Буын, омыртқа, бұлшықет және дәнекер тін аурулары баяу дамып, алғашқы белгілері байқалмай өтуі мүмкін. Уақытында дәрігерге қаралу аурудың дамуын тоқтатып, өмір сапасын сақтауда шешуші рөл атқарады.
Егер сізде келесі шағымдар болса, ревматологқа бару қажет, олар:
- Буындар мен бұлшықеттердегі ауырсыну немесе таңертеңгі қатайып қалу, қозғалыстың шектелуі;
- Буынның ісінуі, қызаруы, дене қызуының жоғарылауы немесе пішінінің өзгеруі;
- Үнемі шаршап жүру, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, салмақ жоғалту, дене қызуының себепсіз көтерілуі (37,5°C және одан жоғары);
- Бөртпе, қызару, қабыршақтану, ауыз қуысында жаралар, тері бедерінің өзгеруі, әсіресе буын маңында;
- Қол-аяқтағы ұю, шаншу, әлсіздік.
Ангина немесе стрептококкты инфекциялардан кейін ревматологқа қаралу маңызды, себебі бұл аурулар буын мен жүрекке әсер етуі мүмкін. Егер жақын туыстарыңызда ревматикалық аурулар болған болса, сізде де мұндай аурулардың даму қаупі жоғары.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ №2 терапия бөлімшесінің меңгерушісі, ревматолог дәрігер Майса Қалықованың айтуынша, ревматологияда «мүмкіндік терезесі» деген ұғым бар – бұл аурудың алғашқы кезеңі, яғни қабыну процесі әлі де қайтымды және дер кезінде басталған ем аурудың дамуын тоқтатуға мүмкіндік береді. Уақытында диагноз қойылып, ем басталса, тұрақты ремиссияға қол жеткізуге, буындардың бұзылуына жол бермеуге және науқастың белсенді өмірін сақтауға болады.
Қазіргі таңда ревматикалық ауруларды емдеуде «мақсатқа бағытталған ем» (treat to target) қағидасы кеңінен қолданылады. Бұл тәсілде дәрігер емді жеке таңдап, ауру белсенділігін тұрақты бақылауда ұстайды және нақты нәтижеге – қабынудың толық басылуы мен буын қызметінің қалпына келуіне қол жеткізгенге дейін терапияны түзетіп отырады.
Ауру белгілері байқалған сәттен бастап ревматологқа қаралу – емнің тиімділігін арттырып, асқынулардың алдын алудың ең маңызды қадамы. Тіпті жеңіл таңертеңгі қатайып қалу, буындардағы мезгіл-мезгіл ауырсыну немесе терідегі өзгерістердің өзі де ревматикалық аурудың алғашқы белгісі болуы мүмкін.
Симптомдардың күшеюін күтпей, ерте кезеңде тексеріліп, қажет болса ем бастаңыз. Уақтылы көмек – денсаулық пен белсенді өмірдің кепілі.