«Алматы Ақшамы» газетіне берген сұхбатында ол цифрлық дәуірде баланың назарын қалай ұстап қалуға болатыны, ұлттық болмысы берік әрі әлемге ашық азамат тәрбиелеудің жолдары туралы ой бөлісті, - деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстандық педагог америкалық білім беру ортасына тап болғанда не өзгереді? Алматы қаласы Наурызбай аудандық Білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсайынова АҚШ-та жүріп батыстық үлгілерді сол күйінде көшіріп алуға ұмтылған жоқ. Керісінше, ол оларды ұлттық құндылықтарымызды нығайтудың тиімді құралы ретінде қарастырады.
«Алматы Ақшамы» анықтамасы
Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға жасаған ресми сапары барысында АҚШ-та білім алып жүрген қазақстандық жастармен кездесті. Сол тарихи кездесудің естелік фотосында Президенттің жанынан Алматы қаласы Наурызбай аудандық Білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсайынованы көруге болады.
Ол сол сәтті былай еске алады: «Бұл мен үшін жай ғана мәртебе емес, мемлекетіміздің жүріп өткен жолын терең пайымдауға мүмкіндік берген ерекше кезең болды».
«Болашақ» бағдарламасы аясындағы тағылымдамадан өту оның бала тәрбиесі мен білім беру туралы көзқарасын түбегейлі жаңаша қалыптастырған.
Наурызбай ауданы – Алматының ең қарқынды дамып келе жатқан аудандарының бірі. Мұнда көші-қон үдерісі жоғары болғандықтан, оқушы орындарына деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Осындай жағдайда Салтанат Амангелдіқызы 30 мыңнан астам оқушыға арналған 16 білім беру ұйымын біріктіретін аудандық білім бөлімін басқарып отыр.
Оның жетекшілігімен білім сапасын арттыру, жаңа мектептер салу, инновациялық жобаларды енгізу, оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар педагогтердің кәсіби дамуына және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Халықаралық озық тәжірибені меңгеру мақсатында Салтанат Құсайынова 2023 жылы Сингапурда, ал 2024 жылы Жапонияның Токио, Гифу және Нагоя қалаларында білім беру мен инновациялық жобаларды дамыту бағытында тағылымдамадан өтті. Ол отбасылық және ұлттық құндылықтарды нығайтуға арналған республикалық семинарлардың, сондай-ақ мектеп оқушылары арасында ұлттық киім мен ұлттық ойындарды насихаттауға бағытталған жобалардың бастамашысы болып табылады.
Оның бастамасымен ауданда Әкелер кеңесі мен Аналар кеңесі құрылып, «Әжелер мектебі» жобасы енгізілді. Ата-аналардың тәрбиедегі рөлін күшейту мақсатында әкелер форумдары өткізіліп келеді. Сонымен қатар экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған «Қалдықтарға екінші өмір сыйла» жобасы жүзеге асырылып, педагогтер арасында әскери-қолданбалы эстафеталар мен турнирлер ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстардың барлығы ұлттық дәстүрлерді сақтауға, отбасы институтын нығайтуға және отаншыл, рухани бай ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған.

– Мемлекет басшысымен Вашингтондағы кездесуіңіз жаңа Конституция қабылданған тарихи референдум кезеңімен тұспа-тұс келді. Сол сәтте қандай сезімде болдыңыз?
— Вашингтонда Президенттің жанында тұрып, өзіңнің ғана емес, Алматының бүкіл білім беру жүйесінің атынан қатысып тұрғаныңды сезіну ерекше әсер қалдырады. Сол сәтте өзімді әрі елшідей, әрі шәкірттей сезіндім.
Еліміздің осындай маңызды жаңғыру кезеңінде болашаққа нық қадам жасап келе жатқанына зор мақтанышпен қарадым.
«Болашақ» бағдарламасы – тек шетелдік диплом алып қайтудың жолы емес. Бұл – Отан алдындағы жауапкершілікті терең сезіну. Бір танысымның: «Елің саған мүмкіндік берсе, сен оны еселеп қайтаруға міндеттісің» деген сөзі есімде.
Әрбір «Болашақ» түлегі шын мәнінде көпір іспетті. Цифрландыру дәуірінде білімді педагогтер, дәрігерлер, инженерлер мен технологтер қажет. Біз елге тек білім қорымен емес, сол білімді туған жеріміздің игілігіне жұмсау жауапкершілігімен ораламыз.
– Кейде өз еліңді сырттан көргенде ғана тереңірек тани түсесің дейді. АҚШ-та сіз үшін ең үлкен жаңалық не болды?
— Бұл өте маңызды сұрақ. АҚШ-та жүргенімде Қазақстан Республикасының Елшілігі ұйымдастырған Passport DC мәдени жобасына қатысу бақыты бұйырды. Сол күні ұлттық киім киіп, қонақтарға қазақтың бауырсағын ұсынып, халқымыздың мәдениеті мен қонақжайлығын таныстырдым.
Ал ең үлкен әсер биік ғимараттардан немесе көпұлтты қоғамнан емес, мұғалімдердің рөлінен болды. Онда ұстаздар балаға дайын жауап бермейді, шешімді өзі табуға бағыттайды. Сыни ойлау мен дербестікке біздегі тәртіп сияқты жоғары мән беріледі.
Бұл мені өз мектептерімізге жаңаша қарауға жетеледі. Біз академиялық білімнің сапасын және ұстаз беделін сақтап қалдық. Бұл – біздің басты артықшылығымыз.
PISA зерттеулерінің нәтижесі бойынша пандемиядан кейін Қазақстан жаратылыстану ғылымдары бойынша қатысушы елдер арасында ең жоғары өсім көрсетіп, көрсеткішін бірден 26 балға арттырды.
Сондықтан бізге ешкімді қайталаудың қажеті жоқ. Біз олардың тұлға дамуына бағытталған тәсілдерін алып, өзіміздің берік іргетасымызбен ұштастыруымыз керек.
– Шетелде оқу мен тағылымдамадан өту балалардың ұлттық болмысын сақтай отырып, әлемге ашық болуына қалай ықпал етеді?
— Ұлттық мақтаныш пен жаһандық көзқарастың арасындағы тепе-теңдікті сақтау – өте маңызды міндет.
Мысалы, Сингапур секілді табысты мемлекеттер өз болмысын дәстүрлерін сақтай отырып қалыптастырды. Бұл шынайы патриотизмнің оқшауланумен ешқандай байланысы жоқ екенін дәлелдейді.
Мұғалім шетелге барып, өзге халықтардың мәдени мұрасына қалай құрметпен қарайтынын көргенде, туған тамырына деген көзқарасы да өзгереді.
Сондықтан біздің міндетіміз – балаларға қазақ болудың мәртебе екенін, ал әлем азаматы болудың өз мәдениетіңді абыроймен таныта білу екенін түсіндіру.

– Қазіргі білім беру жүйесі цифрлық ортаның балаға ықпалымен бәсекелесе ала ма?
— Біз цифрлық ортаны жеңе алмаймыз, әрі оған ұмтылудың өзі орынсыз. Біздің мақсатымыз – балаларды технологияны дұрыс пайдалануға үйрету.
Наурызбай ауданында жүзеге асырылып жатқан «Смартфонсыз мектеп» жобасы қазірдің өзінде оң нәтиже беріп отыр. Мұғалімдер балалардың сабаққа зейіні артып, оқу үдерісіне белсенді қатыса бастағанын атап өтуде.
Тірі қарым-қатынасқа, жобалық және зерттеу қызметіне тартылған бала үшін оқу кез келген ойыннан қызықты болады. Ал қызығушылық бар жерде жауапкершілік, құрмет және командада жұмыс істеу сияқты құндылықтар қалыптасады.
– АҚШ-та жинақтаған тәжірибеңізді алдағы жұмысыңызда қалай пайдаланбақсыз?
— Мен үшін тағылымдаманың басты нәтижесі – америкалық орта білім беру жүйесінің жұмыс тетіктерін терең түсіну.
Бұл тәжірибені педагогтердің кәсіби дамуына қатысты көзқарастарды жаңғырту үшін қолданғым келеді. Өйткені өз ісіне шынайы берілген мұғалімсіз ешқандай технология нәтиже бермейді.
Сондай-ақ мұғалімдер мен оқушылардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға басымдық беремін. Мектеп – тек білім беретін орын емес, өмір сүруді үйрететін орта.
– «Болашақ» бағдарламасының елдің адами капиталын дамытудағы маңызын қалай бағалайсыз?
— «Болашақ» – Қазақстанның өз болашағына салған ең тиімді инвестициясы.
Бағдарлама инженерлік-техникалық бағыттарға басымдық береді. Қазіргі таңда «Жасанды интеллект жүйелерін пайдаланушылар» секілді жаңа санаттардың пайда болуы да мемлекет болашаққа бағдарланғанын көрсетеді.
Бағдарлама түлектері заманауи әдістерді енгізіп, халықаралық әріптестікті дамытып келеді. Осындай мамандарсыз біздің адами капиталымыз әлдеқайда әлсіз болар еді.

– Наурызбай ауданындағы жаңа мектептердің ашылуы білім сапасына қалай әсер етуде?
— Наурызбай ауданы өте жылдам өсіп келеді. Биылдың өзінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 5,5 мың оқушыға арналған үш жаңа мектеп ашылды.
Оқушылар үшін зертханалармен, шығармашылық кеңістіктермен және спорт залдарымен жабдықталған жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырылды.
Алайда инфрақұрылымды дамыту жеткіліксіз. Мектептерді тиімді басқару да аса маңызды. Бұл – біздің келесі үлкен міндетіміз.
– Халықаралық тәжірибенің күнделікті жұмысыңыздағы орны қандай?
— Бүгінгі әлемде білім беру де жаһандық сипатқа ие болуы тиіс.
Мысалы, «Таза бейсенбі» жобасын іске қосқанда Жапония мен Сингапурдың үздік тәжірибелерін негізге алдық. Бірақ оларды сол күйінде көшірмей, ұлттық ерекшеліктерімізге бейімдедік.
Гарвардтың моделін алып келіп, ауыл мектебіне сол күйінде енгізу мүмкін емес. Кез келген жаңашылдық ұлттық мәдениет пен дәстүрге құрметпен қарағанда ғана нәтижелі болады.
– Қазақстандық ата-аналар мен ұстаздарға қандай кеңес берер едіңіз?
— Менің кеңесім қарапайым: балаларға тек білім беріп қана қоймай, білім алуды үйретейік.
Өйткені бүгін сұранысқа ие мамандықтардың ертең жойылып кетуі әбден мүмкін. Ал адалдық, еңбекқорлық, үлкенге құрмет және Отанға деген сүйіспеншілік сияқты құндылықтар мәңгілік.
Егер біз осы қасиеттерді балалардың бойына сіңіре алсақ, олар болашаққа бейімделіп қана қоймай, сол болашақты өздері қалыптастырады.
Өз елінің тағдырына жауапкершілікпен қарайтын азамат тәрбиелеу – әрбір ұстаз бен тәрбиешінің ең үлкен жетістігі.