Roblox ойыны: балалардың сүйікті алаңы неге қауіпке айналды?

Roblox ойыны: балалардың сүйікті алаңы неге қауіпке айналды? Сурет: ixbt.com

Желідегі ойындардың балалар үшін қауіпті екені аз айтылмайды. Кейінгі уақытта көпшілікке жақсы таныс  Roblox ойынының балалар үшін қауіпті екендігі туралы бейнеүндеулер жиі тарап кетті. 

Ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын анықтау үшін Aqshamnews.kz редакциясы Оқу-ағарту министрлігіне ресми сауал жолдады.

Министрлік жауабында оқу жылы қарсаңында ата-аналарға балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне қатысты үндеу жарияланғанын растаған. Бірақ ведомство мұндай ақпарат дәл осы аталған ойынға қатысты тараған деп нақтыламайды.

«Әлеуметтік желілерде тараған хабарламаларда «Roblox» ойыны нақты аталмағанын атап өтеміз. Басты мақсатымыз – жалпы интернет кеңістігінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналардың назарын онлайн ойындар мен әлеуметтік желілердегі қауіпті тенденцияларға аудару», – делінген министрлік жауабында.

Сонымен қатар, ведомство соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында бөтен адамдардың ойыншы кейпінде балалармен танысып, сеніміне кіріп, оларды жабық чаттарға шақыруы және заңға қайшы әрекеттерге итермелеуі туралы деректердің көбейгенін жоққа шығармайды.

Балаларға интернетте не істеуге болмайды?

• Жеке мәліметтерді (аты-жөні, мекенжайы, телефоны, отбасы туралы деректер) жариялау;

• Instagram, Telegram, TikTok, ВКонтакте сияқты әлеуметтік желілердегі қауіпті топтар мен анонимді чаттарға кіру;

• Ата-анасы тексермеген күмәнді онлайн ойындарды ойнау.

 

Ата-аналар не істей алады?

• Арнайы ата-ана бақылау функцияларын қосу;

• Баланың достары мен жазылымдарын қадағалау;

• Жалған аккаунттарға (иероглифпен, түсініксіз белгілермен жасалған парақшаларға) назар аудару.

 

Қауіпті белгілер:

• Бала дұрыс ұйықтамауы, түнде жиі оянуы;

• Денесінде түсініксіз жарақаттар пайда болуы;

• Тұйықталу, ашушаңдық, сөйлесуден қашу;

• Депрессивті немесе агрессивті мазмұндағы бейнелерді жиі қарау;

• Қорқынышты суреттер салу және мәнін түсіндірмеу.

 

Қайда жүгінуге болады?

• Құқық қорғау органдарына (102);

• Мектеп психологына;

• «111» байланыс орталығына (тәулік бойы, тегін);

• Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілге.

Roblox — әлемдегі ең танымал балаларға арналған ойындардың бірі. Ол “цифрлық құмсалғыш” қағидаты бойынша құрылған: пайдаланушылар өздерінің ойын әлемдерін жасайды, араласады және бір-бірін қонаққа шақырады. Тіркелудің жеңілдігі мен еркін қарым-қатынас жасау мүмкіндігі Roblox-ты оқушылардың сүйікті ойынына айналдырды. Бірақ дәл осы ашықтықты қылмыстық мақсатта пайдаланатындар да бар. Сарапшылардың айтуынша, алаяқтар балалармен чаттарда танысып, кейін әңгімелерді жабық арналарға ауыстырып, оларды қауіпті әрекеттерге итермелеуі мүмкін.

Соңғы жылдары бұл ойынға байланысты қауіптер туралы әлемнің жетекші БАҚ та жазып жүр:

         •        Bloomberg пен Wired деректеріне сүйенсек, балаларды қанау жағдайлары жыл сайын өсіп келеді: егер 2019 жылы мұндай оқиғалар жүздеп тіркелсе, 2024 жылға қарай олардың саны он мыңдағанға жетті.

         •        АҚШ-та ересектерге қарсы ондаған сот ісі қозғалды, олар Roblox арқылы балалармен байланыс орнатқан. Солардың бірі — Солтүстік Каролинада: ер адам 10 жасар қызға ішкі ойын валютасы Robux беруге уәде етіп, ашық-шашық суреттерін талап еткен.

         •        Еуропа мен АҚШ-тағы тергеулер барысында балалардың Roblox-та танысқаннан кейін жабық чаттарға өтіп, әдепсіз әңгімелерге тартыла бастағаны немесе қорқытып-үркітілгені анықталған.

         •        Ресейде 2025 жылдың тамызында Екатеринбург қаласының Орджоникидзев аудандық соты ер адамды 15 жылға қатаң режимдегі колонияға қамады. Тергеу дерегінше, ол 12 жасар бала­мен Roblox-та танысып, кейін оған қатысты зорлық-зомбылық жасаған.

         •        Түркия, Қатар және Кувейтте бұл ойынға шектеу қойылды, ал Индонезия билігі егер әзірлеушілер чаттардағы сүзгіні күшейтпесе, толық тыйым салынуы мүмкін екенін ескертті.

Оқу-ағарту министрлігі: «Азаматтар немесе ата-аналар белгілі бір ойынға қатысты қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес шағымдануға құқылы» екенін еске салады. 

Еске сала кетейік, бұған дейін сайтымызда желідегі қауіпті 10 ойынның тізімі жарияланған еді. Олар: 

1. «Көк кит» (Blue Whale Challenge)

2. «Момо» (Momo Challenge)

3. «Балкондан секіру» (Jump off the Balcony Challenge)

4. «24 сағаттық жоғалу» (24-Hour Missing Challenge)

5. «Құрғақ тұншықтыру» (The Choking Game)

6. «Файер-челлендж» (Fire Challenge)

7. «Тұншықтыру сынағы» (Pass-out Challenge)

8. «Қорқынышты бейнелер» және «сұмдық ойындар»

9. «Еденлава» (Floor is Lava Challenge)

10. «Тұз және мұз» (Salt and Ice Challenge) 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
3
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:08

14:57

14:43

14:35

14:21

14:18

14:15

14:13

14:09

13:59

13:55

12:55

12:31

12:12

11:55

11:54

11:47

11:44

11:21

11:17

11:05

11:02

10:53

10:47

10:41