Ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін, тоқырау заманы суреттелген ең ірі көркем туындылардың бірі – Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» трилогиясы екені даусыз. Асыра сілтеудің ауыр зардабын арқау еткен бұл туынды жайлы кезінде академик Рымғали Нұрғалидың: «Автордың бізге әкелген олжасы – осы аласапыран жайларды аса бір жан тебірентер хикаялық тілмен жеткізіп отыруы. Бір-біріне ұқсас кештер, қалаға азық-түлік қамымен кеткен кірекештер, ошарыла көшкен ауыл, босқан ел, аштық, жоқтық қысқан жандардың үрей жайы әрдайым өзіне лайық суретпен, өзіне тін сезім, әсермен баяндалады да, жалпы мал баққан қазақ ауылының адам айтқысыз мүшкіл халін көз алдыңа әкеледі. Сол жылдар трагедиясын бұлай жалаңаштап көрсету бұрын болмаған», – деп жазғаны бар.
Айтса-айтқандай, қазақ тарихындағы ақтаңдақ тақырып шынайы суреттелген «Ақ боз үй» күні бүгін де құнды шығармалар қатарында. Мұның сыртында, ол сценарийін жазған «Өтелмеген парыз», «Сұрапыл Сұржекей», «Батыр Баян», «Кек», «Ай астындағы үй» фильмдері де – мән-маңызы, тағылымы ерекше туындылар. Сондай-ақ көзіқарақты қауым Смағұл Елубайды қоғамдағы түрлі құбылыстарға, әлеуметтік, рухани мәселелерге үн қосып, батыл пікір, ашық көзқарас білдіріп жүретін зиялы ретінде де біледі.
Ұлт руханиятына сіңірген еңбегі лайықты бағаланған қаламгер, жақында «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын иеленді. Құрметті атағымен құттықтай отырып, біз жазушының бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігін, ой-пікірін білуге тырыстық.
– Қалам ұстаған қауымның бірі болғаннан кейін әйтеуір не жазып отырамын, не оқып отырамын, – дейді кейіпкеріміз. – Тыныш отырған күнім болмайды. Соңғы жылдары сценарийден бөлек, «Қоңыр дәптерге қонған ойлар» деген ой-толғаулар жазып жүрмін. Ол қаламгердің өз заманындағы түрлі құбылыстарға берген бағасы тәрізді. Бәріміз жұмыр басты адамбыз ғой. Жақсылыққа қуанамыз, жамандыққа қуарамыз. Әрбір болып жатқан құбылысқа, әсіресе өз халқымыздың, өз қоғамымыздың арасында болып жатқан жағдайларға бей-жай қарауға болмайды. «Оң» деп немесе «теріс» деп айту – парызымыз.
– Ондай ойларыңызды, түрлі оқиғаларға көзқарасыңызды көркем шығармамен де, киносценарийлеріңізбен де жеткіздіңіз ғой. Ал қара сөзге көшуіңізге не себеп? Бұл өзекті ойларды берудің басқа жолын, публицистиканы таңдағаныңыз ба?
– «Қоңыр дәптерге қонған ойлар» публицистика емес. Публицистика деген – бүгін бар, ертең жоқ нәрсе. Ал мысалы, Абайдың «Қара сөздерін» публицистика деуге бола ма?
– «Қара сөздер» философиялық тұрғыдағы ой-толғамдар ғой...
– Міне, біз де сол абыздың дәстүрін ары қарай жалғастыруға тырыстық. Егер Абай атамыз бүгін тірі болса айтуы мүмкін нәрселерді, «болмасаң да ұқсап бақ» деп, сол пәлсапалық рухта жазудамыз.
– Сіз кезінде роман да, киносценарийлер де жаздыңыз, түрлі өткір тақырыптарға бардыңыз. Қазір оған не кедергі?
– Әдеби процес деген – өзі біртүрлі қызық рухани құбылыс. Меніңше, ол адамға жоғарыдан, яғни Жаратушыдан келетін бұйрық сияқты. Ол келген кезде жазбауға болмайды. Жазбасаң рухани дүниең жазым болатындай жағдайда жүресің. Сондықтан мейлі өл, тіріл, жазасың. 80 жылдары «Ақ боз үй», одан кейін «Мінәжат», сосын «Жалған дүние» деген 3 роман жаздық. Оның бәрі сол «Ақ боз үй» деген кітапқа топтастырылды. 2000 жылы трилогия аяқталды. Содан кейін, жаңа айтқанымдай, прозаны ары қарай жалғастыруға жоғарыдан бұйрық келмеді. Сосын біз сценарийлер жазумен айналысып кеттік. Қазір мен 11 киносценарийдің авторымын. Ал үлкен шығарманы жазбауға болмайтын, жазбасаң тірі жүре алмайтын жағдайға жеткенде ғана жазу керек деп ойлаймын. Ондай жағдай болған жоқ. Сол себепті жаза алмай қалдық.
– Сол 3 романыңызды кезінде Зейнолла Қабдолов сіздің батылдығыңыздан, тіпті батырлығыңыздан туған шығармалар ретінде бағалаған екен. Шынымен де ашаршылық тақырыбына жазылған көркем туынды іздесек алдымыздан, негізінен, осы романдар шығады. Өзектілігі өз алдына, тарихымыздың осындай ақтаңдақ тұсына қалам тартуға, өзіңіз айтпақшы, әлдебір тылсым жағдай, ерекше түйсік себепкер болды ма?
– Біріншіден, біз ашаршылықты бастан кешіп, Қазақстаннан қашқан ауылда өмірге келген баламыз. Біздің ауыл Қарақалпақстанға өтіп, соғыс жылдарына дейін сол жақта болды, киіз үймен жүріп, көшпелі тірлік кешті. Мен 4-5 жасқа келгенде біздің әкелеріміз, түгел бір ауыл Түркіменстанға барып, Ауғанстанмен шекарасында мал бағып отырды. Ашаршылық туралы әңгімені біз сол кезде ести бастадық, үлкен кісілер арқылы ол құлағымызға көп сіңді. 1961 жылы Қазақстанға көшіп келіп, Алматының №12 мектебінде оқып жүрген кезімде тарих оқулығында «30 жылдары ашаршылық болды» деген сөз болған жоқ. Оған таң қалып, «сонда өтірік айтқан кім: тарих па әлде біздің ауылдың үлкендері ме?» деп зерттеуге кірістік. Содан 30-жылдардың баспасөзін қарасақ, ол жерде де өтірік нәрселер көп. Кілең «бесжылдықтың балғасы», «жасасын, партия» деген әңгімелер.
Бірақ біз ресми баспасөзге, ресми оқулықтарға сенбедік. Осы оқиғаны зерттеу үшін кезінде өзіміздің ауыл көшкен Ақтөбенің Байғанин ауданына барып, ашаршылықты көрген үлкен кісілерді сөйлеттік. Көшкен жұрттың ізімен Үстірт арқылы жүріп өтіп, Қарақалпақстанға, одан әрі Түркіменстанға барып, көзіқарақты адамдардың әңгімесін тыңдадық. Сөйтіп, бізде 30-жылдардың ақиқаты туралы пікір қалыптасты және мұндай қасіретті жасырып қалуға болмайтын болды. Ол кезде оны шығармақ тұрмақ, «ашаршылық» деген бір ауыз сөз айтсаң басың бәлеге қалатын. Бірақ соған қарамастан жаздық.
Менің ашаршылық туралы роман жазып жатқанымды білген Зейнолла Қабдолов: «Айналайын-ай, босқа арамтер боласың-ау, қазіргі заманда бұл қиын тақырып қой», – деді. Айтса-айқандай, ол кісінің айтқаны келді. Тақырыбын айтқан кезімде баспалар тіпті оқымай-ақ, көрмей-ақ, ат-тонын ала қашты. Сөйтіп, ол шығарма 4-5 жыл жатып қалды. «Енді жағдай не болады?» деп жүріп, киносценарийлер жазумен айналысып кеттім. «Жыртық үйдің Құдайы бар» дегендей, әйтеуір Құдай Тағала оң көзімен қарап, 1989 жылы коммунистік цензура күйреді ғой. Сол кезден бастап романның тараулары жарыққа шыға бастады. Көп ұзамай Кеңес Одағының өзі де құлады. Әйтпегенде, «Одақты қалпына келтіреміз» деген ГКЧП билікті қолға алған болса, бізді де сол Мағжандардың соңынан Сібірге айдаған болар ма еді деп ойлаймын.
– Иә, өзіңіз айтқандай, ол кезде өтірік көп болды, шындық бүркемеленді. Бірақ айтпауға, жазбауға болмайтын жайттар бүгін де жетіп артылады ғой. Бірақ олар көп жағдайда қаламгер қауымның назарынан тыс қалып жатқан сияқты. Неге олай?
– Оны мен өзім де түсінбеймін. Өз басым проза жазуды тоқтатқаныма 23 жыл болыпты. Жазғым келеді. Бірақ жаңағыдай, адамның жан дүниесін баурап алатын нәрсе көңілімізге ұяламай тұр. Қоғамдағы түрлі құбылыстарды, жағдайларды мен назардан тыс қалдырып отырған жоқпын. Оларға қатысты ашық пікірім, өзімді толғантқан жайттар «Қоңыр дәптерге» жазылып жатыр.
– «Ақын болу шарт емес, азамат болу – парызың» дегендей, заманауи құбылыстарға пәлсапалық тұжырымдармен болса да үн қосуды азаматтық парыз санадыңыз ғой, солай ма?
– Әрине. Шынын айтқанда, бүгінгі қоғамның келеңсіздіктері жетіп артылады. Қалам ұстаған қауымның оны айтпай, үнсіз отыруына болмайды. Жаппай күреспесек біз аяққа тұрып кететіндей ел болмаймыз. Бүгінгі таңда қыз балаларға, әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық көбейіп кетті. Сол қайдан шықты? Мысалы, «Қоңыр дәптерде» мен осыған қатысты ой толғадым. Сонда «Кейбір нәрселерге ұялғанда ұятымыз табыттан ауыр болды, өлімнен күшті болды» деген жазба бар.
– Ал енді сіздіңше, осындай ұятты жағдайлардың, адам қолымен жасалатын қиянаттың, қатыгездіктің түп-төркіні неде? Неге осындай жағдайлар қоғамды жайлап бара жатыр?
– Шындығына келгенде, біз Құдайды күстаналаған кешегі атеистік қоғамнан шықтық. 70 жыл бойы бізді құбыламыздан жаңылтып, қызыл көсемге табындыртты. Қазақ қауымында сондай ата-анадан туған дінсіз, құдайсыз, имансыз ұрпақ балалап, өсті. Олардың дастарханында 70 жыл бойы дұға оқылмады, арақ қожайындық етті. Мінеки, сондай шаңырақта өскен иттің баласын Ібіліс жетелеп апарды да, өз баласына қатысты айтуға ауыз бармайтын айуандықтар жасатты. Күнделікті ақпарат құралдарынан осындай сұмдықтарды есту бізге өлімнен де ауыр.
– Енді қалай күресеміз? Не істеу керек мұндайда?
– Ата-бабаларымыз академия бітірмесе де, мыңдаған жыл бойы өзінің қарапайым қоңыр шаңырағында тіршілік етіп-ақ, мұндай сұмдықты бастан кешпеген. Өз баласына өзі қиянат жасаған әке деген арғы-бергі қазақ тарихында болмаған. Біз бүгін сол «әке» деген асқар таудай ұғымды аяққа бастық. Ал енді мұнымен күресудің жолы – ата-баба салтына оралуымыз керек. Қазақ шаңырағында Ібіліс салтанат құрмауы керек. Бүгінгідей өз әйелін өзі өлтіретін, өз баласын өзі зорлайтын азғындар сол Құдайсыз, имансыз шаңырақтардан шығып жатыр. Сондықтан арақсыз, иманымен өмір сүрген қазақтың дәстүрлі отбасы институтына оралуымыз керек, соны насихаттауымыз керек.
– Сонда қоғамдағы күллі келеңсіздіктердің бір себебі – имансыздықтан, дінсіздіктен дейсіз ғой?..
– Әрине. Имансыздық – екі дүниеде дауасы жоқ, ешқашан ем-домы табылмайтын індет. Оған ұрынған қауым сөзсіз бақытсыздыққа ұшырайды. Имансыз қоғам міндетті түрде құрып тынады.
– Соңғы уақытта байқап жүргеніміздей, халықтың, әсіресе жастардың дінге, имандылыққа бетбұрысы жаман емес. Бірақ жөн көрсетеді деген кейбір дін өкілдерінің өзі кейбір жағдайларда дұрысты «бұрыс» деп жұртты шатастырып, теріс пікір тудырып жүр емес пе?
– Дін деген нәрсе бір молданың немесе бір имамның жекеменшігі емес. Қазақ «молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деп бекер айтпаған. Дұрыс айтқан халқымыз. Негізі, дәстүрлі дініміз мыңдаған жылдар бойы халқымызды жаңағындай масқарадан, ұятты істерден сақтап келді. Басқасын былай қойғанда, қазақ отбасында тіпті ажырасу деген болмайтын.
– Дәстүрлі дініміз дегенде, сіз нені меңзейсіз? Оның шарттары, талаптары қандай?
– Мен бұл жерде сонау XI ғасырда Құл Қожа Ахмет Яссауи даламызға таратқан дінді айтып отырмын. Яссауи таратқан сопылық тариқаттың арқасында біз ислам дінін әрбір шаңыраққа енгіздік. Сол дін қазақтың отбасылық дәстүрлі салтына айналды. Ал дәстүрлі салтты дәстүрлі діннен айырып алу мүмкін емес. Қазіргі діннен ажыраған жастар сондықтан да бәрінен ажырайды. Олар отбасын қалай құруды, оны қалай ұстап тұруды білмейді. Сол себепті, бүгінгі таңда көтерілген әрбір 100 отбасының 40 пайызы құлап жатыр. Біз ананың, әкенің, баланың ролін білмейміз. Шетелдік кинолардан көрген нәрселерге еліктейміз де, өз шаңырағымызды өзіміз ортасына түсіреміз. Ал қазақтың отбасылық институты, ол – біздің көптеген елдердің қолы жетпеген байлығымыз.
– Әңгімеңізге рахмет!