Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен осы жылдың 5 маусымына белгіленген республикалық референдумға санаулы ғана уақыт қалды. Ал Қазақстан қоғамы дәл осы ұсынылып отырған конституциялық реформалардан кейін елімізде үлкен өзгерістердің болатынынан үмітті. Осы орайда ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директоры Еркін Тұқымов референдумға дайындыққа қатысты кейбір мәселелерге тоқталып, конституциялық түзетулердің ең маңызды аспектілеріне шолу жасады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.
- Қазақстандықтардың басым бөлігі ҚР Президентінің конституциялық реформа жүргізу бастамасымен қатар, Ата заңға енгізілетін түзетулерді жалпыұлттық референдумға шығару шешімін де дұрыс қабылдап отыр. Дегенмен, дауыс беру тәртібіне қатысты түрлі пікірдің де бар екені жасырын емес. Ұсынылып отырған түзетулерді жекелеген баптармен емес, бір топтамамен енгізу дұрыс па?
- Шындығында тұрғындардың басым бөлігі Президенттің референдум өткізу бастамасын қолдайды және де бұны біздің мәліметтер де растап отыр. ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты «қазақстандықтардың конституциялық реформалар мен референдумға қарым-қатынасы» туралы телефон арқылы сауалнама жүргізді. Зерттеу биыл 9-12 мамыр аралығында өткізіліп, еліміздің барлық өңірлерінен 1 200 респонденттен сауалнама алынды. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесі көрсетіп отырғандай, қазақстандықтардың 76,4 пайызы Президенттің жалпыұлттық референдум өткізу туралы идеясын қолдайды. Ал 18 жастан асқан үш қазақстандықтың екеуі оған қатысуға ниетті. Өткізу тәртібі «Референдум туралы» Конституциялық заңда жазылған. Бұл ретте конституциялық түзетулер реформаның өзіндік біртұтас, логикалық әрі идеялық тұрғыда өзара байланысты кешені екенін түсіну өте маңызды. Оларды елдің саяси жүйесін жаңғырту жөнінде жүктелген мақсатқа жету үшін бірге әрі тұтастай қабылдау қажет. Сондықтан да әрбір жекелеген бап бойынша референдумда дауыс беру мәселесі көтерілген жоқ. Бюллетенде бір ғана сұрақ болады.
- Институттарыңыз өткізген сауалнама мәліметтеріне қарасақ, алдағы жалпыұлттық референдумға қазақстандықтардың 66,4 пайызы қатысуға ниет танытып отыр екен. Ал дауыс беру қорытындысында оң шешім қабылданатынына сенім бар ма?
- Қалай десек те, сарапшылар сәуегейлік жасамай, керісінше ғылыми нақтыланған және сенімді мәліметтер негізінде әрекет етуі әрі ойлауы тиіс. Ұланғайыр еліміздің барлық өңірі респонденттерінің басым бөлігінен сауалнама алдық және де алынған мәліметтер қазақстандықтардың көпшілігі – 66,4 пайызы референдумға баруға дайын екенін көрсетіп отыр. Жалпы, тұрғындардың конституциялық түзетулерге қолдау көрсетуі көп жағдайда екі факторға байланысты болмақ. Біріншіден, түзетулерді қабылдау үшін қажетті дауыс берушілер қатысуы тиіс. ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, бүгінде сайлаушылар тізілімінде Қазақстанның 11 695 439 азаматы бар. Ал референдум өтуі үшін оған сайлаушылар тізіліміне енгізілген республика тұрғындарының жартысынан көбі, яғни, шамамен 6 млн адам қатысуы тиіс. Екіншіден, конституциялық өзгерістерге қолдау білдіру халықтың түзетулердің маңызы жайында хабардар болуымен тікелей байланысты. Демек, адамдарда конституциялық өзгерістердің мақсаты мен нәтижелері жайында нақты түсінік болуы шарт. Осыған орай, алдағы уақытта өтетін референдум жайында азаматтар арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі өзекті бола түспек. Әрбір қазақстандық еліміздің Ата заңына қандай өзгерістер, Президентіміз бастамашылық жасаған теңдессіз саяси реформалар қалайша өзінің өміріне әсер ететінін, қандай Қазақстан құратынымыз, елдің болашағы үшін олардың жауапкершілігі неде екенін көре алуы тиіс. Бұл асыра сілтеусіз тарихи мүмкіндік екені сөзсіз. Ең бастысы, Мемлекет басшысы айтқандай, мұны науқаншылдыққа айналдырып, сол арқылы игі бастаманың беделін түсіріп жібермеуіміз керек. Әзірше, барлығы дұрыс қалыпта өтіп жатыр.
- Осынау тарихи сәтте ұсынылып отырған конституциялық түзетулердің қайсысын барынша өзекті деп санайсыз және неліктен?
- Ең алдымен ұсынылған конституциялық түзетудің барлығы да уақыт сынымен түзетілген әрі осынау кезеңнің тарихи аралығында өзекті екенін түсіну қажет. Түзетулер мемлекет жұмысының негізін құраушы қағидаттарына қатысты. Орталық және жергілікті өзін өзі басқарушы органдардың құрамы мен қызметін айқындайтын ережелер мен тәжірибелер өзгеріске ұшырайды. Айталық, бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлу шешім қабылдаудың жаңа тетіктерін модельдеуге және саяси бәсекелестікті арттыруға бағытталған. Түзетулер қабылданғаннан кейін саяси партиялар үшін бірдей жағдай және мүмкіндіктер жасалатынына да назар аударған жөн. Мәселен, ұсынылып отырған нормаға сәйкес, Президент өзінің өкілеттігін жүзеге асыратын кезеңде қандайда бір саяси партияға мүше болмайды. Өз кезегінде әкімдер, олардың орынбасарларына да саяси партиялардың филиалдарында лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ конституциялық реформаларды қайта қарау халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейтуге бағытталған. Бұл жерде барынша маңызды мәселе – азаматтардың мүддесін білдіретін Парламент пен мәслихаттардың рөлін күшейту. Өйткені, мәслихат депутаттары халық атынан Президент балама негізде ұсынатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімін тағайындауға ықпал ету мүмкіндігін алады. Дегенмен, менің жеке өзімнің пікірімше, мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру мемлекетті дамытуға әсер етеді. Ұзақ уақыттан бері «орталық - өңірлер» желісі бойынша қабылданатын шешімдердің тым ұзақ келісілуі салдарынан жергілікті жерлердегі проблемалардың тиімсіз әрі дер уақытында шешілмейтіні айтылып келеді. Өңірлерге мол еркіндік, оның ішінде қаржылық та еркіндік беру қажет. Шағын қалаларды айтпағанның өзінде, Жезқазған, Семей мен Талдықорғанның проблемалары сол жерде шешілуі тиіс.
- Қандай да бір саяси күштер референдумды наразылық акцияларын, тіпті жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру үшін пайдалануға тырысуы мүмкін деп ойламайсыз ба?
- Республикалық референдумда елдің Конституциясына түзетулерді қабылдау немесе қабылдамауға қатысты бір ғана сұрақ болады. Әрбір түзету қоғамдық және сарапшылық ортада жан-жақты талқыланып жатыр. Қазір аталған өзгерістерге қатысты өз пікіріңді білдіруге мүмкіндік бар. Референдумда азаматтар Президенттің «Жаңа Қазақстан» идеясына дауыс береді, яғни оны қабылдайды немесе қабылдамайды. Басқа нұсқа жоқ. Демек, азаматтардың дауыс беруінің қандай да бір тосын нәтижесі болмайды. Сондықтан, референдум кезінде наразылық акциясын өткізуге себеп те байқалмайды. Дегенмен, демократиялық қоғамда сайлау процесі барлық уақытта да белсенді медиалық сүйемелдеумен жүреді. Ал еліміз үшін республикалық референдум тарихи ауқымдағы оқиға саналады. Сондықтан да көңілі толмайтындардың, саяси жаңғыруды қолдамайтындардың, алдағы референдумды өзіне назар аудартудың медиалық тәсілі ретінде пайдаланғысы келетін күштердің тарапынан тәуекелдер барлық уақытта да болады. Демек, наразылық акцияларының орын алу мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз. Бастысы, олар еліміздің заңнамасы аясында өткізілсе болғаны.
- Заңнаманы жаңартылған Конституциямен сәйкестендіру үшін қанша уақыт керек деп ойлаймыз?
- Мемлекет басшысы Жолдауында өз бастамаларын жүзеге асыру үшін Конституцияға өзгерістер енгізу, сонымен қатар жылдың соңына дейін 20-дан астам заң қабылдау қажет екенін атап өткен болатын. Басқаша айтар болсақ, конституциялық реформа – бұл саяси жаңғыру жолындағы бірінші әрі ең маңызды қадам. Жаңартылған Конституция заң жобаларын одан әрі әзірлеу және қабылдау, ел заңнамасын жаңа конституциялық нормаларға сәйкестендіру үшін негіз болады. Президент жүктеген мерзімді ескерер болсақ, саяси-құқықтық жүйедегі барлық өзгеріс жылдың соңына дейін енгізіледі және 2023 жылдан бастап Қазақстанның саяси жүйесі жаңаша жұмыс істей бастайды. Екінші жағынан, біз қазірдің өзінде жаңа саяси және геосаяси шынайылықта өмір сүріп жатырмыз.
- Сұхбатыңызға рахмет!