ffin.kz

Құзырлы орган тосын тәсілге баруды жоспарлап отыр

Құзырлы орган тосын тәсілге баруды жоспарлап отыр news.myseldon.com

Түрмелерде заңсыз ұялы телефондарды жаппай бұғаттау науқаны жүрмек


Қылмыскерлердің қамауда отырып, адам өлтіруге тапсырыс бергені әшкереленіпті. Сотталғандар "сыртқы әлеммен" хабарласып, түрлі заңсыз зат алғызады. Бұған тыйым салу үшін құзырлы орган тосын тәсілге баруды жоспарлады, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz inbusiness.kz сілтеме жасап.


Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) комитетінің хабарлауынша, 7 желтоқсанда Астана қаласындағы ҚАЖД №2 мекемесінде SIM-картаны сәлемдемеге жасырып өткізу әрекетінің жолы кесілді.



"Сотталған Т.-ға жолданған сәлемдемені тексеру барысында онда "насыбай" заты бар екі пакет табылды. Аршалы ауданы ПБ жедел-тергеу тобы келгеннен кейін насыбай толы пакеттердің ішінде 2 sim-карта болғаны анықталды. Осы факт бойынша Әкімшілік кодексінің 481-бабына сәйкес процестік шешім қабылдау үшін материалдар жиналды. Тасымалдаушыға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік жүктеледі", – деп мәлім етті комитет.



Осының алдында Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №70 қауіпсіздігі аралас мекемесіне ұялы телефондарды өткізу әрекетінің жолы кесілген болатын. Режим және күзет бөлімінің қызметкерлері пошта арқылы қабылдау бөлмесіне жеткізілген сәлемдемені тексеру кезінде одан печенье және шәй қорабының ішіне мұқият жасырылған ұялы телефондар мен SIM карталарды және құлаққап, USB сымдарын тәркіледі.


Режим және күзет бөлімі қызметкерлерінің баяндауынша, сим-карталарды өткізу үшін түрлі айла-шарғы қолданады: мысалы, пластик тарақтың ішіне мұқият жасырылған сим-карталар табылды.


Ақмола ҚАЖ мекемесінде жазасын өтеушілердің біріне сәлемдеме түрінде ерлерге арналған туфли жеткізілген. Сәлемдемені рентген аппараты арқылы тексеру кезінде қызметкерлерде күдік туады. Содан 40 жастағы сотталғанның қатысуымен аяқкиімнің өкшелері ашылып тексерілді. Нәтижесінде, қызметкерлер әлдебір тапқырдың оның өкшесіне "Nokia" маркалы ұялы телефонын, SIM карталарын және USB сымын жасыра алғанын біліп, таңғалыпты. 


Мекеме бастығы Руслан Оразметов темір тордың ар жағына байланыс құралдарын алып өтуге тыйым салу талабы бір мезетке толастамайтынын білдірді.



"Халық арасында да, сотталғандар арасында да мекемеге тыйым салынған заттарды алып кіруге жол берілмейтіні жөнінде үнемі түсініктеме жұмыстары жүргізіліп тұрады. Бұл сотталғандарға да, сол заттарды жіберетіндерге де зардап әкеледі. Соған қарамастан, тыйым салынған заттарды кез келген тәсілмен алып өту әрекеттері жалғасуда", – деді Руслан Оразметов.



Бұл мекемелерде қызметкерлердің қырағылығы, адалдығы арқасында қулығын асырмақ болғандардың қарау әрекеті іске аспады. Ал басқасында іске асқаны қанша?



"Ұялы байланыс құралдарын сотталғандар мекемелерден тыс жерлерде жаңа қылмыстар жасау, мысалы, алаяқтық, бопсалау және басқа да қылмыстық қызметті, оның ішінде трансұлттық қылмыстық топтарды, қауымдастықтарды ұйымдастыру және олардың ісін үйлестіру үшін пайдалана алады. Сонымен қатар, олардың көмегімен сотталғандар куәгерлерге және қылмыстық процестің басқа қатысушыларына қысым жасайды, тергеуді адастыру үшін серіктестермен келісіп отырады. Мысалы, Атырау облысы бойынша ҚАЖД УГ-157/9 мекемесінде жазасын өтеуші WhatsApp қосымшасы арқылы адам өлтіруге тапсырыс беріп, сыбайласына қажетті қару жасырылған орынды көрсетті. Сондай-ақ, сотталғандар ұялы телефондарды есірткі құралдар, кескіш-тескіш заттар, телефондар, өзге де тыйым салынған заттарды ҚАЖ мекемелерінің аумағына заңсыз жеткізуді ұйымдастыруға қолданады", – деп түсіндірді Ішкі істер министрлігі.



Одан да сорақы жайттар бар. Мысалы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаменті мекемелерінің бірінде жазасын өтеп жатқан сотталғанның ұялы телефонның көмегімен ұйымдастырған террористік акцияны жасау әрекетінің жолын кесті.


Құзырлы органдар биылғы қанды қаңтар оқиғалары кезінде де осындай жайттардың алдын алған екен.


2022 жылдың 10 айында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағына 203 тыйым салынған заттар лақтырылды. Олардың 100-і бойынша құқық бұзушы 104 адам ұсталды. Бірақ олар негізінен айыппұлмен құтылатыны құпия емес. Себебі, бұл тұрғыда да заңнама ізгілендірілген.


Биыл түрмелер аумағына лақтырылған буыншақтардан 407 бірлік ұялы телефон, 4,5 келі есірткі, 62 литрден астам спирттік ішімдіктер, 4 мыңнан астам психоактивті препараттар тәркіленді.


Бұл заманауи байланыс құралдарын жеткізу басқа да жолдармен жүзеге асырылуы мүмкін. 2021 жылы тек бір мекемеде – Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД ТЖ-158/7 ағаш материалдарын түсіру кезінде олардың арасына астыртын тығылған 137 ұялы телефон табылды.


Қызметкерлердің сақтығы арқасында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тек бір жылдың ішінде 3 мыңнан астам ұялы құрылғы тәркіленді.


Осыдан-ақ бұл қылмыстардың қандай ауқымға ие болғаны байқалады.


Бұл ретте біраз жылдан бері түзеу орындарында ұялы байланысты бұғаттау шаралары қолданылатыны мәлім. Бірақ қылмыскерлер оларды айналып өтудің жолын тапқан деседі.



"Сотталғандардан ұялы телефондарды тауып, тәркілеу, оларды жеткізу арналарын жабу және басқа іс-шаралар бойынша қабылданып жатқан шаралар жағдайды түбегейлі жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндік бермейтінін атап өту қажет. Осы саладағы техникалық прогрестің тұрақты дамуына байланысты жабық мекемелердегі ұялы байланыс блокаторлары моральдық тұрғыдан ескіреді және тиімділігін жоғалтады. Ал олардың қымбат болуы оларды уақтылы жаңартуға мүмкіндік бермейді", – деп түсіндірді ІІМ Қылмыстық-атқару комитеті өз талдауында.



Сондықтан ведомство бұл кесапатқа тосқауыл қоюдың тағы бір жолын ұсынып отыр: құзырлы органның сұрауымен ұялы байланыс операторлары бас бостандығынан айыру орындарында қолданылатын сим-карталарды жедел бұғаттай қоюы қажет.



"Арнайы контингенттің ұялы байланыс құралдарын заңсыз пайдалануына қарсы пәрменді шаралардың бірі – байланыс операторының өз желісі арқылы оған ұялы байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұруы болуы мүмкін. Бұл Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидаларына сәйкес, абоненттік құрылғы жұмысының сәйкестендіру коды бойынша жүргізіледі. Бұл үшін қылмыстық-атқару жүйесі органы өтініш жолдайды", – делінген жаңа заңнамалық өзгеріске түсіндірмеде.



Түрменің ұялы байланыс операторларымен өзара іс-қимылы мемлекеттік радиожиілік қызметінің бөлімшесі болып табылатын ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының Сәйкестендіру кодтары дерекқорының операторы (СКД операторы) арқылы жүзеге асырылады деп күтілуде.


Заңнамалық түзету қабылданса, онда ол тәсілді іске асыру алгоритмі келесідей болмақ:


Қылмыстық-атқару жүйесінің органы алдымен техникалық құралдардың көмегімен пеленгация жүргізу арқылы сотталғандардың қолындағы ұялы байланыс құрылғыларын анықтауға тиіс.
Содан соң олардың жұмысын тоқтата тұруды сұрап, СКД операторына мекемелер аумағында заңсыз әрекет ететін құрылғылардың IMEI-кодтарының тізімін жіберетін болады.
Соның негізінде СКД операторы абоненттік құрылғының жұмысын тоқтата тұру, яғни бұғаттау жөнінде шаралар қабылдайды.


Мамандар осындай тәжірибе Қазақстанда барына назар аудартады: мысалы, азамат смартфонын жоғалтып, не ұрлатып алса, ол полиция арқылы өтініш бере алады. СКД операторы ұялы телефон иесінің өтініші негізінде мобильді құрылғылардың жұмысын бұғаттап тастайды. Бірақ бұл механизм смартфон иесінің өтінішінің болуын қарастырады. Ал темір тордың ар жағына заңсыз ұялы телефон алып өткен сотталғандар өз еркімен ондай өтініш бермесі сөзсіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47