Алматы қаласындағы Salben Group кеңсесі – ұлттық болмыс пен заманауи стильдің үйлесімін тапқан ерекше этно-орта. Бұл кеңсе компания басшысы Алмат Бақытжанұлы тарихқа деген шынайы құрметін, ұлттық мәдениетті күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыруға деген талпынысын айқын көрсетеді. Осы мақсатпен Қоғамдық даму орталығының өкілдері компания кеңсесіне арнайы барып, ондағы ерекше рухани мәнге толы этно-әлеммен танысып қайтты.
«Тарих алыстап кеткенімен, егер біз өз дәстүрімізді сақтап, келер ұрпаққа аманаттай білсек – ол мәңгі өмір сүреді», – дейді Алматыдағы құрылыс саласында еңбек етіп келе жатқан компания басшысы Алмат Бақытжанұлы. Бұл қағида кеңсесінің әр бұрышында айқын көрініс табады.
2004 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан компанияның басты мақсаты – ұлттық мәдениетті заманауи кеңістікпен үйлестіре отырып, мәдени мұраның жаңа форматта тыныс алуына мүмкіндік ашу.
Керегелердің көне элементтері заманауи интерьері өзгеше тіпті этно нақыштағы баспалдақтарда үйлесім тауып тұр. Еденде — текемет, киіз және ұлттық өрнекті кілемдер. Бұл тек декор емес, өткенге деген құрмет, қазақы үйдің жылуын сезіндіретін ерекше атмосфера.
Залдың қақ ортасындағы әйнек үстелдің астына қамшы, өмілдірік, қоржын секілді қазақ мәдениетінің рәміздік бұйымдары қойылған.
Бүгінде Қазақстанның жалпыұлттық мағынаға ие үш басты символы сақталған:
- Шаңырақ - бірліктің символы
- Домбыра - ұлттық рухтың символы
- Абайдың қара сөздері - даналық пен адамгершіліктің символы
Salben Group кеңсесінде осының бәрі біртұтас композицияға айналып, заманауи бизнес-ортада этно-орталық деңгейіне сай кеңістік қалыптастырылған.
Өткеннің ізі алыстаса да, дәстүрді жалғастырар ұрпақ барда – тарих мәңгі өмір сүрмек.
Salben Group кеңсесі – ұлттық мәдениеттің заманауи өмірмен үйлесім таба алатынын дәлелдейтін көркем орта. Мұндағы әрбір деталь дәстүрдің терең тамырынан сыр шертеді, ал заман талабына сай жасалған шешімдер ұлттық құндылықтың бүгінгі күнде де өзектілігін көрсетеді. Осындай орындар ұлттың рухани іргесін бекітіп, мәдени жалғастықтың өз үлгісін қалыптастырады.