Қыс - бүкіл организм үшін қиын кезең. Жарық аз, күн суық, кез келген ағзаң ауруға шалдығуы мүмкін, соның ішінде тістің де ауруы осы уақытта жиілеп кетеді, өйткені жыл мезгілдерінің ауысуы оларға да қатты әсер етеді.
Қалай дейсің бе? Бұл сұраққа тіс дәрігері жауап береді.
Тістің саулығын сақтау үшін рационымызда болуы керек негізгі витаминдер мен микроэлементтер
Қыста ақуызға бай тағамдарды тұтыну маңызды, өйткені ақуыз тек тіс пен қызыл иекті ғана емес, бүкіл денені қалпына келтіру үшін құрылыс материалы қызметін атқарады. Кальций эмаль регенерациясына ықпал етеді, мырыш пен антиоксиданттар ауыз қуысындағы иммунитетті нығайтуға, ал фосфор шырышты қабықты қалпына келтіруге көмектеседі.
А тобындағы витаминдер шырышты қабықтың және иммунитеттің күйіне жауап береді, бірақ оларды мұқият тұтыну керек, шамадан тыс тұтыну да қызыл иектің проблемаларына әкелуі мүмкін. С дәрумені жетіспесе, тіс қанайды және түбі босайды, цинга сияқты ауру пайда болуы да мүмкін. D дәрумені эмальды қалпына келтіруге ықпал етеді. В дәрумені эпителий ұлпаларын қалпына келтіру үшін қажет. Омега-3 май қышқылдарының тіс саулығы үшін де маңызы зор, сонымен қатар пробиотиктерді тұтыну да маңызды, олар тістерді тазарту және қорғау үшін сілекей шығаруға ықпал етеді.
Қандай азықтарды тұтынған жөн?
Әртүрлі және құнарлы тағамды жеу керек; тамақтану режимін ұстануға уақыт жеткіліксіз болса, витаминдер қосуға болады. Тамаққа сүт өнімдерін көбірек қосу керек: қантсыз йогурттар, ал тәтті нәрсені қаласаңыз, бал жеуге болады, бірақ оның аллергия тудыруы мүмкін екенін ұмытпаңыз. Ірімшіктер мен майы аз сүтті пайдалану қажет. Бұл тағамдарда кальций, ақуыз және пробиотиктер көп.
Көк шөптің де пайдасы көп: қырыққабат, шпинат төмен калориялы болса да, дәрумендер мен минералдарға бай, бұл тістердің табиғи қорғанысы – сілекейдің пайда болуына ықпал етеді. Көк шөптің құрамында кальций, фолий қышқылы, В дәрумендері көп, салат жапырағынан смузи дайындауға да болады – бұл да пайдалы.
Сондай-ақ жүрекжалғарды да қадағалап, тәттілердің орнына алма жеу керек: біріншіден, олардың құрамында көптеген пайдалы заттар, А, С витаминдері бар, екіншіден, алма жеу - тістерді механикалық тазалау. Өйткені, біз неғұрлым жиі тамақтансақ, соғұрлым жиі тісімізді тазалап, шаюымыз керек.
Қантсыз көк шай және қара шай тістегі қақтың пайда болуын баяулатады, жаңғақтар да пайдалы, оларда кальций мен ақуыз көп, ал көмірсулар аз.
Көмірсулардың мөлшерін азайту керек, әсіресе, тіске жабысатындардан аулақ болған жөн, мысалы, шоколадтар - тісжегі мен бактериялар үшін таптырмас қорек көзі. Алма, ірімшік, жаңғақтарды жеңіл тағам ретінде, ал сусын ретінде қантсыз суды қолданған дұрыс, газдалған сусындарда эмальды бұзатын қышқыл бар. Суды көп ішу маңызды, ол қызыл иекке пайдалы, тіпті ауыздан шығатын жағымсыз иісті де кетіреді.
Қантсыз сағызды тамақ жегеннен кейін бірден шайнауға болады, ол сілекейдің пайда болуына ықпал етеді және ауыздағы иісті жақсартады.
Витамин тапшылығының белгілері
Фолий қышқылы мен темірдің жетіспеушілігі қызыл иектің ауруымен байланысты және шырышты қабықтың жұмысына әсер етеді. Қоректік заттардың жетіспеушілігі қызыл иектің қызаруы мен қабынуымен, сондай-ақ олардың қанауымен көрінеді, бұл А дәрумені тапшылығымен туындауы мүмкін. Тістердің түбінің босауы С витаминінің азаюынан пайда болады, ал кальций мен фосфордың жетіспеушілігі тіс жегісінің дамуына одан әрі тістің құруына әкеледі.
Қысқы суық пен жыл мезгілдерінің ауысуы тіс саулығына қалай әсер етеді?
Қыста дәрумендер жетіспейді, күн суыта бастағанда біз жаңа піскен көкөністерді, шөптерді, жемістерді аз тұтынатын боламыз. Белгілі бір дәрумендердің, атап айтқанда, D дәрумені бізге жыл бойы жетіспейді. Сондай-ақ, әр түрлі диеталар, тамақтанудағы қатаң шектеулер ауыз қуысының саулығына, шырышты қабықтың және тістердің күйіне теріс әсер етеді. Ауа райының өзгеруіне реакция тригеминальды невралгияға тән, науқастар бірінші күзгі суықтың басталуы кезінде-ақ ауырсынудың асқынуын байқайды. Сондай-ақ, серуендеу кезінде суық ауаны жұту салдарынан ЛОР мүшелерінің әртүрлі аурулары да күшейе түседі.