31 тамыздан бастап Қазақстанда құрылыс жүріп жатқан үйлерден баспана сатып алу тәртібін өзгертетін түзетулер күшіне енеді, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Бұл шаралар үлескерлердің құқығын қорғауға бағытталған. Түзетулер 30 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау қызметтерін көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңға енгізілді.
Жаңа ережелерге сәйкес, көппәтерлі тұрғын үй немесе жеке тұрғын үйлер кешенінен үлес сатып алуға байланысты барлық төлем тек қана банктер арқылы қолма-қол ақшасыз жүргізілуі тиіс. Яғни, құрылыс салушыға қолма-қол ақша беруге болмайды, қаражат уәкілетті компанияның банктік шотына аударылады. Бұл мәмілелердің ашықтығы мен қауіпсіздігін арттырады.
Маңыздысы, банк төлемді тек үлестік қатысу шарты бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркелген жағдайда ғана өткізеді. Егер шарт тіркелмесе, төлем жасау мүмкін болмайды.
Енді үлестік қатысу туралы заң талаптары орындалмаса, жаңадан салынып жатқан үйден баспана сатып алуға байланысты кез келген шарт жасауға тыйым салынады. Заңда:
Жаңа салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үй немесе жеке тұрғын үйлер кешенінен пәтерге және (немесе) тұрғын емес үй-жайға, жеке тұрғын үйге не олардың үлесіне меншік құқығын немесе өзге де заттық құқықтарды сатып алуға байланысты жеке немесе заңды тұлғамен, сондай-ақ бірлескен қызмет туралы шарт бойынша әрекет ететін тұлғамен (жай серіктестік, консорциум) кез келген шарт үлестік қатысу туралы заң талаптары сақталмай жасалмайды, – деп көрсетілген.
Банктер мен ипотека беретін ұйымдарға құрылыс салушының үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты немесе үлестік қатысу кепілдігі болмаған жағдайда, құрылыс кезеңіндегі баспана сатып алуды несиелеуге тыйым салынады.
Сонымен қатар уәкілетті компаниялар халықаралық рейтингі “B+”-тен төмен емес банктерде валюталық шот ашуға міндеттеледі.
Үлестік қатысу тәсілі ретінде Бірыңғай оператор кепілдігін алу көзделген жағдайда, уәкілетті компания екінші деңгейлі банктен халықаралық рейтингтік агенттіктің “B+”-тен төмен емес рейтингі бар шетел валютасындағы ағымдағы шот ашуға тиіс. Егер бірнеше агенттіктің бағалауы болса, ең төменгісі ескеріледі, – делінген заңда.
Инжинирингтік компаниялар тұрғын үй құрылысының барысы туралы есепті ай сайын ақпараттық жүйелер арқылы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жергілікті атқарушы органға, сондай-ақ Бірыңғай операторға немесе екінші деңгейлі банкке тапсырып отыруға міндетті.
Көппәтерлі үйді немесе тұрғын үй кешенін тапсыру мерзімі жобада көрсетілген күннен бес айдан артық шегерілмеуі тиіс.
Кепілдік шарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда, кепілдік жарнасының бір бөлігі құрылыс салушыға кепілдік мерзімінің қалған уақытына пропорционалды түрде қайтарылады.
Кепілдік беру шарты тек барлық үлестік қатысу шарттары бұзылып, үлескерлерге ақшасы қайтарылғаннан кейін ғана бұзылуы мүмкін, – делінген құжатта.
Сонымен қатар үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат немесе үлестік қатысу кепілдігі болмаса, көппәтерлі үйлер мен тұрғын үй кешендерін жарнамалауға толық тыйым салынады. Бұған жеке тұлғалардың да, заңды тұлғалардың да, сондай-ақ бірлескен қызметке қатысушылардың (жай серіктестік, консорциум) қаражатын тартуға бағытталған кез келген жарнама кіреді. Сонымен бірге нысандар бекітілген жобадағы тұрғын үй жіктемесіне сәйкес болуы тиіс.