Қылмыстың өтеуі – жаза!
Қазақстан халқын тасқын сумен қатар дүрліктірген мәселе әйелдердің құқығы болды. Дүрлігуге себеп жеткілікті және салмақты! Бүгін бүкіл Қазақстанды алаңдатқан мәселенің нүктесі ақыры қойылды. Депутаттар мақұлдаған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға Мемлекет басшысы қол қойды.
Бұдан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын.
«Қазақстанда жылына 400-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады», деген БҰҰ-на сілтеме жасалған мәлімет те еңсесін тіктей алмай, уайым басқан елді алаңдатып қойды, әлеуметтік желіде бұл ақпаратқа шәк келтіріп, сенбей жатқандар да бар. Беті аулақ, 400 болмай-ақ қойсын, тіпті 1 әйел болса да, мұның өзі қорқынышты статистика, әрі-беріден соң қылмыс! Біреудің бетінен қақпай, әлпештеп өсірген қызын тағдырын сеніп тапсырған азаматы өлтіру деген қаншалықты әділетті? Алланың алдында берілген аманатқа қиянат жасамау үшін қандай статистика қажет, бұл үшін қандай заң керек? Бірақ біз қағазға жазылған заңға әрең бағынатын қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, осы құжаттың қабылдауына да Президенттің пәрмені керек болды, негізі бұл ар сотының, Хақтың сотының деңгейінде жазаланатын қылмыс!
Қоғам да кінәлі!
№ 25 троллейбуста бір қыздың әңгімесін естуге мәжбүр болдым. Басына орамал таққан жап-жас студент қыз. Телефонмен сөйлесіп тұр, сымның арғы жағындағы (менің түсінуімше) жігіті сияқты.
- Универге бара жатырмын, мен сізге айттым ғой, өткенде де айттым, өзіңіз мән бермедіңіз. Не болды сізге, үнемі осындайсыз? Ағай бүгінгі жарысқа көмектескендерді жұмадағы сабақтан босатамын деді, аудиторияда ешкім үндемеген соң, өзім келістім, мен жалғыз емеспін, староста қыз да барады. Ол ма? Кәрі ағай ғой, жасы 35-те. Универден шыққан соң сізге барайын ба? Неге олай дейсіз?
Қыздың сөзінен ар жақтан қандай «допрос» болып жатқанын түсіндім, ашуым келіп не істесем екен деп ойланып отырғанымда, әлгі қыз аялдамадан түсіп қалды.
Есіме бірден студент кездегі бір оқиға түсті. Ол қызды қыз-жігіт болып жүрген кезде-ақ «сүйіктісі» сабайтын. Ақыры оңбады, таяққа шыдап келген қыз жүкті күйінде ажырасып тынды, бала жетім өсті.
Осындай қыздар қайдан шығады? Олардың осындай «мойынсұнғыш», көшедегі көрінген жігітке бағынғыш болуына «аузыңды жап», «қыз басыңмен ұялмайсың ба?», «қақаңдап сөйлей берме!» «маған қарсы сөйлейтін сен кім едің?» «мені сен туып па едің?» деп тұқырта беретін шеше, үйіндегі ұрыстың қайтпаған кегін оқушыдан алатын кейбір шайпау апайлар, одан қалса «еркектің алдына шықпа!» деп «тәрбиелейтін» псевдопсихологтар, «барған жеріңді бақытты қылам деп бар» деп ақыл айтқыш үлкендер, аузы-аузына жұқпай сумаңдап, желіні жаулаған «тоқалист», «талақист» уағызшылар, жалпы алғанда тұтас қоғам кінәлі! «Қырық үйден тыйып» тәрбиелеген қызымызды қоғам болып қорғай да білейік!
Өзіңе сен!
Қазір бәріміз марқұм Салтанатты аяп отырмыз. Бұл елге белгілі адамның әйелі болғандықтан бүкіл жұрт құлақтанған жағдай. Қазақстанның қай түкпірінде неше «Салтанаттың» өмірі өксіп, жылап жүргенінен бейхабармыз. Қыздардың абьюзерге төзіп жүре беруінің бір себебі – жасықтық болса, тағы бір үлкен себебі – қаржылай тәуелді болу. Әке-шешесі «өлігің сол үйден шықсын» деп ұзатқан қыз төркініне қайтып бара алмайды, тіпті таяқ жеп жүргенін айтпауы да мүмкін. Ал төркінге айтпай, басқа жерге бас сауғалау үшін ақша керек. Көп қыз дипломын алмастан, тіпті оқымастан тұрмысқа шығып жатады. Оқымағасын, дипломы жоқ болғасын ол жұмысқа да тұра алмайды, сол себепті ақшасы жоқ қыз өзін «асырап» отырған тиран күйеуден кете алмайды, сөйтіп жүргенде балалы болып үлгерсе жағдай тіпті қиындай түседі. «Итті қонақ жараспас», дегендей туған қызын қорғамай отырған төркін жетектеп келген жиеннің басынан сипай қоюы екіталай.
«Қазақ қызын қадірлеген, төрден орын берген» деп сұңқылдағанда алдымызға жан салмаймыз. Сол аяулы қыздың болашақ өмірде қор болмауын ертерек ойлауымыз керек. Ол үшін білім беріп, өнер үйретіп, келешекте ешкімге алақан жаймауына жағдай жасауға тиіспіз.
Қылмыс пен жаза
«Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі» деп басталатын Конституциясы бар мемлекетпіз. Кез келген қылмыстың көлемі мен ауырлығына қарай жазасы белгіленген. Orda.kz Қазақстанда әйелін өлтіргендердің қандай мерзімге сотталғаны туралы мәлімет жинапты.
2022 жылдың қазан айында Талғат Нұртаев өзінің бұрынғы әйелі, заңгер Айман Асанованы өлтірген. Ерлі-зайыптылар екі жыл бұрын ажырасқан, бірақ Алматыдағы пәтер мен басқа да ортақ мүліктерін бөлісе алмай, дауласып жүрген. Нұртаев бұрынғы әйелін үйдің жанында аңдып тұрып, 18 жерінен пышақтап, соның кесірінен Асанова ауруханада қайтыс болды.
Бір жылдан кейін Нұртаевты бұрынғы әйелін өлтіргені үшін кінәлі деп таныған сот оған 1,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, бұл қоғамның ашуын тудырды. Негізінде тергеу изоляторында үш ай отырғандықтан Нұртаев түрмеде бір жыл ғана өткізуі керек болған. Апелляциялық сот бұл үкімнің күшін жойып, Нұртаевтың ісін қайтадан соттың талқылауына жіберді. Соның нәтижесінде Нұртаев 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотталушы мен оның адвокаты Асанованы опасыздық жасады және бұрынғы күйеуінің мүлкін иеленгісі келді деп айыптады. Нұртаев әйелін "психикалық толқу" кезінде өлтіргенін айтып, кінәсін мойындаудан бас тартты.
2022 жылдың маусым айында Шымкенттің тұрғыны мұсылманша неке қию рәсімінен кейін азаматтық некедегі әйелін өлтіріп тастады. Марқұмның анасы «күйеу баласының» туыстары өзіне келіп, қылмыскерді кешіруді сұрағанын айтты. Оның айтуынша, бұл жігіт 2019 жылы басқа бір қызды ұрғаны үшін жазадан құтылып кеткен екен. Қылмыскер кісі өлтіруден екі ай өткен соң ғана қолға түсті. Дәрігерлер әйелдің иегі мен жағынан қатты ұрғандықтан оның бет-әлпеті өзгеріп кеткенін айтты. Әйел алған жарақаттарының кесірінен көз жұмған. Жасырынып қалған қылмыскерге халықаралық іздеу жарияланды.
2023 жылдың мамыр айында сот шымкенттікті денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, соңы өлімге әкеп соқтырған қылмысы үшін кінәлі деп тоғыз жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушы бәрібір кінәсін мойындаған жоқ.
2022 жылдың қыркүйегінде Қызылорданың тұрғыны өзінің туған күнін тойлап жатқан жұбайы Ажар Шадиеваға бірнеше жерден пышақ салған. Куәгерлердің айтуынша, ол әйелін арматурамен ұрған. Шадиева қайтыс болды, ал кісі өлтіруші ұсталды.
Шадиеваның туыстары қылмысқа жол берген 15 полицейді де қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті. Олардың айтуынша, полиция қызметкерлері әйелін ұрып-соққаннан кейін де Шадиевтің қайтадан алып кетуіне рұқсат берген.
2023 жылы наурызда Қызылорда соты Шадиеваның күйеуін 12 жылға бас бостандығынан айырды, бірақ жәбірленуші отбасының адвокаты өмір бойғы жазаны талап еткен еді. Туыстары күйеуінің Шадиеваны үнемі ұрып-соғып жүргенін, бірақ әйелдің балалары үшін кешіріп келгенін айтты. Қылмыс кезіндегі әрекетсіздігі үшін бір полиция қызметкері де жауапқа тартылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Тағы бір қайғылы оқиға 2022 жылдың тамызында Шымкентте болған. Қызғанышқа бой алдырған Ермек Қабылбаев азаматтық некедегі әйелі Раушан Перманованы пышақтап өлтіріп, марқұмның денесін көлікпен алып жүрген. Марқұмның туыстары бұл адамның бірге тұратын әйеліне үнемі қорлық көрсетіп келгенін, бірақ әйелдің кетіп қалуға қорыққанын айтты.
Қабылбаев Перманованың ізіне түсіп, аңдып жүріп оны көлікке күштеп мінгізіп алған. Марқұм әйел бұл туралы үлкен қызына ғана хабарлап үлгерген, одан кейін байланысқа шықпай қалған. Сот Қабылбаевтың азаматтық некедегі әйелін бес жерден пышақтағанын, соның кесірінен көлікте қайтыс болғанын анықтады.
2023 жылдың қаңтарында Қабылбаев 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Перманованың туыстары мұндай шешіммен келіспеді және қайта шағымданатынын айтты. Марқұмның туыстары кісі өлтіруші кем дегенде қатаң режимдегі түрмеде 15 жыл жазасын өтеуі керек еді деп санайды.
2023 жылғы мамырда Қарағанды облысы Ботақара кентінің АХАТ ғимаратында ажырасу процесінен кейін бұрынғы ерлі-зайыптының арасында жанжал туындаған. Күйеуі пышақ алып, әйелінің денесіне сұққылаған, соның кесірінен бұрынғы әйелі ауруханада қайтыс болды.
Сот кісі өлтірушіні 14 жылға соттады. Қорғаушы тарап ер адамның кінәсін мойындағанын, өкініш білдіргенін және қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылғанын себеп етіп, жазаны сегіз жылға дейін қысқартуды сұрады.
Бұл ерлі-зайыптылар 30 жылдан астам бірге өмір сүрген. Күйеуі әйелі мен балаларын үнемі ұрып-соғатын. Ал бұрынғы жұбайын өлтіру себебі, ол ажырасқаннан кейін бұрынғы күйеуімен сөйлесуден бас тартқан.