ffin.kz

Қорғаныс ведомствосында жыл қорытындысы шығарылды

Қорғаныс ведомствосында жыл қорытындысы шығарылды Сурет: Министрлік

 Жауынгерлік дайындық бағдарламасы қайта қаралды


Астанада генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың төрағалығымен Қорғаныс министрлігінің алқа отырысы болып өтті. Онда Қарулы Күштердің 2022 жылғы жауынгерлік дайындық қорытындылары шығарылып, алдағы жылға нақты тапсырмалар қойылды. Өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінің, құрамалар мен әскери бөлімдердің басшылық құрамы алқа отырысына бейнеконференцбайланыс режимінде қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.


Қорғаныс министрі атап өткендей, өткен жылы қорғаныс ведомствосы қызметінің негізгі бағыттары Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шараларға арналды. Оның ішінде жауынгерлік әзірлікті қолдаумен қатар, әскери қауіпсіздіктің өзекті қатерлерін ескере отырып, Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын жаңғырту, цифрлық тәсілдер арқылы әскери басқару жүйесін жетілдіру, армияны қазіргі заманғы жоғары технологиялық қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілерімен қайта жарақтандыру, жауынгерлік даярлыққа әскерлерді қолданудың жаңа әдістерін енгізу негізгі болып табылады. Меритократия қағидаты негізінде әскери білім беру мен кадр саясаты жүйесін дамыту, жеке құрамның кәсіби деңгейін арттыру, әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесі мен әскери қызметтің беделін арттыру, сондай-ақ жастарды әскери борышын өткеруге ынталандыру маңызды мәнге ие болды.



 – «Сыртқы контурдағы» ахуал күрделі. Сол себепті біз қалыптасқан жағдай мен биылғы жылы қол жеткізген нәтижелер негізінде Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмасын анық түсініп, жеке құрамға нақты жеткізуге тиіспіз. Ең бастысы, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы атап өткендей, басшылықта алдымызға қойылған міндеттерді сапалы әрі толық орындауға қабілетті адамдар болуы тиіс, – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.



2022 жылы қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге сәйкес Әскери доктринаға өзгерістер енгізілді. Қарулы күштердің құрамында жоғары мобильді және гибридті соғыстар жүргізуге қабілетті арнайы операциялар күштері құрылды.


«Батыл Тойтарыс – 2022», «Айбалта-2022» және «Бекет-2022» сияқты ауқымды оқу-жаттығулары барысында күштік құрылымдармен, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл пысықталды. Қарулы күштердің бөлімшелері халықаралық жаттығуларға қатысты. Олардың көпшілігі біздің еліміздің аумағында өтті.


Жауынгерлік дайындық бағдарламасы қайта қаралды. Әскери қызметшілерді кезең-кезеңмен даярлауды және оқу кезеңінде бөлімшелерді үйлестіруді көздейтін жеке құрамның жарты жылдық жауынгерлік оқу жүйесі енгізілді. Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесін, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен жоғары дәлдіктегі қаруды қолдануды ескере отырып, әскерлерде жауынгерлік іс-қимылдардың жаңа тактикалық тәсілдерін игеру қолға алынды.


Әскерлер жоспарлы түрде озық қару-жарақпен және басқару жүйелерімен жабдықталуда. Биыл 170-тен астам әскери техника сатып алынды. 100-ге жуық әскери техника жөндеу мен жаңғыртудан өтті.


Негізгі бағыты қару мен оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылатын әскери инфрақұрылымды дамыту жалғасуда. «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында заманауи әскери қоймалар салу, сондай-ақ қолда бар нысандарды жетілдіру ұйымдастырылды.


Әскердің барлық саласына, оның ішінде әскерлерді басқару жүйесіне цифрлық технологияларды енгізуге ерекше назар аударылды. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың есебі цифрлық форматқа көшірілді. Бұл өз кезегінде жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік берді.


Қорғаныс ведомствосы әскери қызметшілердің қаза болуын барынша азайтуға бағытталған «Өміріңді САҚТА» бағдарламасын әзірлеп, іске асыруда. Оған орталық мемлекеттік органдар мен жұртшылық кеңінен тартылған.


Әскери қызметтің қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған шаралар қабылданды. «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысына жастарды тарту жұмысы жанданды. Қорғаныс министрлігі еліміздің 50-ден астам жетекші жоғары оқу орындарымен меморандумға қол қойды. Осыған сәйкес, мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтар ҰБТ-ны тапсырмай оқуға қабылданады. Ал үздіктерге тегін оқуға гранттар берілетін болады.


Қорғаныс ведомствосының басшылығы әскери қызметшілердің әлеуметтік қамтамасыз етілуін жақсартуды назардан тыс қалдырған емес. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021-2023 жылдары жеке құрамның ақшалай үлесін жоспарлы түрде арттыру жүргізілуде. 2023 жылы лауазымдық жалақының 3 жылдағы жалпы өсуі 2020 жылғы мөлшерінің 60 пайызын құрайды.


Бұдан өзге, Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың Отан алдындағы борышты өтеуде ортақ міндеттерді орындайтын әскери қызметшілер мен күштік құрылымдар қызметкерлерінің ақшалай үлес мөлшерін теңестіру туралы бастамасын қолдады. Медицина қызметкерлерінің, әскери оқу орындары оқытушыларының және жалпы азаматтық персоналдың жалақысын арттыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.


Алқа отырысында әскери тәртіп пен құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәселелері қаралды. Өткен жылмен салыстырғанда, әскери қызметшілердің қаза болу жағдайларының 21 пайызға, әскери қылмыстардың, оның ішінде қол жұмсаудың 26 пайызға, әкімшілік құқық бұзушылықтардың 46 пайызға төмендеуі байқалды. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны екі есеге жуық (44%) қысқарды.


Жыл қорытындысы бойынша барлық құрылымдық бөлімшелерге жалпы қызмет нәтижелеріне сәйкес баға берілді. Атап айтқанда, әскер түрлері арасында Құрлық әскерлері, өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектері бойынша Десанттық-шабуылдау әскерлері, құрамалар мен әскери бөлімдердің ішінде 38-десанттық-шабуылдау құрамасы үздік атанды.


Алқа отырысының қорытындысында алдағы 2023 жылға міндеттер қойылды. Қорғаныс министрі барлық лауазымды тұлғалар қызметінің тиімділігінің басты индикаторы ретінде елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету үшін өткізілетін іс-шаралардың практикалық маңыздылығын айқындады.


Басты назар мақсаты бойынша міндеттерді орындауда жеке құрамның, қару-жарақ пен әскери техниканың материалдық құралдардың дайындығына бағытталатын болады. Жауынгерлік даярлық бағытында күш-жігерді әскери қауіпсіздікке, қазіргі заманғы қатерлер тұрғысынан әскери қызметшілерді оқыту сапасына, оқу-материалдық базаны жетілдіруге жұмылдыру керек.


Күнделікті және оқу-жауынгерлік қызметті ұйымдастыру процесінде тактикалық басқару буыны ретінде командирлерге көбірек дербестік беру, олардың кез келген жағдайда шешім қабылдау қабілетін дамыту қажет екендігі атап өтілді.


Бұдан өзге, шалғайдағы гарнизондарда қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілердің әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту жөніндегі шаралар кешені жоспарланған. Ол үшін мүдделі орталық мемлекеттік органдар мен күштік құрылымдарды тарта отырып, жүйелі жұмыс ұйымдастырылатын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34