың 90-жылдарында, әркім өз күнін өзі көрген ауыр уақытта, ол Алматыдан ауылға көшіп, 10 жыл бойы сонда тұрды және «Идиқұт» романын жазуға кірісті.

Белгілі жазушының келуі ауылдастары үшін де оңынан болды. Оның беделі мен іскерлігінің арқасында ауылдың көп мәселесі шешілді: Дүниежүзілік қайырымдылық қорының көмегімен жол жөнделіп, су мен жарық жүйеге келтірілді. Жазудан бөлек, ол 20 гектар жер алып, сол кезде Шелек өңірінде табысты саналған темекі өсірді. Жерлестеріне жерге ие болу мүмкіндігін жібермеу керек екенін айтып, уақытында дұрыс бағыт көрсетті.

Ауылда өткен жылдардың басты жемісі – «Идиқұт». Ақын Ғалым Жайлыбай бұл романды ұлттық шеңберден шығып, әлем әдебиетінің бір бөлігіне айналған туынды деп бағалады. 500 беттік романды жазушы 5 рет қолмен қайта көшіріп шықты. Соңғы нүктесін қойған түні қолжазбаны құшақтап, таң атпай далаға шықты. Алдымен әке-шешесінің бейітіне, одан өз егістігіне барып, жиде ағашының түбінде жалғыз отырып ұзақ жылады. Бұл – ұйғыр әдебиетінің зор жетістігін аяқтаған адамның қуанышы да, халқының бұралаң тарихын жүрегінен өткізген жанның өксігі де болса керек.

Роман әдеби ортада лайықты бағасын алды. Қ. Мұхамеджанов, Қ. Ысқақ, С. Мұратбеков, Ш. Елеукенов, Д. Досжан, Ә. Тарази, М. Мағауин, Б. Нұржекеұлы сияқты ірі қаламгерлер шығарманы жоғары бағалады.

Ахметжан Ашири дәуірдің ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтен дәріс алған. Әбіш Кекілбай, Оразақын Асқар, Қабдеш Жұмаділ, Шәрбану Құмарова, Марфуға Айтқожина сияқты сөз саңлақтарының біреуімен бірге оқыса, енді біреуімен жақын дос болды. Олар Ашириді адамдық қасиеті жоғары, ел мүддесін талғаммен жеткізе алатын майталман қаламгер ретінде сыйлады. Қалихан Ысқақ оны пендешілік пен ұсақтықтан аулақ, қоғамдағы ащы шындықты тайсалмай айтатын азамат деп таныды.

Жазушы әріптестер арасындағы дау-дамайда әділ пікірін айтып, арасы ашылғандарды татуластыруға тырысады. Оның пікірінше, көзқарастың әртүрлі болуы бірінің кемшілігін іздеуге немесе жақынды жау санауға себеп болмауы тиіс. Ол қаламдастарының бәрін жақсы көретінін ашық айтады.

Қаламгердің азаматтығы мен бауырлас қазақ халқына деген адалдығы ауыр сәтте де сыналды. Сондай кезеңнің бірі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Әділдік талап етіп алаңға шыққан жастар «бұзақы», ал тұтас қазақ халқы «ұлтшыл» атанып жатқан уақыт еді. Жазушылар Одағында Г. Колбин қатысқан пленумда Сафуан Шаймерденов қазақтардан бір шовинисті көрсетіп беруді талап етіп, жаланың шындыққа жанаспайтынын айтып, бұған өз басын тігетінін мәлімдеді. Ахметжан Ашири сол сәттің куәсі болды. Колбин жазушылардың пікірін жинап, Орталық Комитетке жеткізуді тапсырды. Бұл іс Жазушылар Одағы партия комитетінің хатшысы ретінде Аширидің мойнына жүктелді. Ол қазақ халқына таңылған жаланы терістеген, әріптестері қол қойған мәлімдемені Колбиннің өзіне тапсырды. Көп ұзамай Орталық «шовинизм», «ұлтшылдық» деген айыптаулардың негізсіз екенін мойындады. Осы шешімнің шығуына Аширидің де үлесі бар екенін бүгін біреу білсе, біреу білмейді.

Жазушының архивінде Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкей бар бір ескі сурет сақтаулы. Суреттегі 10-15 адамның ішінде бүгін тірі жүргені тек Ахметжан ағаның өзі ғана. Ол мұны тағдырдың тапсырмасы деп санайды: арамыздан кеткен асыл жандардың жақсылығын айтып жүру, кеше мен бүгінгінің арасындағы көпір болу оған жүктелген міндет секілді.

Ахметжан Аширидің жұмыс бөлмесінің қабырғалары төбесіне дейін кітапқа толы. Кітапты киелі дүние деп білетін қаламгер кеш сайын оларды ақырын сипап шығып: «Ертең қолыма ала алмасам кешіріңдер» деп іштей қоштасады екен.

Бұл деталь жазушының бүкіл болмысын ашып тұрғандай. Ол өмір бойы сөзге, елге және досқа адал болды. Шарбақтан жейдеге орап алған бір уыс топырақ сияқты, туған елінің тарихы мен арманын аялап сақтады. Әкесі еккен көшеттердің орнында бүгін бақ жайқалса, ұлының қаламынан туған шығармалар да бірнеше халықтың рухани бағына айналды. Шынайы суреткер бақыты дегеніміз осы болса керек.

Телеграм арнаға жазылыңыз
#әдебиет
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Саясаттанушы Нұрболат Нышанбай: «Халықтық құрылыс» жобасы адами капиталды дамытуға үлес қосады

Бүгін 12:15

Алматыда сақ дәуіріне жататын бірегей алтын әшекей табылды

Бүгін 11:39

Қазақстанда әскери барлау қызметінің құрылғанына 34 жыл толды

Бүгін 11:15

Алматы кітапханасында Жолдау басымдықтары талқыланды

Бүгін 10:22

Абай облысының фермерлері Алматыға арзандатылған бағамен 100 тоннадан астам азық-түлік әкеледі

Бүгін 10:16
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);