Алматыда жастарға заң мен жауапкершілік жайы түсіндірілді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті базасында оқытушылар мен студенттерге арналған «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» тақырыптарында кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауатын арттыру, заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру.
Кездесуге Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, медициналық мекемелердің басшылары, сондай-ақ Алматы қаласы Алмалы аудандық прокуратурасының өкілдері қатысты.
Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі, қалалық әкім аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Мамай Ахетов өз сөзінде мемлекеттіліктің басты тірегі – заң мен тәртіп екенін атап өтті.
– Жер шарында 7 мыңнан астам халық өмір сүреді. Соның 200-ге жуығы ғана өз мемлекетін қалыптастырған. Сондықтан Тәуелсіз Қазақстанды сақтау мен дамыту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бізді дараландыратын төл тарихымыз, мемлекеттік жүйеміз, білім беру саламыз бар. Осындай құндылықтарды сақтап қалу үшін заң мен тәртіп қағидатын берік ұстанып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруымыз қажет. Жасанды интеллект пен ғылымды дамыту үшін ең алдымен тұрақты мемлекет пен әділетті қоғам керек, – деді ол. Сонымен қатар спикер мегаполистегі мемлекеттік басқару жүйесінің жұмысына тоқталып, Алматы қаласында 8 аудан әкімдігі мен 25 басқарма қызмет ететінін, бұл құрылымдарда 1285 маман еңбек етіп жатқанын айтты.
«Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Долкунтай Алиев жастар тәрбиесінің маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Болашақ – білімді, елін сүйетін, заңға бағынатын жастардың қолында. Әр азамат бейбітшілік пен тәуелсіздіктің қадірін түсініп, заң алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі керек, – деді ол.
Алматы қаласы Алмалы ауданы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің басшысы Ерсұлтан Ермеков «Заң мен тәртіп» идеологиясын қоғамда ілгерілетудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, құқықтық мәдениетті қалыптастыру – халықпен жүйелі түрде жүргізілетін жұмыстың маңызды бағыты. Спикер қазіргі кезде жастар арасында интернет-алаяқтықтың кең таралып келе жатқанын айтып, бұл бағытта түсіндіру және профилактикалық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар құқықбұзушылықтың алдын алу, нашақорлықпен күрес, буллингтің қоғамға тигізетін зияны туралы айтылып, мұндай әрекеттер үшін заңда арнайы жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді.
Бүгінде мегаполисімізде тұрғындардың құқықтық санасын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілік пен заңға құрметті нығайтуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Айта кетейік, бұл бастама Алматы қаласының Ішкі саясат басқармасы жүзеге асырып отырған 2025–2030 жылдарға арналған қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі іс-қимыл жоспары аясында қолға алынған.
Дана САДЫРҚАН