Осыдан алты-жеті жыл бұрын Оңтүстік Кореяға жол түсті. Сонда кәріс халқының жастары арасында Құдайға сенбейтін, дін ұстанбайтын, еш дінге қатысым жоқ дейтіндердің көбін естігенде, таңқалған едім. Олардың қоғамында «мен дінсізбін» деп айту қалыпты нәрсе сияқты қабылданады. Ал ес білгелі «әлмисақтан мұсылманмын» дегенді естіп өскен қазақтар үшін ол енді мәдени шокпен пара-пар еді.
Бірақ соңғы кездері бұл дүниеде ештеңеге, ешнәрсеге таңқалмау керек дегенді естіп жүрмін. Өйткені, әрбір адамның тағдыры әртүрлі. Яғни біреуге сын тағып, мін айтпастан бұрын сен сол адамның киген аяқ киімін киіп, жүрген жолымен жүріп көр дейді. Бірақ айтқым келгені ол емес.
Біздің қазақ қоғамы бертінге дейін өзін мұсылманбыз деп келген қоғам болатын. Бірақ соңғы кезде бұл ұғымның шеті сөгіле бастаған секілді. Себебі, бүгінгі қазақ жастарының арасындағы діни сенім әр алуан. Басым көпшілігі өзін мұсылманбыз деуі мүмкін. Бірақ арасында өзін атеист санайтындар, өзге дінді қабылдаған, барлық дінге құрметпен қараймын, бірақ дін ұстанбаймын дейтін небір жастар да баршылық.
Мәселен, шетел филологиясы бойынша қытай тілін оқитын 22 жастағы Жансұлу Бақытбекованың атеист екенін білген адамдар оның ойын өзгертуге тырысады екен. Өзінің айтуынша, ол кез келген адамның таңдауын сыйлай біледі, өзгелерге «мен сияқты болыңдар деп айтпаймын» дейді.
«Құрбымның намаз оқитын әке-шешесі мені көрген сайын дін жайлы уағыз айтатын. Бірақ ол маған ұнамайтын. Өзім атеист болсам да, өзгелерге «мен сияқты болыңдар» деп айтқан емеспін. Темекі шекпеймін, арақ ішпеймін. Кейбір намаз оқитын қыздар мен жігіттердің ораза ұстап жүріп, екінші күні арақ ішіп жүргендерін көрдім. Таңертең әдемі сөйлеп отырады да, кешке мүлде басқаша әңгіме айтатындарын байқадым. Содан менің ойым, дінге деген көзқарасым біраз өзгере бастады. Менің атеист екенімді білген адамдар менің пікірімді өзгертуге тырысып жатады. Бірақ бәрібір мен өз ойымда қаламын. Ауырып қалса немесе басында болып жатқан түрлі жағдайлармен келіспей, жолы болмаған кездері көптеген адамның Құдайды кінәлайтынын көрдім. Бірақ әрбір адамның басында болып жатқан барлық жағдайға ол өзі жауапты емес пе?» – дейді Жансұлу.
Бос уақытында көбінесе психологияға қатысты еңбектер, романдар оқитын Жансұлу қазір испан тілін меңгеріп жүр.
Ал атасы мен әжесінің қолында өскен Раушан үшін мұсылманшылық жат болған емес. «Кішкентай кезімде таңертең-кешке дұға оқу, Фатиха, Ықылас сүрелерін, Аятуль-курси оқу қалыпты жағдай болатын» дейді. Бірақ 23 жасында католик шіркеуіне кірген Раушан 27 жасында шоқынған. Бауыры мен сіңлісі оған түсіністікпен қараса, ата-анасы мен туған-туыстары оның бұл таңдауын әлі күнге дейін қабылдай алмайтын көрінеді.
«Дұға жасауды әжем үйретті. Ал атам Кеңес үкіметіне берілген коммунист болатын. Оқу бітіріп, жұмысқа араласып, Нұр-Сұлтан қаласына көштім. Сырттай қарағанда, аса бір үлкен жағдай болған жоқ. Бірақ 23 жасымда біраз қиындықтар басталды. Жұмыс жағынан қиналған кездерім болды, бірақ жаспыз ғой, неше түрлі амалын тауып, шығып жүрдім. Бірақ не істесем де жүрегімде бір бос қуыс бар, үнемі бірдеңе жетіспей тұратын. Менің бүкіл тіршілігіме бір мән-мағына беріп, толтырып тұратын нәрсе керек. Сол кезде кәдімгідей күйзеліске түстім. Әлі есімде, 22 наурыз күні болатын. Психологиялық кеңес беретін сенім телефонына хабарластым. Олар маған «сізден психологиялық, психикалық ауытқушылық көріп тұрған жоқпыз, психотерапевтке жүгініп көріңіз» деп нөмірін берді. Бардым. Енді мен өзімше ол менен қандай да бір травмаларды алып шығады-ау десем, олай болмады. Қатты берілмесем де, өзім Құдайдың барына сенетінмін. Оған ешқандай күмән жоқ. Ойлардан шаршағаным сонша, кәдімгідей салмақ тастап, қатты күйзеліске түсіп кеттім. Ол кездері ешқандай ауру-сырқау, жақын жандарымды жоғалту дегендей жағдайлар да болған емес. Сол үшін өзімдегі күйзелістің себебін анықтау керек болды. Психотерапевт «Құдайға сенесің бе?» дегендей сұрақтар қойды. Оның маған қандай қатысы бар ойлап қоямын іштей. «Сенбесеңіз өз еркіңіз, егер сенетін болсаңыз, бәрінен мағына іздесеңіз, сіздегі күйзеліс те соған байланысты болуы мүмкін. Мешітке барып көріңіз» деп кеңес берді. Әдеттегідей мешітке бардым. Ол жерден де жаныма жұбаныш таппадым. Мазхабтарды зерттеп, имамдарға сұрақ қойып жүрдім. Көп іздендім. Содан бір күні православ шіркеуіне кірдім. Сол жерден сондай бір жақындықты сездім. Бірақ олардың көп дүниесі мен үшін түсініксіз болатын. Шіркеу қызметкерімен, ондағы адамдармен сөйлестім. Католик шіркеуіне кірдім. Мұны енді логикалық тұрғыдан түсіндіру қиын, бірақ «Құдай осы жерде» деген ой келгені сол еді, өз ойымнан өзім шошып кеттім. Басында қазақтарды кездестірмедім, олар аз болатын, керісінше, поляктар, немістер сияқты басқа ұлттар жүретін. Күн сайын мешітке баруды да тоқтатқан жоқпын, арабша дұғаларды оқуды да тоқтатпадым. Бірақ католик шіркеуіне де барып жүрдім», – деп өз әңгімесімен бөліскен Раушан қазір католик шіркеуінде қазақтар тобы барын, онда бәрі қазақша дұға жасайтынын айтты.
Осыдан бірнеше жыл бұрын буддизмді ұстанатын қазақ қызымен танысып, сөйлесіп қалғаным бар. Сонда өмірден қиналып жүрген сәтінде «ақиқатты сол буддадан таптым» деген қазақ қызы таза үндістер секілді өмір сүретінін аңғарған едім.
Түрік ағайындардың дін ұстану әдебін сіңірген қазақ жастары да ортамызда көп. Батыстық көзқараспен ешкімге зияның тимесін, бірақ алдымен өзіңді жақсы көр. Діни сенімді балаға ата-анасы таңбау керек, ол есейіп, ақыл тоқтатқанда барып діни сенімді өзі таңдауға құқылы деген көзқарасты ұстанатын да бір топ жастар бар.
Қалай десек те, мұның бәрі бүгінгі жастар арасындағы діни сенімге қатысты көңіл-күйдің, таңдау мен көзқарастың, ойлау еркіндігі мен ақылға жүгініп, шешім шығарудың әр алуандығын көрсетсе керек. Яғни, бүгін мен қазақпын десе, мен – мұсылманмын дегенмен тең болмай тұр. Бәлкім, еркіндік дегенді бүгінгі жастар дінге қатысты еркін ұстанымда болу деп түсінсе керек.