Рейхстагқа Жеңіс туын алғашқылардың бірі болып тіккен батыр 1924 жылдың 19 қазанында дүниеге келген. Ол тек батыл жауынгер ғана емес, әділ әрі жауапты азамат та болған.
Шара кезінде Рақымжан Қошқарбаев ұзақ жылдар бойы басшылық еткен «Алматы» қонақүйінің жанында жиналғандар естелік тақтаға гүл шоқтарын қойды. Олардың қатарында №102 жалпы білім беру мектебінің оқушылары да болды, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов жасаған ерлік тарихта мәңгі сақталады, - деді «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-майор Махмұт Телегусов. – Бұл 1945 жылдың 30 сәуірінде болды. Олар Рейхстагқа Жеңіс Туын алғашқылардың бірі болып тіккен еді. Біз осы және өзге де соғыс батырларының есімдерін әрдайым есте сақтауымыз керек. Олардың арқасында әлемде бейбітшілік орнады.
Осы пікірмен Ұлы Отан соғысының ардагері Тамара Максимова да келісті. Рақымжан Қошқарбаевтың құрдасы мінберге сергек қадаммен келіп, батыр жайлы естеліктерімен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңес айтты.
Рақымжан Қошқарбаев ұзақ әрі бақытты өмір сүрді. Оның есімі әлі талай жылдар бойы жадымызда сақталады. Мен сіздерге елімізге қажет істерді жасауды тілеймін. Сонда өміріңіздің босқа өтпегенін сезінесіздер, - деді Тамара Александровна.
Батырдың немересі Дәурен Қошқарбаев өз кезегінде жас ұрпақ мұндай ерліктерді білуі тиіс екенін атап өтті.
«Вечерка» тілшісіне Рақымжан Қошқарбаев туралы естеліктерімен «Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен соғыс балалары ардагерлер кеңесі» қоғамдық қорының төрайымы Райхан Жапарханова да бөлісті.
Мен оны жақсы есімде сақтадым, біз көп жылдар бойы көрші тұрдық. Біздің үйде ол кезде көптеген ардагерлер өмір сүрді. Рақымжан Қошқарбаев көп қиындықтарды бастан өткерді, бала кезінде ата-анасынан айырылды, бірақ соған қарамастан өмірге деген қуанышын сақтай білді, - деп еске алды Райхан Жапарханова.
– Мен сол кезде жас қыз болдым, бірақ оның күлімсірегенін, әсіресе бізге, балаларға ерекше назар аударғанын есімде жақсы сақтадым. Оны шынайы батыл адам әрі әрқашан әділдікті қолдайтын тұлға деп айтатын.
Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған шаралар еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатыр