Армияны заманауи жарақтандыру мен жауынгерлік әзірлікті қолдаудың аса маңызды фактор
Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов жұмыс сапарымен Алматыға барды. Сапардың негізгі мақсаты – Қарулы күштер мен отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің бірлескен қызметін жандандыру, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Қорғаныс министрінің жөндеу-қалпына келтіру базасында әскери техника, қару-жарақ пен басқа да әскерге қажетті өнімдер шығаратын және қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпорындардың басшыларымен кездесуі өткізілді. Олардың қатарында «Киров атындағы машина жасау зауыты» АҚ, «СКБТ «Гранит» ЖШС, «Гранит-Талес электроникс» ЖШС, «Алатау «АСКБ ҒТО» ЖШС, «Алматыэнергосервис» ЖШС және «Семей Инжиниринг» АҚ бар. Кездесуге сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері де қатысты.
Қорғаныс ведомствосының өкілдеріне қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу бойынша цехтардың өндірістік қуатының мүмкіндіктері көрсетілді, сондай-ақ Қарулы күштердің қазіргі кездегі отандық қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінің күшімен іске асырылуы мүмкін әскери мақсаттағы өнімдер мен қызметтерге деген қажеттіліктері де аталып өтілді. Өз кезегінде кәсіпорын басшылары қазақ әскерінің сұраныстарын ескере отырып, көрсететін қызмет саласына сәйкес белгілі бір жұмыс түрін орындау жөнінде ұсыныстарын да айтты.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қарулы күштердің отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенімен өзара іс-қимылы ел үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. Біріншіден, бұл армияны заманауи жарақтандыру мен жауынгерлік әзірлікті қолдаудың аса маңызды факторы. Екіншіден, бұл отандық өндірісті қолдау және дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, демек, Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосу деді.
Кездесу барысында айқындалған бірлескен іс-әрекетті әрі қарай дамыту мәселесі жақын арада мүдделі министрліктер мен ведомстволардың қатысуымен пысықталатын болады.
Жұмыс сапары барысында Қорғаныс министрі Жетігендегі авиабазаға барып, әскери инфрақұрылымды жетілдіру және нысандарды салу жұмыстарының барысымен танысты. Онда штаттық бөлімшелердің күшімен авиациялық техникаға, ұшқышсыз басқарылатын аппараттарға, тораптар мен агрегаттарға жөндеу және регламенттік қызмет көрсету жүргізілетін цехтар көрсетілді. Министр әскери объектілердің диверсияға қарсы қауіпсіздігіне, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтауды ұйымдастыруға ерекше назар аударды.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов сонымен қатар Әуе қорғанысы күштерінің кіші мамандарын даярлайтын оқу-жаттығу орталығына барып, даярлықтың ұйымдастырылуы мен сарбаздардың тұрмыстық жағдайларын да тексерді. Онда мерзімді қызметтегі жауынгерлер бүгінде экономиканың нақты секторында да сұранысқа ие әскери мамандықтар бойынша алты ай бойы білім алатынын айта кеткен жөн.