Күн мен түннің теңелер шағы - Наурызнаманың 8-ші күні Ынтымақ күнімен жалғасады. Мерекеге орай Әуезов ауданында ауқымды іс-шара өтіп жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әуелде шамамен 2000 адам қатысады деп жоспарланған. Бірақ Наурыз думанын одан да көп көрермен тамашалауда.
Айта кету керек, бұл шара қаладағы жаңадан абаттандырылған демалыс аймақтарының бірі – Сайран көлі жағасында өтуде.
Сахнада Нұрлан Албан, Қайрат Түнтеков, Кенжебек Жанабілов, Ернар Айдар, Диана Шарапова, сондай-ақ этно-рок бағытындағы Ulytau тобы мен жас орындаушылар өнер көрсетіп жатыр.
Мерекелік бағдарлама тек концертпен шектелмейді. Аудан аумағында этно-гастрофестиваль ұйымдастырылып, ұлттық тағамдарды дәріптеп жүрген үздік мейрамханалар мен дәмханалар өз өнімдерін көпшілікке ұсынуда. Сонымен қатар арнайы этноауыл бой көтеріп, онда онға жуық киіз үй тігіліп, әрбірінде мерекелік дастархан жайылған. Келушілерге наурыз көже ұсынылып, ұлттық дәстүр кеңінен насихатталуда.

Мерекеге Алматы облысы Ұзынағаш ауылынан арнайы келген Сұлушаш Рахмет өз әсерін бөлісті. Ол Алматыдағы Наурыз мерекесіне алғаш рет келіп отыр. Құрбыларының шақыруымен Әуезов ауданындағы мерекелік шараға жолдасымен және жақындарымен бірге келген.
«Бүгінгі мереке өте жоғары деңгейде өтіп жатыр деп айта аламын. Осындай әдемі жерде, Сайран көлінің жағасында Наурызды қарсы алу біз үшін ерекше әсер сыйлады. Құрбыларым шақырған соң арнайы келдік, еш өкінген жоқпыз. Ұлттық дәстүрлер кеңінен насихатталып жатыр. Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын», – деді ол.
Еске сала кетейік, 21 наурыз – Ынтымақ күні. Алматы тұрғындары үшін Наурыз мерекесі ерекше есте қаларлықтай өтуде, ал Ынтымақ күні халық арасындағы бірлік пен татулықты одан әрі нығайтады.
Гүлжанат СЕМБАЕВА