Қылмысқа қарсы нақты бағдарламалар

Қылмысқа қарсы нақты бағдарламалар Сурет: Polisia.kz

Аqshamnews.kz тілшісінің ресми сұрауына жазбаша жауап берген Қазақстан Республикасы ІІМ-нің баспасөз қызметінің мәліметінше, егемендік алғаннан бері елімізде қылмыс саны екі есеге төмендеді. Кісі өлтіру саны 4,5 есе қысқарды. Ал, халық саны бұл аралықта 1,5 есеге өсті.

Бұл нәтижеге ауқымды профилактикалық жұмыстардың арқасында қол жеткізіліп отыр.
Бүгінде қылмысқа қарсы нақты бағдарламалар іске асуда. Атап айтқанда: кісі өлтіру, ұрлық, киберқылмыс, интернет-алаяқтық, есірткі бизнесі, адам саудасы, экстремизм сияқты қылмыс түрлеріне қатысты бағдарламалар 2024-2026 жылдарға арналған. Жалпы, мұндай бағдарламалардың тиімділігі жоғары. Мәселен, аталған бағдарламалар қабылданған бір жылдың ішінде жалпы қылмыс деңгейі 7%-ға азайды. Оның ішінде: кісі өлтіру, қарақшылық, тонау, бұзақылық, ұрлық айтарлықтай төмендеді. Сондай-ақ бұрын сотталғандар тарапынан орын алатын қылмыстар, қоғамдық орындардағы, көшелердегі және атыс қаруымен жасалған қылмыстар да  азайды.

Көшелердегі қауіпсіздікті күшейту үшін патруль тығыздығы арттырылды. Саябақтар мен аула қауіпсіздігі басты назарға алынды. Халық көп жиналатын орындарда дабыл түймелері мен стационарлық бекеттер орнатылды.
Бейнебақылау жүйелері дамып келеді. Бюджетке салмақ салмай, әртүрлі меншіктегі камералар іске қосылып жатыр. Қазіргі уақытта  қоғамдық орындарда 1,5 млн камера жұмыс істейді. Оның 500 мыңға жуығы Жедел басқару орталығына қосылған. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын табады. Сауда орталықтары мен базарлардан бастап, вокзал мен әуежайға дейін ірі нысандар, мектептер, кіреберістер, лифттілер және автобустар да бейнебақылау жүйесіне қосылуда. Бүгінде қылмыстардың 58%-ы бейнебақылау көмегімен ашылып келеді. Биылдың өзінде 523 мың әкімшілік құқық  бұзушылықтың жолы кесілді.
Ішкі істер министрлігі балалардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында заңнамалық актілерді тұрақты негізде жетілдіріп отырады. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін жауапкершілік едәуір қатаңдатылды. Зорлау және жыныстық зорлық-зомбылық сияқты қылмыстардың түрлері ауыр қылмыстар санатына жатқызылды. Осылайша, тараптардың татуласу мүмкіндігі алынып тасталды.

Сонымен қатар, педофилдер енді кешірім жасау және мерзімінен бұрын босату құқығынсыз максималды қауіпсіздік мекемелерінде ұсталады. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстарды жасырған адамдарға қатысты 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік көзделген. 
Еліміздің барлық өңірлерінде әкімдіктер жанынан ведомствоаралық мобильдік топтар құрылды, олардың құрамына бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, мүдделі мемлекеттік органдар (әкімдіктердің, әлеуметтік қорғау, қорғаншылық және қамқоршылық, Денсаулық сақтау органдарының өкілдері, учаскелік полиция инспекторлары, прокуратура), сондай-ақ балалардың құқықтарын бұзу фактілеріне жедел ден қою үшін чаттар ашылды. 

Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Зорлық-зомбылыққа, жәбірлеуге (буллинг), кибербуллингке ұшыраған немесе куә болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету жөніндегі әдістеме іске асырылуда (2023 жылғы желтоқсанда ОМ, ІІМ, ДСМ, МАМ, ЕХӘҚМ мемлекеттік органдарының бірлескен бұйрығымен бекітілген).
Өткен жылдың 15 сәуірінде балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша заңнамалық түзетулер қабылданды. Әрбір мектепке кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық іс-шараларды тұрақты негізде жүргізетін учаскелік полиция, ювеналды және криминалдық полиция инспекторлары қатарынан полиция қызметкерлері бекітілді. 

Құқық бұзушылықтарды жүйелі түрде жасайтын балалар Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқығын қорғау комиссиясында қаралады және арнайы білім беру ұйымдарына жіберіледі. Балалардың заңға бағынатын мінез-құлқын қалыптастыру және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында полиция органдары тұрақты негізде нысаналы жедел алдын алу іс-шараларын жүргізеді. Осы және басқа шаралар балалардың құқықтарын қорғау саласындағы жағдайды айтарлықтай жақсартуға ықпал етеді.

Ішкі істер министрлігі ведомстволық оқу орындарымен бірлесе отырып, полицейлердің кәсіби жеделдігі, біліктілігін, құқықтық сауаттылығын және заманауи технологияларды қолдану қабілетін арттыруға бағытталған жаңа тәсілдерді әзірлеп, жүзеге асыруда. Оқу бағдарламалары практикалық дағдыларды, сыни ойлауды, құқық қолдану тәжірибесін және стандартты емес жағдайларда шешім қабылдау қабілетін дамытуға бағытталып құрылады. Білім беру бағдарламалары кәсіби стандарттарды ескере отырып жаңартылуда, инновациялық оқыту әдістерін, заманауи технологиялар мен жабдықтарды пайдалануға негізделген.

Қазақстан полициясының білім-білігін, кәсіби деңгейін әлемдік көрсеткіштерге сәйкестендіру бағытында тәжірибе алмасу жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Соның ішінде халықаралық ұйымдармен (ЕҚЫҰ, БҰҰ, ХЕҰ, ЕО, Еуропа Кеңесі, Интерпол, UNODC және т.б.) бірлескен тренингтер өткізіледі. 
IT саласындағы дағдылары бар криминологтарды даярлау бағдарламасы әзірлену сатысында, бұл бағдарлама да халықаралық тәжірибеге негізделген. 

Полиция қызметкерлерінің санына қатысты ақпарат қызметтік деректер болып саналады, ол жариялауға жатпайды.
ЖКО-ның статистикалық деректерінің және онда зардап шеккендер санының өсуі 2024 жылғы маусымнан бастап Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің ЖКО-ны есепке алу тәсілінің өзгеруімен байланысты, бұл Бас прокуратураның хатымен расталады (2025 жылғы 3 маусымдағы №2-01-25-38898).
Қазір денсаулыққа келтірілген зиянға қарамастан, ЖКО-дан кейін медициналық мекемелерге жүгінген барлық адамдар есепке алынады (бұрын сот-медициналық сараптама жүргізу қажет болған).
2025 жылдың 10 айында қаза тапқандар 3%-ға төмендеді. Тәуелсіздік кезеңінде еліміздің автопаркі 2 млн-нан 5,5 млн-ға дейін өсті. 

Сонымен қатар, ел арқылы өтетін 3 миллион транзиттік автокөлік бар. Бұл көлік саны мен жолдағы тығыздыққа әсер етеді. 
Бұл ретте, ІІМ қабылдап жатқан шаралар апаттылықты айтарлықтай төмендетуге қол жеткізді.
Сондай-ақ, апатқа бірнеше факторлар әсер етеді.
Бірінші фактор. Көлік тәртібінің төмендігі, ЖКО-ның 90% жүргізушілердің кінәсінен жасалады. 
Жыл сайын полиция 13 млн жол жүрісі қағидаларын (бұдан әрі-ЖЖҚ) бұзудың жолын кеседі. 2025 жылы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін жол ережелерін бұзушылық 20%-ға, қарсы жолаққа шығу фактілері 16%-ға көп анықталды, 16,6 мың «мас» жүргізуші ұсталды.

«Тәртіпті» арттыру үшін жолда патрульдік маршруттардың саны ұлғайтылды, жедел профилактикалық іс-шаралар өткізіледі («Қауіпсіз жол», «Құқықтық тәртіп», «Автобус», «Абайлаңыз, балалар!» және т.б.). 
Дрондардың көмегімен жол жүрісін бақылау енгізілді. Олар ЖЖҚ 3,6 мың бұзушылықты анықтады, оның ішінде 1 мыңы – қарсы жолаққа шығу, 300 факті – қауіпті басып озу. 
Олар 7 облыста қолданылады: Алматы, Атырау, Ақтөбе, ШҚО, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан.
Жолда ЖЖҚ бұзушылықтарды тіркеудің 27 мың автоматты камерасы орнатылды, олар 7,9 млн ЖЖҚ бұзуды анықтады.
ЖЖҚ бұзушылықтарды тіркеу жүйелерін енгізу жол жүрісіне қатысушылардың тәртібін арттырып қана қоймай, апат деңгейінің төмендеуіне айтарлықтай әсер етеді. 

Профилактикалық іс-шараларды өткізу үшін «өрескел бұзушылармен» барлық цифрлық шешімдерді («ITC», «Қорғау», «Іздестіру және бағдарлау жөніндегі аналитикалық платформа») және камераларды «ТОР» бірыңғай платформасына біріктірдік.
Бағдарлама міндеттерді кешенді түрде шешеді: 
- көлік жүрісін қадағалау;
- іздеуде жүрген автокөлікті маркасы, моделі және түсі бойынша іздеу;
- агрессивті жүргізетін «қауіпті жүргізушілерді» іздеу;
- 8 сағаттан астам үздіксіз жүретін «шаршаған жүргізушілерді» бақылау.

Апатты төмендету үшін алдын алу шараларын іске асыру мақсатында республикалық жолдарда орташа жылдамдықты бақылау енгізілді, бұл жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ЖКО санын азайту үшін маңызды мәселе. 
Қазіргі уақытта бақылау 8 негізгі автомобиль жолдарында орнатылған, оның жалпы ұзындығы 2 мың шақырымға жуықтайды. 
Екінші фактор. Жүргізушілерді даярлау сапасы. 
Тәртіпті арттыру, процестерді жетілдіру және жүргізуші куәліктерін беру кезінде заңдылықтың бұзылуына ықпал ететін жағдайларды жою мақсатында кезең-кезеңімен кешенді шаралар қабылданады.
Мәселен, ІІМ-нің 2024 жылғы 10 сәуірдегі №315 бұйрығымен механикалық көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау, емтихандарды қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларына (ІІМ-нің 02.12.2014 ж. № 862 бұйрығы) өз бетінше дайындалып емтихандарды тапсыру және А, В санатындағы, А1, В1 кіші санаттарындағы көлік құралдарын басқару құқығын алу мүмкіндігін болдырмау бөлігінде өзгерістер енгізілді. 

Тест өткізу кезінде емтихан сыныптарын техникалық жарақтандыру бойынша емтихан алушыларды биометриялық сәйкестендіруді, бейнежазбаны жүргізуді, металл іздегіштерді пайдалануды және т.б. қамтитын ең төменгі техникалық талаптар белгіленді.
Көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктердің ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, оқу ұйымдарында адамдарды есепке алуды ұйымдастыру көзделген.
Автомектепте оқу курстарын электрондық форматқа ауыстырумен аяқтау туралы қағаз түріндегі медициналық анықтамалар мен куәліктер алынып тасталды. 
Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап ІІМ «Азаматтарға арналған үкімет «мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-мен бірлесіп «Автомектеп» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі пайдаланылуда. 
Қазіргі уақытта автомектептер мен онда оқитындарды тіркеу, сондай-ақ оқу курстарын бітіргені туралы куәлік беру көрсетілген жүйе арқылы расталады.

Бас прокуратурамен бірлесіп автомектептерге тексеру жүргізіледі, тексеру нәтижелері бойынша жалған оқытудың 2 мыңнан астам фактісі анықталды, 32 автомектеп жұмыс істеуді тоқтатты, 75 автомектеп техникалық талаптарға сәйкес келмеді (өрт дабылының, рейс алдындағы медициналық тексерулердің, оқу көлік құралдарының болмауы, сондай-ақ электр қауіпсіздігі мен санитарлық нормалардың талаптарын орындамау).
Тексеру қорытындысы бойынша уәкілетті органдар жүргізуші куәліктерін беру кезінде заңдылықты бұзуға ықпал ететін жағдайларды жоюға бағытталған көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау процестерін жетілдіру жөнінде қосымша ұсыныстар әзірледі.

Оқу ұйымдарын ашудың хабарламалық тәртібінен рұқсат беру тәртібіне көшуді, сондай-ақ көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктер мен оқу ұйымдарының қызметіне мемлекеттік бақылау тетіктерін енгізуді көздейтін «Жол жүрісі туралы», «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңдарға түзетулер дайындалды.
Ішкі істер министрі мен Ұлттық экономика министрінің «Көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарында жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тәуекелдер дәрежесін бағалау критерийлерін және тексеру парақтарын бекіту туралы» бірлескен бұйрығының жобасы әзірленді.
Үшінші фактор. Жол инфрақұрылымы.
Өтетін көліктің транзиті ұлғаюда (3 млн бірлікке дейін). 
Бұл ретте жол инфрақұрылымы әлі де жеткілікті дамымаған. 
Халықаралық тәжірибе оның апатқа тікелей әсерін дәлелдеді.
Бүгінгі таңда республикалық жолдардың тек 12%-ы (25 мың шақырымның 3 мыңы) қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді.
Мұндай жолдарда қайта жөндеуден кейін адам шығыны бірнеше есе азайды.
Төрт және одан да көп жолақтары бар 6 мың шақырымнан астам жол салу қажет (1 санат).

Олардың ішінде облыс орталықтары арасындағы трассалар бар:
- Атырау, Ақтөбе және Орал;
- Өскемен, Семей;
– Қарағанды, Жезқазған, Қызылорда;
– Қарағанды, Павлодар және т.б.
Қауіпсіз жолдарды салу – бұл ұзақ мерзімді шаралар, бірақ апат жағдайына тікелей әсер ететін және қазір шешілуі мүмкін мәселелер бар.

Жолдардағы шұңқырлар, белгілердің болмауы, нашар жарықтандыру, қоршаулардың болмауы және жол қозғалысын дұрыс ұйымдастырмау, оның ішінде қайта құру немесе жөндеу жүргізілетін учаскелер әр өңірде бар.
Полиция 513,7 мың шақырымды қамтумен елді мекендердің автомобиль жолдары мен көше-жол желісіне 35,9 мың тексеру жүргізді, жол жүрісі қауіпсіздігіне теріс әсер ететін 65,1 мың ақау анықталды, оларды жоюға 34,7 мың ұйғарым берілді, 5,5 мың лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Нәтижесінде берілген нұсқамалар бойынша 1 мың шақырым қоршау, 760 бағдаршам, 11 мың жол белгісі орнатылды.
Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру үшін 59,7 мың шақырым тротуарларды, 15,3 мың шақырым жарықтандыруды, 3,1 млн сызықты метр тосқауыл қоршауларды, 1,8 мыңға жуық жаяу жүргіншілер өткелдерін жайластыру, сондай-ақ 1,2 мың жаяу жүргіншілер өткелдерін реттелмейтіндерден реттелетіндерге ауыстыру қажет.

 



Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:22

14:15

14:04

12:30

12:15

12:08

11:45

11:36

11:20

11:11

11:08

10:46

10:36

10:25

10:16

10:08

09:58

09:37

09:30

09:03

08:45

17:51

17:36

17:22

17:06