Биылғы концерттік маусымның ашылу кеші Алматы қаласының туған күніне орай ерекше форматта ұйымдастырылады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
93-МАУСЫМНЫҢ АШЫЛУЫ – АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТУҒАН КҮНІ ҚАЛА КҮНІНЕ АРНАЛАДЫ
Биылғы концерттік маусымның ашылу кеші Алматы қаласының туған күніне орай ерекше форматта ұйымдастырылады.
Кеш барысында Алматы тақырыбындағы музыкалық шығармалар, қазақ киносының танымал саундтректері және классикалық туындылар орындалады.
Мерекелік бағдарламаны толықтыратын арнайы жобалар қатарында:
- Алматының символына айналған апорт алмасына арналған көрме;
- заманауи музыкалық форматтағы DJ-сүйемелдеу;
- ұлттық музыка мен заманауи технологияның үйлесімін көрсететін робот-дирижердің сахнаға шығуы.
КЕШТІҢ БАСТЫ ЖАҢАЛЫҒЫ – РОБОТ-ДИРИЖЕР
93-концерттік маусымның ашылуындағы басты жаңалықтардың бірі – робот-дирижердің сахнаға шығуы.
Жоба ұлттық музыкалық дәстүр мен заманауи технологияны бір сахнада тоғыстыруды көздейді. Робот-дирижердің қатысуы арқылы дәстүрлі оркестр өнерін жаңа форматта көрсету және ұлттық музыкаға жас көрермендердің қызығушылығын арттыру мақсат етіледі.
Бұл – қазақтың дәстүрлі музыкасын сақтай отырып, оны заманауи көркемдік және технологиялық шешімдер арқылы жаңа аудиторияға ұсынуға бағытталған шығармашылық эксперимент. Бұдан бөлек жаңа концерттік маусымда көрерменге: «Kurmangazy: next cover concert», «Шам жарығындағы әуен», «QURMANҒAZY COMPOSER LAB», «Cinema hits» сынды жаңа жобалар ұсынылады.
КЕШКЕ ҚАТЫСАТЫН ӨНЕРПАЗДАР
93-концерттік маусымның ашылу концертінде елімізге танымал өнер иелері қатысады. Атап атқанда: Жұбаныш Жексенұлы, Батыржан Мықтыбаев, Ұлжан Байбосынова, Айдос Жабағин, Асель Рақымжан. Оркестрдің бас дирижері, «Құрмет» орденінің иегері – Абылай Тілепберген. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Батыржан Мықтыбаев. Дирижерлар: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жексен Айсын, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Нарын Кажгали.
Концерт барысында көрермендер ұлттық оркестрдің орындауындағы дәстүрлі күй өнерінің жауһарларымен қатар, Алматыға арналған танымал әндер мен заманауи музыкалық шығармаларды тыңдай алады.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің 93-концерттік маусымының ашылуы – ұлттық музыкалық мұра, заманауи өнер және жаңа технология тоғысатын ерекше мәдени кеш болмақ.
Өтетін күні: 11 қыркүйек, 2026 ж.
Өтетін жері: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерттік залы. Алматы қ. Абылай хан даңғылы, 83-үй.
Басталуы: 19.00
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі - 90 жылдан астам тарихы бар, ұлттық музыкалық мұраны сақтап, оны заманауи мәдени кеңістікке танытып келе жатқан бірегей өнер ұжымы.
Оркестр репертуарында қазақ музыкасының алтын қорына енген Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина, Сейтек және басқа да көрнекті композиторлар мен күйшілердің шығармалары ерекше орын алады. Ұжымның басты миссиясы – ұлттық аспаптық музыка дәстүрін жалғастырып, оны жаңа буынға заманауи форматта ұсыну.
Байланыс үшін:
Құрманғазы оркестрінің баспасөз қызметі
Instagram: @kurmangazy_orkestri
Ресми сайт: kurmangazy-orchestra.kz
Байланыс телефондары:; +7 701 632 60 64; +7775 323 95 17