Қосмойынды немесе «Қоссаз» домбыра – әлемдегі ең көне музыкалық аспаптардың бірі
Бұдан жарты ғасыр бұрын Бидайық асар қалашығының орнын қазғанда шыққан «Қоссаз» домбырасы екі жыл бұрын Ресей музейінен табылған еді. Жәдігерді елге белгілі археолог Әзілхан Тәжекеев тапқан болатын. Біздің заманымыздағы төртінші ғасырға тиесілі «Баба домбыра» енді әлем ғалымдарының да назарын аудара бастаған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Қосмойынды немесе «Қоссаз» домбыра – әлемдегі ең көне музыкалық аспаптардың бірі. Түпнұсқасы Ресейдің Шығыс мұражайының қорында сақтаулы тұр. Ал Қызылорда облыстық музейіне оның көшірмесі қойылды. Ғалымдардың айтуынша, өткен ғасырдың 70-жылдары Хорезм экспедициясының олжасына айналған құнды жәдігер біздің заманымыздағы IV ғасырмен мерзімделеді.
«Елімізге белгілі археолог Әзілхан Тәжекеев ол кісі Ресей Федерациясының шығыс музейінде болып, арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, осы домбыраны қолдан өзі қолдап жинаған болатын. Сөйтіп, үлкен жаңалық қылып шығарды. Бұл «Баба домбыра» деген атқа ие үлкен құнды дүние. Бұл дүние Сыр елінде табылғандықтан осы Сыр елінің музейінде Қызылорда облысының айнасы саналатын облыстық музейде тұру керек деп шештік», – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Әйгерім Бекқұлиева.
Кезінде Монғолиядан табылған шекті аспап біздің заманымыздағы VII ғасырға жатқызылып, «Ата домбыра» аталып кетсе, Сыр еліндегі қос мойынды аспаптың тарихы одан 3 ғасырдай ерте екенін ескерген археологтар «Баба домбыра» деуге толық негіз бар, дейді. Және бұл туралы Әзілхан Тәжекеевтың ғылыми жариялымына норвегиялық ғалымдар да қызығушылық білдіріп, өз зерnтеулеріне қосқан.
«Бұл мақала жоғары рейтінгілі журналда жарияланды. Ізін ала Израильдің, Англияның газеттері бұл жайлы жан-жақты жазып жатыр. Ол мақалалардан байқайтынымыз Сантон Ху обасындағы лираның атасы табылды. Соның түпкі нұсқалары шығып жатыр. Қазақстан территориясынан 4 мың шақырым қашықтықта деген сияқты таңқалыспен қазір БАҚ жазып жатыр. Бұл бір жағынан біздің жерімізде табылған осы жәдігердің Еуропамен байланыс болғанын дәлелдей түсетін тағы бір деректердің бірі деп айтуға болады», – деді тарих ғылымдарының кандидаты, PhD доктор Әзілхан Тәжекеев.
Көне «Қоссаз» домбыра Англиядағы Саттон-Ху обалы қорымынан табылған лира аспабынан да бірнеше жүздеген жылға көне екені нақтыланған. Мұндай құнды жәдігерлеріміздің қатары алдағы уақытта тіпті көбеюі мүмкін. Өйткені Ресейдің ғылыми орталықтары мен мұражайларында кеңінен зерттеуді қажет ететін 700-ге жуық ағаш бұйымдардың бөлшектері бар.