ffin.kz

Қылмыстық процестің жаңа моделі өз нәтижесін беруде

Қылмыстық процестің жаңа моделі өз нәтижесін беруде Сурет: Kapital.kz

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Прокурор жиналған дәлелдемелерге тәуел­сіз баға беруге, азаматтар құқы­ғын бұзудың жолын кесуге, кінәсіз адам­дардың қылмыс үдерісіне тартылуына жол бермеуге, сотта айыптау жағын қол­дауға міндетті», - деп атап көрсетті.


Президент Жолдауда құқық қорғау жүйесіндегі кейбір елеулі кемшіліктерді атап өтіп, қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізуді тапсырған болатын. Мәселен, азаматтардың қылмыстық қудалауға негізсіз тартылатын жағдайлардың жиі кездесетінін, прокурорлардың істің мән-жайымен сотқа жіберілер алдында ғана танысатыны және басқа да өзекті мәселелер туралы айтты. Сондықтан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы дамыған елдерінің үлгісі бойынша қылмыстық саланы жаңғырту тапсырылды. Ол үшін азаматтардың құқықтарын уақытылы қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық стандарттарға жауап беретін модель қажет.


​Осы тапсырманы орындау мақсатында 2020 жылғы 31 желтоқсанда елімізде қылмыстық процестің үш буынды моделінің бірінші кезеңі енгізіліп, бір жылға жуық уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Ол қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары қозғалатын сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының «адамды күдікті деп тану», «іс-әрекетті саралау», «тергеп-тексеру мерзімдерін үзу», «істі тоқтату», «қылмыстық теріс қылық туралы хаттама» және «бұйрықтық іс жүргізу» сынды барлық түйінді процестік шешімдерін прокурормен келісуді және бекітуді көздейді. Бұл модельдің ерекшелігі – осы шешімдердің қадағалау органының келісімінсіз және бекітуінсіз заңды күші жоқ. Барлық рәсім цифрландырылған және қылмыстық іс материалдарын бұрмалау мүмкін емес. Сол арқылы қылмыстық істер бойынша негізгі шешімдер қабылдаудың үш буынды тиімді тетігі белгіленді.


Мұндай модельде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органдардың қызметі трансформацияланады. Бұл заңнаманы жетілдіру, сотқа дейінгі тергеп-тексеру тәсілдерін және прокурорлар мен тергеушілердің ұйымдастырушылық дағдыларын өзгертеді.


Құқық қорғау органдарының мәліметтері бойынша қазір қылмыстық процестің үш буынды моделі табысты іске асырылуда және ол сотқа дейінгі тергеп-тексеру заңдылығының кепілі болып табылады. Жаңа енгізілімдерді қылмыстық процеске қатысушылардың өздері де оң бағалады. Осы орайда жаңа модельдің артықшылығын өз басынан өткізген адамның пікірін тыңдап көрелік.


Жеке кәсіпкер Темірлан (толық аты-жөні өтініші бойынша көрсетілмеді) Алматы қаласында кеңсе тауарларын сатумен айналысады. Тауарларды көрші Қытайдан сатып алады. Оған бірқатар азаматтар мен ұйымдар кеңсе қағазын жеткізу туралы өтініш білдірген. Осылайша шарттар келісіліп, мәмілелер жасалады. Алайда белгіленген мерзімде Темірлан өз міндеттемелерін орындай алмайды. Тауарға тапсырыс берушілердің ұжымдық өтініші бойынша полиция алаяқтық фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін жаза 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.



«Жауап алу және беттестірулер кезінде мен тергеушіге 10 жыл бойы кеңсе тауарларын сатып алу-сатумен айналысатынымды көрсеттім. Екі жоғары білімім бар. Әрқашан өзімнің іскерлік міндеттемелерімді тиісінше орындаймын. Өтініш берушілерден алынған қаражатты тұрақты жұмыс істейтін әріптесім Қытай азаматына бердім, бірақ ол мені алдап кетті. Куәгерлерім бар. Енгізілген карантиндік шектеулерге байланысты қағазды жеткізу шарттарын уақытылы орындай алмадым. Бірақ мен міндеттемелерді орындаудан тартынбаймын», – дейді Темірлан.



Шұғыл тергеу әрекеттерінен кейін тергеуші Темірланның қылмыстық іс бойынша күдікті ретіндегі процестік мәртебесін анықтау туралы шешім қабылдады. Алайда қадағалау органы мұндай шешіммен келіспеді. Туындаған жағдай бойынша Алматы қаласы прокуроратурасы басқарма бастығының орынбасары А.Құрманов келесідей түсініктеме берді.



«Қылмыстық процестің үш буынды моделі аясында полицияның күдікті деп Б. деген азаматты тану туралы қаулысы келіп түсті. Ал іс материалдарын зерделеу мұндай шешімнің мерзімінен бұрын қабылданғанын көрсетті. Тауарларды сатып алу үшін ақша аударымы бойынша куәгерлерінің болуы туралы маңызды мән-жайлар тексерілмеген, кәсіпкердің жеке басына баға берілмеген. Оның алаяқтық жасағаны дәлелденген жоқ. Осыған байланысты прокуратура азамат Б.-ны күдікті деп тануға негіз боларлық деректерді анықтаған жоқ. Қылмыстық іс бойынша істің барлық мән-жайын объективті зерттеуге бағытталған қосымша тергеу әрекеттерін жүргізу туралы нұсқаулар берілді», – деді А.Құрманов.



Істі тергеу және прокурордың нұсқауларын орындау барысында тергеу Темірлан көрсеткен екі мүдделі емес куәгерді жедел түрде анықтады. Олар тауар үшін ақша қаражатын Қытай азаматына беру фактісін растады. Сөйтіп, құқығы қорғалған Темірлан да адал кәсіпкер ретінде оң бағасын алды. Ол салықтарды уақытында төлеп отырған, бұрын ешқандай жауапкершілікке тартылмаған. Полиция алаяқтық жасау ниетінің болмағандығын ескере отырып, қылмыс құрамының жоқтығына байланысты қылмыстық істі тоқтатты. Өтініш берушілерге азаматтық-сот тәртібінде өздерінің мүліктік құқықтарын қорғау тәртібі түсіндірілді. Прокуратура жаңа формат бойынша бұл шешімді заңды деп таныды және бекітті.



«Алмалы ауданы прокуратурасының араласуы арқасында менен барлық күдіктер алынып тасталды. Адвокат түсіндіргендей, қазір қылмыстық процестің жаңа жүйесі бойынша прокурорлар бір тәулік ішінде полиция органдарының процестік әрекеттерінің заңдылығын тексереді. Бұрын менде заңдық тұрғыда ешқандай проблемалар болған емес. Бірақ осы жолы сондай келеңсіздікпен алғаш рет бетпе-бет келгенімде, мен осы жаңа механизмнің тиімділігін сезіндім. Прокуратура мен полиция қызметкерлеріне барлық мән-жайды тез анықтағандары үшін алғысымды білдіремін», – дейді Темірлан. 



Қылмыстық процестің бұл моделі одан әрі дамитын болады. Бас қадағалау органы атап өткендей, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап прокурорлар аса ауыр қылмыстар бойынша, 2023 жылдан бастап сыбайлас жемқорлық бойынша, ал 2024 жылдан бастап қылмыстық істердің барлық санаттары бойынша айыптау актілерін өз бетінше жасауы тиіс.


 


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04