Дос таңдай білу де – өмірлік мақсаттардың бірі. Нағыз дос қиын сәттерде демей біледі. Түннің бір уағы болғанына қарамастан, ол тәтті ұйқысын қиып, досын тыңдай алады. Ал қуанышында риясыз көңілімен бірге шаттана кетеді. Онда досына деген күншілдік, сатқындық, екіжүзділік болмайды. Оған қалтқысыз сенеді. Ол оны ешбір жауға бермейді.
Сенің дәл осындай сондай досың бар ма? Бұл сұрақты біз жас оқырмандарымызға қойған болатынбыз.
Қанат ТОҚТАСЫН, 2-курс студенті: «Үнемі саяқ жүретінмін...»
Менің досым – Мейрам. Колледжде бірге оқимыз. Мен оны нағыз досым деп айта аламын. Бірінші курста жүргенде ешкіммен араласып кете алмадым. Аяғымды сылтып басатынымнан ұялып, көзге түсе бермеуге тырысып, үнемі саяқ жүретінмін. Осылай жалғызсырап жүрген сәттерімде жанымнан Мейрам табылды. Ол өте сезімтал жігіт. Менің елеусіз, тұйық жүретінімді аңғарған болуы керек, бірде дене шынықтыру сабағында өзі келіп бірінші тіл қатты. Рас, оның колледжде жақын араласатын жігіттері жетерлік. Көпшіл. Бірақ оның өмірінде менің орнымның бөлек екенін сеземін.
Өткен оқу жылында Мейрам бір жігітпен ерегісіп қалды да, екеуі бір-бірінің жағасынан алды. Кабинеттің терезесі сынды. Директор Мейрамды оқудан шығарамын деді. Колледжде «крышам» істейтіндіктен, досымды аман алып қалу үшін «терезені сындырған мен» деп тұрып алдым. Сөйтіп, мәселе тез шешілді. Осы жазда бір-біріміздің ауылымызға қыдырып барғалы жатырмыз. Достығымыз нығайып келеді.
СӘБИТ, базарда сатушы: «Өтірігін кешіре алмадым»
Жасыратыны жоқ, базарда алдап-арбаусыз күн көру мүмкін емес. Иә, тауарымыз тез өтіп кетсін деп кейде түрлі қулыққа да басасың. Бірақ нағыз досым деп жүрген адамыңның өтірігін кешіру қиын екен. Бір ауылда өсіп, бір сыныпта оқып, қалада жүргенімізге үш жыл болған досымды әлі танымаған екенмін деп ойладым.
«Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады» деген рас сөз екен. Ол менің тауарларымнан білдіртпей ұрлап отырыпты. Базардың екінші басында отыратын жездесіне таси беріпті аяқкиімдерімді. Бұл сатқындығын көтере алмадым. Біз базарда қазір де бірге тұрамыз. Сәлеміміз түзу. Жігітпіз ғой, жаға жыртысып жатқанымыз ұят шығар деп, арыға бармадым. Бірақ арамыз бұрынғыдай емес. Өткенде анасы кездесіп қалып: «Сәбит, неге жоғалып кеттің? Апа, палау жасаңызшы деп арсалаңдап кіріп келетінің бар еді, кейінгі кезде мүлдем көрінбейсің», – деп бәйек болып жатыр. Үлкен кісінің алдында не айтарыңды да білмей қалады екенсің. Достан қалған көңілді қалай жеткізерсің?!
АЙМАН, студент: «Құрбымды қызғанып қаламын»
Менің досым жақсы адам. Сабырлы, ойлы. Тіпті, анам кейде «Раушандай салмақты болсаң қайтеді, сен көп күлесің» деп үлгі етіп отырады. Менің аңқылдаған ашықтығым, оның байсалдылығы құдай берген мінез ғой енді. Менің айтайын дегенім, Раушанның кішкентайдан бірге өскен, интернатта жатып оқыған Жанат есімді сыныптас құрбысы бар. Кейде үшеуміз бірге қыдыруға шығамыз. Раушан Жанатты менен артығырақ көретін сияқты, қызғанып қалатын кездерім де жоқ емес.
Ондай сәттерде өзімді «бала кезден өскен құрбысы ғой» деп жұбатып қоятыным бар. Бірақ Жанат ондай құрметке тұрмайтын сияқты. Олай дейтінім, Жанат екеуміз оңаша қалғанда Раушанның өмірінің көлеңкелі тұстарын жиі айтып отырады. Жамандайды. Өтер дүние өтіп кетті емес пе. Жан құрбысының сыртынан түрлі әңгімелерді айтып алып, ертеңіне ештеңе болмағандай онымен бірге күліп-ойнап кетіп бара жататыны мені ойландырады. Ондай адамның күндердің күнінде аяғыңнан шалып, құлатып кетуі ғажап емес деп ойлаймын.
Раушан ешкімге жамандық ойламайтын аяулы қыз. Сондықтан Жанат туралы айтуға әлі күнге тәуекел ете алмай жүрмін.
P.S. «Жақсы киім бойға жарасса, жақсы жолдас ойға жарасар». Сіздің досыңыз кім, ол қандай адам?