Қызметкерлер скринингтік зерттеулерден өту үшін жыл сайын үш жұмыс күніне дейін ақылы әлеуметтік демалыс ала алады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Скринингтік зерттеулер аурулардың алдын алу мен оларды ерте кезеңде анықтаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі. Ерте диагностика емдеуді дер кезінде бастап, ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерге скринингтік тексеруден өту үшін әлеуметтік демалыс беруге міндетті. Бұл кезеңде жұмыскердің жұмыс орны мен орташа жалақысы толық сақталады. Аталған талап меншік нысанына қарамастан барлық жұмыс берушілер үшін міндетті.
Скринингтік зерттеулер денсаулық сақтау саласындағы заңнамаға сәйкес ұйымдастырылады. Белгіленген нысаналы топтарға кіретін азаматтар медициналық тексерулерден тегін өтеді.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуын тұрақты бақылауда ұстайды. Егер жұмыс беруші заң талаптарын орындамаса немесе азаматтардан шағым түссе, мемлекеттік еңбек инспекторлары тиісті заң аясында шара қолданады.
Департамент өкілдері жұмыс берушілерге қызметкерлерді скринингтік тексерулерден өтуге арналған әлеуметтік демалыс алу құқығы туралы алдын ала хабардар етуді ұсынады.
Еңбек заңнамасын сақтау тек құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, ұйымдарда жауапты корпоративтік мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Ал скринингтен уақытылы өту азаматтардың денсаулығын сақтап, өмір сүру сапасын жақсартуға және еңбек әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.