Форум
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Freedom Broker
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мұны білген жөн / Қазына іздеген қазақтар

Қазына іздеген қазақтар

Мұны білген жөн Бүгін 15:50 22
Қазына іздеген қазақтар
интернет

Елімізде жыл сайын сәуірдің алғашқы жексенбісінде геологтар күні атап өтіледі. Биыл мереке 5 сәуірге тура келеді.

Қазақ жері тарихи және табиғи мұраға ие. Еліміздің бай минералды және геологиялық қазба байлықтарын зерттеуде, ашуда және игеруде қазақ ғалымдарының жасаған еңбегі орасан зор. Олардың есімі ұлттық геология ғылымының дамуына негіз қалаған ұлы тұлғалар ретінде ұлықталады.

Қазақстанның ең үлкен жетістіктерінің бірі 1956 жылы әлемдік деңгейдегі геологиялық мектептің құрылуы. Геолог-инженерлер еңбегінің нәтижесінде  бүгінде жұмыс істеп тұрған барлық кен орны ашылып, олар ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Еліміздегі кейбір қала да геологтардың жұмысының нәтижесінде пайда болды. Бұл – Қарағанды, Жезқазған, Сәтпаев, Степногорск, Рудный, Зырян, Риддер, Хромтау, Жаңаөзен сияқты қалалар.

Қазақ елінен шыққан геологтар

Қаныш Сәтпаев

Қазақтың ең ұлы геологтарының бірі – Қаныш Имантайұлы Сәтпаев. Ол – Қазақстанның минералды және геологиялық ресурстарын зерттеуші ғалым, академик, тұңғыш Қазақстан Ғылым академиясының президенті. Қаныш Сәтпаевтың ең үлкен жетістігі – Қазақстандағы минералды ресурстарды зерттеп, олардың қоры туралы ғылыми тұжырымдамалар жасауы. Оның жетекшілігімен Қазақ КСР-нің геологиялық қызметі дамып, еліміздегі минералдық ресурстарды игеруге бағытталған көптеген зерттеу жұмысы жүргізілді. Ол ұсынған Қазақстанның металлургиялық минералдық ресурстарын зерттеу жобалары бүгінде әлемге әйгілі.

Сәтпаев еңбегінің нәтижесінде Қазақстанда жаңа тау-кен кәсіпорындары ашылып, еліміздегі бай табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жолдары анықталды. Геология ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін ол көптеген ғылыми атақ пен марапаттарға ие болды.

Қаныш Сәтпаевтың мектебі, әсіресе, Қазақстандағы геология ғылымының дамуына елеулі әсерін тигізді. Сәтпаевтың ізбасарлары, оның ішінде атақты геологтар мен ғылым қайраткерлері, Сәтпаевтың жасаған ғылыми негіздерін әрі қарай дамытып, Қазақстанның минералды қорларын зерттеуге бағытталған көптеген жаңа әдіс пен тәсілдерді енгізді.

Қаныш Сәтбаев минералды ресурстарға бай Сарыарқа, Қарағанды, Қаратау және Алтай өңірлерінің кен орындарына ерекше назар аударып, олардың стратиграфиясы, тектоникасы, құрылымы, металлогениясы, геохимиясы мен пайда болу тегі жөнінде терең зерттеулер жүргізді. Бұл зерттеулер арқылы ол ғылымға металлогендік талдаудың кешенді әдісін енгізіп, Қазақстанның геология ғылымында жаңа дәуірдің басталуына жол ашты.

Академик Қаныш Сәтбаевтың жетекшілігімен бірнеше жыл бойы жүргізілген тынымсыз зерттеулер нәтижесінде Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жасалып, оларды пайдалану арқылы аймақта жаңа қара, түсті және сирек металл кен орындары ашылды. Ал бірқатар кен орындарына жаңа өндірістік бағалар тағайындалды. Қаныш Сәтбаевтың осы жұмыстарынан Қарағанды металлургия зауытының салынуы, Қостанай мен Алтайдағы темір және марганец кендерінің игерілуі, Қаратаудағы фосфорит кендері мен Ертіс-Қарағанды каналының қазылуы бастау алды. Сонымен қатар, ғылыми зерттеу институттары ашылды.

Халел Өзбекғалиев

Халел Жағыпарұлы Өзбекғалиев – атақты тау-кен инженері. Ол 1972 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы атағына ие болған. Өзбекғалиев Өзен, Жетібай, Теңге, Қаражамбас, Солтүстік Бозашы және Қаламқас кен орындарының алғашқы ашушыларының бірі болып табылады және Маңғышлақ өңірін игеру жұмыстарының ұйымдастырушыларының қатарында болған.

Халел Өзбекғалиев Мәскеу мұнай институтын 1952 жылы тәмамдап, алғашқы еңбек жолын 1952–1956 жылдары Даңғар мұнай барлау бөлімшесінде бұрғышы, кейін аға инженер ретінде бастаған. 1956–1959 жылдары Мақат бұрғылау мекемесінің бас инженері, ал 1959–1978 жылдары “Маңғыстаумұнайгазбарлау” тресінің басшысы қызметін атқарған. 1978–1991 жылдары Қазақ КСР Геология министрінің орынбасары болды.

Өзбекғалиевтің Оңтүстік Маңғыстау мұнай және газ кен орындарын ашуға қосқан үлесі, сондай-ақ Өзен және Жетібай кен орындарын барлаудағы еңбегі үшін Лениндік сыйлықпен марапатталған. Ол Ленин ордені, Еңбек Қызыл Ту ордені және Қаз КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасын да иеленген еді. 1988 жылы оған «Құрметті жер қойнауын барлаушы» атағы берілді.

Айтмұхамед Абдулин

Айтмұхамед Абдуллаұлы Абдулин — геолог-іздеуші, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының вице-президенті.

Ол 1924 жылдың 29 қарашасында Ұлытау ауылы, Петропавл уезі, Ақмола губерниясында дүниеге келді.

Айтмұхамед Абдулин - Ұлы Отан соғысының және Кеңес-Жапон соғысының қатысушысы. Запастағы подполковник. Найман руының Бағаналы тармағынан шыққан.

Қазақ мемлекеттік университетінің геология факультетін 1953 жылы тәмамдады.

Докторлық диссертациясының тақырыбы - «Мұғоджар жотасы және Орал, Тянь-Шань мен Орталық Қазақстанның тектоникалық құрылымдары арасындағы байланыс».

300-ден астам ғылыми жұмыстың, оның ішінде 10 монографияның авторы.

Ағартушылық және гуманитарлық қызметі үшін Абдулин С.Н.Вавилов атындағы медальмен марапатталды. Қазақстан ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы мен төсбелгісін иеленді. Айтмұхамед Абдулиннің есімі Алматы қаласының Алтын кітабына енгізілген.

Қайдар Әбдірахманов

Қайдар Айтжанұлы Әбдірахманов — совет ғалымы әрі қазақстандық геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Қайдар Әбдірахманов 1936 жылы 10 мамырда Ақмола облысы Атбасар ауданында дүниеге келген. 1958 жылы МГУ-ды бітіріп, 1958 жылдан 1995 жылға дейін Қазақ КСР Геология ғылымдары институтында (қазіргі Қ.И. Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институты) жұмыс істеген. 1996 жылдан 2001 жылға дейін «Қазнедра» НПО-ның департаменті директоры болды. 2001 жылдан бастап Қ.И. Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтының петрметаллогенез зертханасының меңгерушісі қызметін атқарды.

Әр түрлі геодинамикалық деңгейлердегі кендердің магматикалық формацияларының карталарын және мамандандырылған петрометаллогендік карталарды жасаушы.

Қайыржан Әділов

Қайыржан Нәукебайұлы Әділов 1936 жылы 24 мамырда Қарағанды облысы Бухар-Жырау ауданы Пушкино ауылында (қазіргі Ақбел) дүниеге келген. Ол — совет және қазақстандық тау-кен ғалымы, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі.

1958 жылы Қарағанды политехникалық институтын бітірген. 2004 жылдан бастап ҚазҰТУ ПРПИ кафедрасының профессоры болып қызмет атқарған. 10 монографияның авторы. Ғылыми еңбектері негізінен көмір кен орындарын игеру технологиясын жетілдіру мәселелеріне арналды.

Құрбан Аманиязов

Құрбан Непесұлы Аманиязов (1932 жыл, Форт-Шевченко – 2015 жыл, Алматы) — кеңес, түрікмен және қазақ геолог-ғалымы, 400-ден астам ғылыми еңбектің авторы, геология-минералогия саласында ғылым докторы, профессор, Түрікменстан Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі.

Тұран ойпатының мұнай, газ, көмір, күкірт, тұз және басқа да кен орындары, Копетдаг, Балқан, Гиссар таулары, Үстірт және Каспий теңізінің геологиясы туралы 300-ге жуық ғылыми еңбектің, 20 монографияның авторы. Олардың арасында «Биостратиграфия және Түрікменстанның жоғарғы юра қабаттарының зоогеографиясы», «Түрікменстанның оңтүстік-батыс өңірінің мұнай-газ кен орындарының геологиясы», «Палеография және Орта Азияның батыс аймағының жоғарғы юра қабаттарының қазбалы байлықтары», «Түрікменстанның солтүстік-батыс, Маңғыстаудың оңтүстік аймағы мен Үстірттің мезозой қабаттарының геологиялық құрылысы» сияқты монографиялар бар.

Сонымен қатар, Абайдың қара сөздерін және қазақ ертегілерін түрікмен тіліне аударды. Ол «Жоғары оқу орындарының үздігі», Түрікменстан Жоғарғы Кеңесінің грамотасы, КСРО-ның Бүкілодақтық халық шығарма көрмесінің алтын медалі және Халықаралық геологтар 27-конгресінің алтын медалімен марапатталған болатын.

Уфа Ахмедсафин

Уфа Меңдібайұлы Ахмедсафин (15 шілде 1912 жыл, Петропавл уезі, Ақмола облысы, 2-ауыл – 21 қазан 1984 жыл, Алматы) — белгілі қазақ кеңес гидрогеологы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, ҚазКСР Ғылым Академиясының академигі, ҚазКСР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі. Ол сондай-ақ Қазақстанның ғылымға еңбек сіңірген қайраткері және Социалистік Еңбек Ері атақтарына ие болды.

Орта Азия индустрия институтын тәмамдаған. КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалында, кейін Қазақстан Ғылым Академиясының Геология ғылымдары институтында бөлім меңгерушісі қызметін атқарды.  1948–1951 жылдары Қазақ тау-кен институтының (қазіргі Ұлттық техникалық университет) кафедра меңгерушісі болды.

Ахмедсафин жерасты су көздерінің пайда болу, қалыптасу және таралу заңдылықтарын ашты. Сондай-ақ жерасты суларын картаға түсіру және гидрогеологиялық карталарды жасаудың жаңа тәсілдерін ұсынды, гидрогеологиялық болжамдауды негіздеді.

Ғалым 200-ден астам ғылыми еңбек жазды. Олардың 150-і жарияланды, 30-дан астам ғылым кандидатын даярлады. Ахмедсафин Қазақстанның гидрогеология мектебінің негізін қалады. Оның зерттеулері Қазақстан мен Орта Азияның шөлді аудандарындағы жер асты су көздерінің қалыптасу заңдылықтарын анықтауда маңызды ғылыми тұжырым болып табылады.

Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ленин орденімен және басқа да ордендер мен медальдармен марапатталды.

Шахмардан Есенов

Шахмардан Есенұлы Есенов — қазақтың танымал геолог ғалымы әрі мемлекет қайраткері. Ол 1961–1965 және 1974–1978 жылдары Қазақ ССР Геология министрі болып қызмет атқарды. Сондай-ақ Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің төрағасы мен ҚазССР Ғылым академиясының президенті (1967–1974) болды. Геология-минералогия ғылымдарының докторы (1970), профессор және ҚР ҰҒА академигі.

1956–1960 жылдары Шахмардан Есенов Жезқазған геология-барлау экспедициясында түрлі лауазымдарда қызмет етіп, Жезқазған кен орнының шикізат бөлімін ашу және бағалау жұмыстарына жетекшілік етті. Сонымен қатар ол Жезқазғандағы боксит, асбест сияқты пайдалы қазбаларды іздеп, зерттеп, жаңа әдістерді енгізу жұмыстарына басшылық жасады.

Министрлік қызметінде Шахмардан Есеновтің жетекшілігімен Маңғыстау мұнай кен орындары ашылып, Өзен, Қаражамбас, Жетібай, Қаламқас және Бозащы сияқты ірі кен орындары анықталды. Осы жаңалықтары үшін ол 1966 жылы Ленин сыйлығын алды.

1995 жылы оның есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында Ақтау политехникалық институтына академик Шахмардан Есенұлы Есеновтың аты берілді. 1996 жылы Ақтау мемлекеттік университеті құрылды, оның аты Шахмардан Есеновтің құрметіне өзгертілді.

Патшайым Тәжібаева

Патшайым Тәжібаева – Орталық Азияда геология ғылымдарының докторы атағын алғаш алған әйел ғалым. Ол – Қазақстан тарихында маңызды із қалдырған тұлға. Өз табиғи дарыны мен қажырлы еңбегі арқасында еліміздің ғылым саласына, әсіресе литология ғылымына үлкен үлес қосты. Патшайым Тәжібаева 1920 жылы қазіргі Төлеби ауданының Қарақия ауылында дүниеге келген.

Патшайым Тәжібаева – ғылымға сіңірген еңбегі зор ғалым. Ол 180-нен астам ғылыми еңбек жазып, рентген лабораториясын ашқан. Ғалымның еңбектері тек Қазақстанда ғана емес, АҚШ, Жапония, Канада сияқты елдерде де жоғары бағаланып, ғылыми баяндамалар жасаған. Оның еңбектері әлі күнге дейін өз маңызын жоғалтпайды. «Асыл тастар асқар тауда туады», «Ғылымда дара, өмірде дана», «Патшайым десе – Патшайым» атты кітаптарда оның өмірі мен ғылыми жетістіктері жайлы кеңінен жазылған.

Маухида Абдулкабирова

Маухида Атнағұлқызы Абдулкабирова – белгілі ғалым, геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы (1973), Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1990). 1941-1983 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясының Геология ғылымдары институтында сектор меңгерушісі болып қызмет атқарды. Геология, металлогения және стратиграфия саласында көптеген зерттеулердің авторы.

1993 жылдан бастап Қазақстан Ғылым Академиясының жетекші ғылыми қызметкері, Геология ғылымдары институтында кіші және аға ғалым, арнаулы металдар секторының меңгерушісі және ғылыми кеңесші болды. Оның ғылыми-зерттеу жұмыстары геология мен металлогения мәселелеріне арналды. Абдулкабирова Солтүстік Қазақстандағы жер қыртысының дамуындағы жаңа формаларды анықтап, оның кен түзілуі мен таралуындағы рөлін зерттеді, кен орындарының орналасу заңдылықтарын дәлелдеді. Бұл аймақтың болжамдық геологиялық карталарын құрастырып, кен іздеу бағыттарын көрсетті. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстанда алмас іздеудің теориялық негіздерін әзірлеп, оның болжамы бойынша Құмдыкөл алмас кен орны ашылып, барланды. Ғалым әріптестері қарапайым мінезімен белгілі болды.

Таисия Сәтпаева

Таисия Алексеевна Сәтпаева (Кошкина) – инженер-геолог, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың жары, сенімді досы және серіктесі. 1900 жылы 22 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Зыряновск ауылында, қызметкер отбасында дүниеге келген. Семей қаласында орта білім алып, Томск технологиялық институтының геология факультетіне оқуға түскен, оны 1925 жылы бітіріп, алғашқы әйелдердің бірі болып тау-кен инженер-геолог мамандығын алды. 1920 жылдары провинциялық қалада өсіп-өнген қыздың осындай мамандықты таңдауы таңқаларлық еді... Студенттік жылдарында ол Қаныш Сәтпаевпен танысқан.

Қаныш Сәтпаев қайтыс болғаннан кейін, Таисия Алексеевна оның ғылыми мұрасын сақтауға бағытталған жұмыстарды бастады. Ол оның жеке архивін өңдеуді басқарды, сондай-ақ оның таңдаулы еңбектерінің бес томдығын құрастырушы болды.

Мейіз Сәтпаева

Мейіз Қанышқызы Сәтпаева (1930–2007) – геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ тау-кен металлургия институтының түлегі. Мейіз Қанышқызы үшін мамандық таңдау мәселесі тұрған жоқ. Балалық шағын Қарсақпайда өткізіп, геология әлемімен танысқан ол геология ғылымында ата-анасының жолын жалғастырды.

Қазақ елінен шыққан атақты геологтар еліміздің табиғи байлықтарын зерттеу мен оларды игеруде орасан зор еңбек етті. Олардың жұмыстары мен зерттеулері Қазақстанның геология ғылымының дамуына үлкен әсер етті. Геологтардың еңбектері Қазақстанның табиғи ресурстарын тиімді пайдалану мен жаңа кен орындарын ашуға мүмкіндік берді. Олардың іздері қазіргі Қазақстан геологиясы мен тау-кен саласының негізін қалаушылар ретінде тарихта қалды.

Телеграм арнаға жазылыңыз
#Геологтар
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Алматыда самокат жүргізушілеріне бақылау күшейтілді

Бүгін 17:01

12 жасқа дейінгі балаларға паспорт 5 жылға беріледі

Бүгін 16:09

Доллар арзандап кетті

Бүгін 16:03

Тоқаев Саясат Нұрбекті қабылдады

Бүгін 15:17

Алматыда ЮНИСЕФ-тің патронаждық қызметті дамыту жөніндегі кеңесі өтіп жатыр

Бүгін 14:53
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
  • alatauaqparat@gmail.com
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика