Бірнеше жыл бұрын қайтыс болған адамның дауысын жасанды интеллект арқылы қайта жасап, онымен сөйлесуге мүмкіндік беретін құрылғы туралы сериал көрген едім. Сол кезде бұл тым қиял сияқты көрінді. «Мұндай нәрсеге әлі ерте шығар» деген ой болды.
Бірақ бүгін бәрі басқаша. Қазір адамдар ChatGPT-ды жай ғана жұмыс үшін емес, сырласатын досы ретінде бағалайды. Бірі ішіндегі уайымын айтады, бірі жалғыздығын бөліседі. Тіпті кей адамдар үшін жасанды интеллект күн сайын сөйлесетін «тұрақты серікке» айналып барады.
OpenAI мәліметінше, бұл бағдарламаны қолданатындар саны екі айда-ақ миллионға жеткен.
Жақында әлеуметтік желіде бір қолданушы жасанды интеллект арқылы «Алиса» станциясын деменцияға шалдыққан әжесіне бейімдеп бергені туралы видео тарады. Бір қарағанда, бұл қамқорлық сияқты көрінеді. Бірақ екінші жағынан, «адамның орнына сөйлейтін технология психикаға қалай әсер етеді?» деген сұрақ туады.
Бұл қаншалық қауіпсіз? Жасанды интеллект адамға шынымен көмектесе ме, әлде оны тәуелді ете ме?
Aqshamnews.kz тілшісі бұл тақырыпта психология және педагогика ғылымдарының PhD маманы Ботагөз Мұхамеджановамен сұхбаттасты.
Адамдар неге ChatGPT-ге сырын айта бастады?
Психологтың айтуынша, адамдар жасанды интеллекті «сөйлесетін дос» ретінде қабылдай бастауы жай емес. Қазір көбінде уайымын еркін айтатын, өзін кінәлі сезінбей сөйлесетін орта аз.
ChatGPT болса, әрдайым дайын.
«Жасанды интеллект адамға қолжетімді әрі қауіпсіз орта сияқты көрінеді. Ол айыптамайды, сөзді бөлмейді, әрдайым жауап беруге дайын. Сондықтан көп адамға ішкі уайымын ЖИ-ге айту жақындарына немесе маманға айтқаннан оңайырақ», – дейді Ботагөз Мұхамеджанова.

Жасанды интеллект арқылы жасалған сурет
Бұл үрдістің артында жалғыздық мәселесі де бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2025 жылғы есебінде әлемде әрбір алтыншы адам өзін жалғыз сезінетіні айтылған. Ұйымның дерегінше, жалғыздық денсаулыққа елеулі әсер етеді және жыл сайын 871 мыңнан аса өлім осыған байланысты болуы мүмкін.
Яғни адамдардың ЖИ-ге жүгінуінің артында тек технологияға қызығушылық емес, қоғамдағы жалғыздық, мазасыздық, мұқтаждық жатыр.
Шетелдік зерттеушілер не дейді?
Бұл тақырып қазір әлемдік ғылыми ортада да жиі талқыланып жүр. OpenAI мен MIT Media Lab зерттеушілері ChatGPT-дің адамға қолдау білдіру қолдау тәжірибесін зерттеген. The Guardian жариялаған зерттеу қорытындысында ChatGPT-ді жиі қолданатын адамдардың арасында жалғыздық сезімі мен ЖИ-ге эмоционал тәуелді болу белгілері жоғары екені айтылған. Зерттеу нақты өмірдегі шамамен 40 миллион диалогты және ChatGPT-ті төрт апта бойы күнделікті қолданған мыңға жуық адамның тәжірибесін қамтыған.
Жасөспірімдерге қатысты дерек те ойландырады. Common Sense Media ұйымының 2025 жылғы зерттеуіне сәйкес, АҚШ-тағы жасөспірімдердің 72 пайызы "ЖИ-достармен" кемі бір рет, ал 52 пайызы олармен тұрақты сөйлеседі. Зерттеуде мұндай чат-боттар балалар үшін жай құрал емес, кейде «цифрлық дос» немесе эмоционал қолдау көзіне айналып бара жатқаны айтылады.
Associated Press те осы зерттеуге сүйене отырып, кей жасөспірімдер ЖИ-ді кеңесші, дос және сырлас ретінде қолданатынын жазды. Материалда сарапшылар мұндай байланыс балалардың әлеуметтік дағдыларына, шешім қабылдауына және шынайы қарым-қатынас құруына әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.
Harvard сарапшыларының пікірінше, чат-бот кей жағдайда алғашқы көмек немесе өзін түсінуге арналған құрал болуы мүмкін. Бірақ ол депрессия, мазасыздық, жан жарасы немесе күрделі психикалық жағдайларда кәдімгі маманның орнын баса алмайды.
ChatGPT психологтың орнын баса алмайды
Ботагөз Мұхамеджанованың айтуынша, жасанды интеллект кей жағдайда пайдалы болуы мүмкін. Мысалы, адам ішіндегісін жазып, ойын реттейді, мазасыз күйін сәл жеңілдетеді. Бірақ бұл толық психологиялық көмек емес.
«Жасанды интеллектімен сөйлесу психологиялық көмекке тең емес. Егер адам ChatGPT-ді ішіндегісін айтуға, ойын жинақтауға немесе эмоционал қысымды азайтуға қолданса, бұл пайдалы құрал болуы мүмкін. Бірақ ол тірі қарым-қатынасты, жақын адамдармен байланысты және кәсіби көмекті алмастыра бастаса, онда қауіп бар», – дейді психолог.
Маман адамның тек сөзін емес, дауыс ырғағын, эмоциясын, үнсіздігін, мінезіндегі өзгерісті де байқайды. Ал жасанды интеллект тек мәтінді талдап, соған лайық жауап құрастырады.
«ЖИ түсінгендей әсер қалдыруы мүмкін, бірақ ол адамша сезіне алмайды. Онда сана да, эмпатия да, кәсіби жауапкершілік те жоқ», – дейді Ботагөз Мұхамеджанова.
Жұбататын жауап әрдайым дұрыс болады деген сөз емес
ChatGPT көбіне жұмсақ, сабырлы, қолдау білдіретін жауап береді. Дәл осы қасиеті адамға ұнайды. Бірақ психологтың айтуынша, мұның да қауіпті тұсы бар.
Кейде адам қызғаныш, күдік, өкпе, тәуелділік немесе мазасыз ойдың ішінде жүруі мүмкін. Ал жасанды интеллект оның сезімін тым көп қолдап, қате ойын бекітіп жіберуі ықтимал.
Мысалы, адам біреуге қатты ренжіп отырса, ЖИ оны толық «ақтап» жіберетіндей жауап беруі мүмкін. Ал маман болса, керісінше, адамның өз әрекетіне де, эмоциясына да сырт көзбен қарауына көмектеседі.
«Кейде адамға жайлы жауап емес, шынайы көмек керек. Егер адам тек өзіне ыңғайлы жауап іздеп, тірі адамдармен сөйлесуден қаша бастаса, бұл жалғыздықты да, әлеуметтік оқшаулануды да күшейтуі мүмкін», – дейді маман.
Қайтыс болған адамның дауысын қайта жасау жұбаныш па, қауіп пе?
Кейінгі жылдары қайтыс болған адамның дауысын, сөйлеу мәнерін немесе бейнесін жасанды интеллект арқылы қайта жасау мүмкіндігі пайда болды. Бір қарағанда, бұл жақынын жоғалтқан адамға жұбаныш сияқты көрінеді. Айтылмай қалған сөзін айтып, қоштасқандай әсер алуы мүмкін.

Жасанды интеллект арқылы жасалған сурет
Бірақ психолог мұндай технологияға өте сақ қарау керегін айтады.
«Адам қайғысын ішке бүкпей, табиғи қалпымен өткеруі керек. Жанның жарасы жазылуы үшін адам жоғалтуды біртіндеп мойындап, қабылдауы қажет. Ал өмірден өткен адаммен байланыс әлі үзілмегендей әсер қалдыру қайғыны өткеруді ауырлатып жіберуі мүмкін», – дейді Ботагөз Мұхамеджанова.
Яғни цифрлық дауыс естелік болып қана қалса, оның орны бөлек. Бірақ адам оны өмірден өткен жақыны әлі қасында жүргендей қабылдап, сол образға байланып қалса, бұл жан дүниесіне ауыр салмақ салуы мүмкін.
Сондықтан мұндай технологияны әсіресе балаларға, жалғыз қалған қарттарға, күйзеліске бейім адамдарға және ауыр қайғыдан әлі арыла алмай жүрген жандарға қолданғанда аса абай болған дұрыс.
Деменцияға шалдыққан қарттарға ЖИ қалай әсер етеді?
Ақылды колонка, дауыс көмекшісі, еске салғыш жүйелер қарт адамдарға белгілі бір деңгейде көмек бола алады. Мысалы, дәрі ішетін уақытын айтып, күн тәртібін еске салып, жалғыздық сезімін аз да болса жеңілдетуі мүмкін.
Алайда деменцияға шалдыққан адам үшін шынайы өмір мен елестің арасы кейде көмескіленіп кетеді. Мұндай жағдайда жасанды интеллект жақын адамның немесе өмірден өткен туысының дауысын айнытпай салса, ол қарт адамды жұбатудың орнына, керісінше абдыратып, үрейін күшейтуі мүмкін.
«Деменция кезінде жасанды интеллект белгілі бір тұрғыда көмекші бола алады. Бірақ ол отбасының мейірімін, күтімін, тірі адамның жылуын алмастырмауы керек. Әсіресе жақын адамның дауысын салғанда кей жағдайда қарт кісінің ойын шатастырып, үрейін күшейтіп, кеңістік пен уақытты бағдарлауын қиындатуы мүмкін», – дейді психолог.
Балалар мен жасөспірімдер үшін де шекара қажет
Жасөспірімдер кейде ChatGPT-пен сөйлескенде өзін еркін сезінуі мүмкін. Өйткені ол ұрыспайды, бағаламайды, «неге олай істедің?» деп қысым жасамайды.
Алайда бала ішіндегі уайымын тек жасанды интеллектке айтып, ата-анасымен, достарымен немесе маманмен сөйлесуден қашқақтаса, бұл - бірнәрсе дұрыс емес деген белгі.
«Жасөспірім өз уайымын тек ChatGPT-мен бөліссе, бұл оның жақындарымен ашық сөйлесуге қиналатынын, отбасында сенім мен эмоционал қолдаудың аз екенін көрсетуі мүмкін»», – дейді Ботагөз Мұхамеджанова.
Психологтың сөзінше, мәселе үнемі ЖИ-де емес. Кейде баланың ChatGPT-ке жүгінуі оның үй ішінде еркін сөйлесетін, сырын бүкпей айта алатын ортаға мұқтаж екенін аңғартады.
ЖИ қашан пайдалы, қашан қауіпті?
Жасанды интеллект толық зиян деуге келмейді. Ол кей жағдайда пайдалы құрал бола алады. Мысалы, адам өз ойын реттегісі келсе, сезімін түсінуге тырысса, психологқа бармас бұрын не айтатынын ойланса, ChatGPT көмектесуі мүмкін.
Бірақ ауыр күйзеліс, суицид туралы ой, паникаға берілу, зорлық-зомбылық, психикалық бұзылыс, рас-өтірікті ажырата алмау сияқты жағдайларда жасанды интеллект емес, маман қажет.
«ЖИ уақытша тірек болуы мүмкін. Кейде өте пайдалы тірек болады. Бірақ адамға бәрібір адам керек: байланыс, эмпатия, жауапкершілік және шынайы қарым-қатынас», – дейді маман.
Қорытынды: ЖИ – құрал, адам емес
Жасанды интеллект біздің өмірімізге дендеп енді. Енді ол тек мәтін жазатын немесе ақпарат іздейтін құрал емес. Кей адам үшін ол сырлас, дос, жақынына айналып барады.
Бірақ ең басты шекараны ұмытпау керек: ChatGPT тыңдай алады, бірақ сезіне алмайды. Жауап бере алады, бірақ жауапкершілік алмайды. Түсінгендей әсер қалдырады, бірақ адам секілді түсінбейді.
«Жасанды интеллект тыңдай алады, бірақ сезіне алмайды. Ол қолдау көрсеткендей әсер береді, бірақ тірі адамның эмпатиясын, жауапкершілігін және эмоционалдық байланысын алмастыра алмайды», – дейді Ботагөз Мұхамеджанова.
ChatGPT кей тұста көмекші бола алады. Бірақ оны жанашыр досыңның, жақыныңның, маманның немесе басқа адамның орнына қою дұрыс емес. Адам жұртпен тілдесуден қашып, ішіндегі бар мұңын тек жасанды интеллектіге шағатын болса, бұл - тоқтап, өз-өзіңе «бәрінен алыстап бара жатқан жоқпын ба?» деп сұрақ қоятын кез.